Шаруаларды тың жобамен қызықтыруда

Шаруаларды тың жобамен қызықтыруда
ашық дереккөз
Шаруаларды тың жобамен қызықтыруда
Облыста қант қызылшасын жинау науқаны басталып кетті. Бұл жиын-терінге меркілік «Сыпатай батыр» ЖШС белсенді араласуда. Серіктестік директоры Қанат Шайхиевтің айтуынша, балтамырдың биылғы шығымы жақсы. Қожалық осы жылдың өнімі үшін 130 гектар алқапқа тәтті түбір орналастырған. Қазіргі таңда алқаптың 50-60 гектары жиналған. Өнім гектарына шамамен 700 центнерден айналуда. Ал қант зауытына серіктестік 3,5 мың тонна өнім өткерген.

 width=

– Бұған дейін қант қызылшасын 70-80 гектар алқаптан асырмай келсек, биыл оның көлемін 130 гектарға дейін жеткіздік. Бұл көрсеткішке алқаптарды жаңбырлатып суару қондырғысымен ылғалдандырудың арқасында қол жеткіздік. Алдағы жылы алқап көлемін 250 гектар алқапқа ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар, – дейді серіктестік директоры. Алқапта екі комбайн тынымсыз жұмыс істеуде. «КамАЗ» жүк көліктерінде де дамыл жоқ. Өз қорабы да, тіркемесі де комбайн бір айналғанда-ақ балтамырға сықа толып қалуда. Ыңырана орнынан қозғалған жүк көліктері жолдың шаңын аспанға бұрқыратып қант зауытын бетке алуда. Бізді таң-тамаша қалдырғаны – мұндағы қант қызылшасының мөлшері. Үлкен бір түп балтамыр 10-11 килограмм тартса, ең кішкентай дегенінің өзі бір килограмнан асады. Тұқымды қожалық Франция мемлекетінен тапсырыспен алдырған екен. Мұнда балтамырдың «Эйдер» сұрпы орналастырылған. – Көп өнім жинау үшін су қажет. Меркі ауданы Қырғыз Республикасының суына тәуелді. Су мәселесі шешілсе балтамырды 1000 гектарға дейін орналастыруға мүмкіндік бар. Сондықтан кеңес кезеңінен қалған су ұңғымаларын кәдемізге жаратып, тиімді пайдаланудамыз. Екіншіден, жақсы өнім алу тұқымға да байланысты. Сол үшін де шет мемлекетпен байланыс орнатып жұмыс істеудеміз, – дейді серіктестік директоры. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың айтуынша, биыл облыста 5,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы отырғызылған. Оның ішінде Байзақ ауданында – 1000, Жамбылда – 730, Меркіде – 1780, Т.Рысқұловта – 145 және Шу ауданында 1820 гектар алқапқа тәтті түбір орналастырылған. Аталған аудандарда 70-тен астам шаруа қожалығы қант қызылшасын баптаумен айналысуда. «Қазіргі таңда Байзақ, Жамбыл, Меркі мен Шу аудандарындағы 16 шаруа қожалық балтамырды жинау үстінде. Биыл тәтті түбір алқабынан 214,4 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі 550 центнерді құрайды деген жоспар бар. Жиналған өнімнің басым бөлігін қант зауыттарына өткізу көзделген. Бүгінгі таңда 160 гектар алқаптан 12946 мың тонна өнім жиналса, оның 11076 тоннасы қант зауыттарына өткізілді, – дейді Шәкір Момынқұлов. Ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы мәліметіне жүгінер болсақ, облыста әр гектардан алынған орташа өнім 630 центнерді құраған. Соның ішінде Меркіде – 800, Жамбылда – 455, Байзақта – 410, Шу ауданында 350 центнерден айналуда. Жалпы жиын-терінге 29 комбайн қатысуда. Алдағы жылы облыста қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Тәтті түбір өсіруге ниетті шаруа қожалықтарын қант зауыттары тұқыммен қамтуды ұйымдастырмақ ниетте. «Меркі қант зауыты» ЖШС қазіргі таңда шаруа қожалықтарынан балтамыр қабылдау үстінде. Бұл жұмыс өткен айдың 26-шы жұлдызынан басталып кеткен. Кешеге дейін зауытқа 13,5 мың тонна балтамыр өткізілген. Зауыт алаңында тәтті түбір тау-тау болып үйіліп жатыр. Зауыт жұмысшылары балтамырдан тұрғызылған үшінші тауды жинақтау үстінде. Зауыт директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 16 шаруа қожалық өнімін жеткізуде. Күніне 2,5 мың тонна өнім қабылданып, шикізат қоры жинақталуда. – Бізге өнімін жеткізіп жатқан шаруа қожалықтардың 11-і меркілік болса, қалған 5-еуі өнімін Тараздан тасымалдауда. Зауыт тарапынан балтамырдың бір килограмына 15 теңге төленсе, мемлекет тарапынан оның әрбір килограмына 15 теңге субсидия берілуде. Сөйтіп шаруашылықтар әрбір өткізген тәтті түбірдің бір килограмына 30 теңге төлемақы алады. Бұдан бөлек, өзге аудандардан тасымалданатын балтамырдың әрбір килограмына зауыт көлік логистикасы үшін 4 теңге қосып отыр. Осылайша облыстың өзге аудандарындағы қант қызылшасын өсірушілерді қызықтырудамыз. Былтыр шаруашылықтарға келісімшарт негізінде қаржысын 90 күнде төлеп берген болсақ, биыл оны 30 күнге қысқарттық. 60 күн ішінде қожалықтарға өткізген өнімінің қаржысын есептеп беретін боламыз. Тәтті түбірді өңдеуді алдағы аптада бастағалы отырмыз. Қазіргі таңда зауытта 340 адам жұмыс істеуде, – дейді зауыт директоры. Зауыт биыл қант тапшылығын болдырмау мақсатында үздіксіз жұмыс істеп келген. Қант қызылшасынан кейін зауыт 40900 мың тонна қамыс қантын өңдеп, одан 39 мың тонна қант өндірген. Ал балтамыр өңдеу үшін зауыт қайта іске қосылған сәтте жұмысшы саны 550 адамға жеткізілмек. Мұндағы қызметкерлердің орташа табысы 130 мың теңгені құрайды.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар