«Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» I Халықаралық фестивалі жалғасуда
«Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған I Халықаралық театрлар фестивалі шарықтау шегіне таяп келеді. Алғашқы күні Қырғызстанның мемлекеттік «Учур» жастар театрының «Меккеге барар ұзақ жол» қойылымымен ашылған шара Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының «Эзоп» драмасымен жалғасты. Бірінші күнінен-ақ көрермендер мен қазылардың қызығушылығын арттыра түскен С. Раев пен Г. Фригейредоның шығармалары бойынша сахналанған қойылымдардан соң фестивальға театрлардың қарқынды дайындықпен келгенін аңдап, демімізді ішке тартып қалғанбыз.
Өткен жылға қарағанда шараның өту барысында біршама өзгерістер орын алған. Ауқымы халықаралық болып ұлғайтылғанын айтпағанның өзінде келген қонақтарды күтіп алу, оларға жасалар ілтипаттар секілді ұйымдастыру жұмыстарында да ерекшеліктер жетерлік. Келген қонақтар тек қана қойылымдар көрумен ғана шектеліп қалмай, тарихы терең шаһарымыздың рухани байлықтарымен де таныс-біліс болды. Оған келушілердің «Музей түні» аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіне жасаған саяхаттарын жатқыза аламыз. Театр мерекесінің келер күні Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Барзу Абдураззаковтың шеберлік дәрісімен басталды. Одан кейін фестивальға қатысушы театрлардың кезекті қойылымдары жалғасын таба түсті. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры Олжас Жанайдаровтың «Бір, екі, үш» заманауи ерекше қойылымымен көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Сценарийге арқау болған шетелдегі қазақ жастарының қазіргі жай-күйімен қойылымның «бір, екі, үш» деп аталуы арқылы таныса түстік. Бұл тақырыппен шетелдегі қазақ жастарының ана тілінде сөйлеуге арланатынын, қазақша үшке дейін ғана санай алатындығын көрсеткісі келгендей... Режиссер бұл туындыны сахналауға жас актерлерді тартқан. Ол өскелең ұрпаққа осы кейіпкерлер арқылы ой салмақ болыпты. Мәскеуде тұратын қандасымыз Олжас Жанайдаровтың бұл еңбегі 2001 жылы Ресейде ең үздік туынды болып танылыпты. Қойылымда актерлер өз мүмкіндіктерін толық көрсете білді. Қажет кезінде эмоция да, стандартты орындаулар да өз қалыбымен өрбіді. Қоюшы режиссердің шешімі арқылы қатыгездік бейнеленгенімен, бауырмалдықты суреттегені де көңілге қонды. Декорация да, суретшінің жұмысы да нанымды шыққан. Бір сөзбен айтқанда, бәрі көңілге қонды. Бұдан соң Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры ұсынған «Махаббат аралы» спектаклін тамашаладық. Әділбек Тауасаровтың драмалық шығармасының желісінде қойылған спектакльді жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналады. Атына қарап алғашында ғазиздық пен ынтызарлыққа толы сезімдердің куәсі болатын шығармыз деп елестеткенбіз. Сөйтсек... «Махаббат аралы»... осын-ау, нәзік тақырыптың ар жағынан адам бойындағы қасиеттердің екі жақтылығын ашып берген астарлы ойдың куәсі болдық. Сахна ашыла салысымен, күйбең тіршіліктің иірімінен бір сәтке болса да ұзамақ ниетпен тынығуға шыққан, абыройы мен байлығы асқан аса қадірлі депутат әрі хирург Марат Мамаевич пен оның әйелі Айна бикештің бір-біріне деген сезімдеріне бәріміз де тамсанып отырғанбыз. Байлығы тасқан Марат пен аңқау ару Айна құдды бір орман ішіндегі аралда жүргендей. Қойылымды қарап отырып әрі қыл үстіндегі, әрі құз үстіндегі тағдырдың сипатталарын сездік. Қойылымдағы басты фокус екіжүзділік екенін бірден аңғарғанбыз. Ілгеріде орманшының жарын қан қақсатқан дәрігер Мараттың құздан ауып, белі майырылған соң әлгі алақ-жұлақ киінген, қолына мылтығын асынған шомбал денелі орманшыға тәуелді болары анық. Дәрісін саудалап, алтынын, соңғы тиынын, автокөлігіне дейін тәркілеп алып, аукцион жүргізіп Марат Мамевичтің белден басқыш қасиетін өз алдына келтірді орманшы. Орманшы қанша жерден ақыр соңында Мараттың ғашығы Айнаны тартып алмақ болғанымен, оның орындаушылық шеберлігі кемшін түсіп жатты. Кезінде әйелін қан қақсатқан экс дәрігердің берекесіз әрекетін бетіне басып, арқанға буындырған сәтте дауыс ырғағын төмендетіп алғаны көңілге қонбады. Спектакльдің жалпы жемісі, шарықтау шегіне әртүрлі көзқараспен қарағанымызбен, адамдардың бүгінгі психологиясының бір тармағын ашқанына ішіміз жылыды. Үстінен құм құйылғандағы оның өкініші, бәлкім азапты өлімі залдағы көрермендердің де санасына салмақты ой тастай білді. Басқасын қайдам, қоюшы режиссердің шешімі сәтті шықты. Фестивальдың бұл күнгі қызығы «Музыка түнімен» жалғасты. Қонақтардың құрметіне арналған бұл шара Абайдын әндері мен махаббат поэзиясынан бастау алып, сазды-әуенмен әрленіп отырды. Осы кеш барысында қонақтар да тарту-жоралғы жасап, қонақ кәделерін ұсынып жатты. ...Келесі күні, Қазақстан Театрлар одағының төрағасы, ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов театрлардың актерлерімен шеберлік дәрісін өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық драма театры «1000000 немесе ZERO» драмасын сахналады. Ал келушілерге арналған «Театр түні» думаны фестивальдың осы күнгі шаралар легін тиянақтады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді