«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Денсаулық – ұлттың ең басты қазынасы

Денсаулық – ұлттың ең басты қазынасы
ашық дереккөз
Денсаулық – ұлттың ең басты қазынасы

Әлемде қандай мемлекет болмасын, оның бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын фактор – адам капиталы. Осы орайда Мемлекет басшысы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлт денсаулығын «біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткені белгілі. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясы медицинамыздың сапасы әлемнің ең дамыған 30 елінің деңгейінде болуы үшін барын салады.

Партияның саяси Доктринасында денсаулық сақтауға кепілді және теңдей қолжетімділік туралы баяндалады. Сондықтан партия өзінің сайлауалды уәделерін жүзеге асырудың шеңберінде ұлттың саулығын нығайтуды нысанаға алған. Бұл жұмыстың басты көрсеткіші жалпы өлім-жітімді кем дегенде 15 пайызға азайту және өмір сүрудің орташа ұзақтығын 70 жасқа дейін өсіру болмақ. Бүгінгі күннің өзінде Сайлауалды тұғырнаманы жүзеге асыру шеңберінде өмір сүрудің орташа ұзақтығын 70 жылға ұлғайту жөніндегі міндет мерзімінен бұрын орындалды, 2013 жылы бұл көрсеткіш 70,5 жылды құрады (2011 жылы 70 жыл болған). Жалпы өлім-жітімді кемінде 15 пайызға азайту жөніндегі міндет те сәтімен жүзеге асуда. 2,5 жыл ішінде өлім 10,9 пайызға азайды. (2011 жылы 1000 адамға шаққанда 8,75 жағдай болса, 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,8 жағдай). Басты назар, қашандағыдай, ана мен бала денсаулығын қорғауға бөлінуде. Алғашқы медициналық көмекті дамыту аясында жүкті әйелдер жүктіліктің барлық кезеңінде, босану және босанғаннан кейінгі уақытта денсаулық жағдайының үнемі бақылауда болуымен қамтамасыз етілген. Осылайша, әйелдер мен жаңа туған нәрестелер денсаулығына төнер қауіп азаюда. Аталған шаралар бала туушылардың артуына және ана мен бала өлімін азайтуға мүмкіндік берді. Ана және бала өлімін 1,5 есе (33%) азайту бойынша міндет те орындалуда. Егер 2011 жылы ана өлімі 100 мың тірі туғандарға шаққанда 17,4 жағдайды құраса, 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығында аталған көрсеткіш 11,8 жағдайға немесе 32,2 пайызға азайды. Өз кезегінде нәресте өлімі 2011 жылы 1 мың тірі туғандарға шаққанда 14,9 жағдай болса, 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығында 10,8 жағдайға (27,9%) кеміді. Ұлт саулығын арттырудың шешуші элементі саламатты өмір салтын жүргізу болып табылады. Осыған байланысты Сайлауалды тұғырнамада азаматтардың 25 пайызын және балалар мен жасөспірімдердің 12 пайызын бұқаралық дене тәрбиесі және спортпен қамту жөнінде міндет қойылған. Бұл міндет те мерзімінен бұрын орындалуда. Азаматтарды қамту 2,5 жылда 20 пайыздан 35,5 пайызға, ал, балалар мен жасөспірімдерді қамту 10,6 пайыздан 69,9 пайызға артты. Сондай-ақ, халық арасында шылым шегу мен алкогольді шектен тыс пайдалануды 15 пайызға азайту міндеті де жоспарлы түрде жүзеге асуда. Егер 2011 жылы шылым шегудің таралу деңгейі 27 пайыз, ал алкогольді пайдалану 16,6 пайыз болса, 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштер сәйкесінше 26,5 және 5 пайызға төмендеді. Партия мүшелерінің 10 пайызы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері екенін айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта медицина кадрларының кәсіби өсуіне жағдай жасалған. Олар шетелдің алдыңғы қатарлы клиникаларында, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, тәжірибеден өтуде, біліктіліктерін арттыруда. Медицина қызметкерлердің өмір сапасын арттыру үшін сараланған еңбекақыны енгізу жолымен жалақы арттырылды. Дәрігерлердің (бюджет саласы қызметкерлерінің) орташа жалақысының деңгейін республикалық орташа жалақы деңгейіне жеткізу жөніндегі міндет мерзімінен бұрын орындалды. Бүгінде дәрігерлердің жалақысы республика бойынша орташа жалақыдан 12,6 пайызға жоғары. Сонымен қатар елімізде заман талабына сай ауруханалар, емханалар, амбулаториялар көптеп салынуда. Соңғы 2,5 жыл ішінде 143 нысан, оның ішінде 126 дәрігерлік амбулатория, 14 емхана және 3 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Бұл шаралардың барлығы бүгінде медицина қызметкерлерін ынталандырып, олардың жергілікті жерде тұрақтауына ықпал етуде. Міне, мұның бәрі де «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасының 2,5 жыл ішіндегі жүзеге асырылуының нақты нәтижелері деп нық сеніммен айтуға болады.

21Гүлдара НҰРЫМОВА,  «Мейірім» медициналық орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

Ұқсас жаңалықтар