Тазалыққа үндеген челлендж

Тазалыққа үндеген челлендж
ашық дереккөз
Тазалыққа үндеген челлендж
Бірер апта бұрын «Тазалық табалдырықтан басталады» деген ұранмен Шымкент қаласының студенттері «EcoStudentKZ» челленджін бастап берген еді. Міне, көп ұзамай-ақ осы челленджді өзге өңірдің студенттері де қабылдап, оқу корпусының төңірегі мен қала көшелерін тазалауға кірісіп кетті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің белсенді жастары да эко-челленджді Екібастұз қаласының жастарынан қабылдап, оқу корпустарының төңірегі мен Төле би және Ф.Достоевский көшелерінің арықтары мен аулаларды күл-қоқыстан тазартты. Орайы келгенде университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері замандас достарымен табиғат, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуал төңірегінде пікірлесіп, насихат жұмыстарын жүргізді. Белсенді жастардың айтуынша, EcoStudentKZ челленджі – студенттердің ерікті түрде өздерінің ықтиярлығымен қолға алынған жоба. Сондықтан мұны қандай да бір бағдарлама немесе жоспардағы іс-шара қатарына қосуға болмайды. Десе де тазалық жұмыстарына жұмылып, бір кісідей атсалысқан тараздық студенттер қар түскенше сенбілікке шығып, аумақтарды тазалауға ниетті екенін жасырмады. Расында, еліміздің әр аймағында бас қосып, ортақ іске жұмылған талапты жастардың өз замандастарын өлкенің табиғатына, өзі тұратын аймақтың тазалығына жанашыр болуға шақырғаны құптарлық бастама. Қалыптасқан үрдіс бойынша Тараз өңірлік университетінің студенттері эстафетаны Петропавл мен Өскемен қалаларының жастарына жолдады.  

Сәндібек ПІРЕНОВ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар