Кең-байтақ, ұланғайыр ұлы Тұран даласының төсін дүбірге бөлеп, еліміздің экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақстан темір жолының құрылғанына биыл 110 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам болат жолдың бойында «билік» еткен теміржолшылардың осы уақытқа дейінгі атқарған еңбектері орасан. Оны әрине, бір мақала көлеміне сыйдырып, жеткізу мүмкін емес. Десек те, біз бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарасты Жамбыл жол бөлімшесінің ел тәуелсіздігі жылдары атқарған сан-салалы қыруар жұмыстарының кейбіріне ғана тоқталсақ дейміз.
Еліміздің темір жол саласына қарасты 30 кәсіпорын, 50 станса мен дистансаның басын біріктіріп, басшылық жасап отырған Жамбыл жол бөлімшесі республикадағы өзі тектес мекемелердің арасында көшбастаушылардың бірі әрі бірегейі ретінде жақсылардың қатарында аталады. Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламасын басшылыққа алған бұл еңбек ұжымы өтпелі кезең қыспағынан шыққалы бергі жерде жыл сайын өнімді еңбекке қол жеткізіп, табыстың тай қазанын тасытып-ақ келеді. Мәселен, бөлімше 2011 – 2012 жылдары өндіріске енгізілген «ДУОМАТ» машинасының көмегімен жолдағы қиыршық тастарды жолшыларсыз-ақ тазалап, мыңдаған шақырым темір жолды түзеді. Мұның өзі пойыздардың жолда жүру жылдамдығын бұрынғыдан анағұрлым арттыруға мүмкіндік берді. Жылжымалы құрамдардың, яғни пойыздардын қауіпсіздігін жақсартты. Сол сияқты белгі беру және байланыс дистансаларында қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында бұрынғы релейлі шкафтар жаңа «ШРУ-М» үлгісіне ауыстырылды. Сонымен қатар тоғыз темір жол аралығына екі жақты автоблокировка жұмыстары жүргізілді. Байланыстың сапасын арттыру үшін «Жамбыл -Шу, Жамбыл-Шымкент» телімдерінде «Транстелекомның» талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы 30 каналды импульс-кодтық модуляция «ИКМ-30» жабдығы іске қосылып, байланыс каналдарының жедел жүйесі өндіріске енгізілді. 2012 жылы вагон шаруашылығы бойынша да аз жұмыс істелген жоқ. Пойыздардың өңдеу уақытын қысқартуға, тежегіштің техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін «УЗОТ» құрылысын Шу және Жамбыл стансаларында аяқтап, пайдалануға берді. Бөлімшенің телімдеріне орнатылған ГИД «Урал» жүйесі бүгінгі күні озық технологиялардың бірі болып саналады. Жол бойындағы жұмыс орындарына сынақ түрінде «АСУ СТ» және «МР» автоматтандырылған жүйе енгізілді. Қазіргі уақытта бөлімше бойынша 237 автоматтандырылған жұмыс орны бар. Бұл жүйе ресурстарды үнемдеумен қатар еңбек өнімділігін арттыруға және өндірістік шығындарды едәуір қысқартуға қол жеткізді. Жол техникасын, диагностикалық және шағын механикаландырған құралдарын жетілдіруде, модернизациялауда елеулі тиімділік берді. Қазақстан темір жолында соңғы жылдары жүре бастаған «Тұлпар-Тальго» жүрдек жолаушылар пойызы халық үшін өзінің өте тиімді екенін көрсетті. Аталған пойыз Астана және Алматы арасындағы 1318 шақырымды орташа жылдамдықпен 12 сағат 58 минутта жүріп өтетін болды. Ол бөлімшеге қарасты Мойынты-Отар стансалар аралығын 5 сағат 21 минут жүріп өтеді. Сол сияқты «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған Алматы II-Петропавл бағытындағы «Жетісу» жүрдек пойызы бұрын бұл аралықта 30 сағат жүрсе, қазір ұшқыр тұлпар 18 сағатта жүріп өтеді. Теміржолшылардың тұрғын үй алуына да соңғы жылдары көңіл бөліне бастады. Соның айқын дәлелі 2011 жылы инвестициялық бюджеттен 60 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп, бөлімшедегі 30 теміржолшы баспаналы болды. Бұл игі іс 2014 жылы да өз жалғасын тауып отыр. Жамбыл жол бөлімшесінің кіші стансалары мен разъездерінің 24 теміржолшысы тұрғын үймен қамтамасыз етілмекші. Шу және Жамбыл стансасында 2011 жылы жаяу жүргіншілер жүретін аспалы темір жол көпірлері күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқан жол бөлімшесі 2013 жылды да ойдағыдай қорытындылады. Соның нәтижесінде 13944 мың тонна жүк жөнелтті. Мұның өзі алдын ала белгіленген тапсырмадан анағұрлым артық болды. Тасымалданатын жүктің басым бөлігін химия өнімдері құрайды. Тапсырмадағы 2020,188 мың тонна орнына 2349,808 мың тонна химия шикізаты жөнелтілді. Бұған қоса көмір, темір, қара металл, мұнай, қант және басқа да тауарларды тиеу жоспары едәуір асыра орындалды. Жүк тиеу және жөнелту жөніндегі тапсырмаларын Жаңатас, Бірлік-I, Қаратау, Жамбыл және Шығанақ стансалары асыра орындады. Бөлімшеге жүк түсіруге жоспардағы 101612 орнына 114563 вагон келді. Осы жылы бөлімше 5291 ауыр салмақты пойызды жөнелтті. Нәтижесінде белгіленген тапсырмадан тыс 2717,725 мың тонна жүк тасымалданды. Мұның бәрі сайып келгенде инновациялық технологиямен еңбек етудің игі ықпалы болса керек. Жамбыл жол бөлімшесі 2014 жылы да еңбек қарқынын бұрынғыдан арттырмаса, бәсеңдеткен жоқ. Биылғы жылдың өткен мерзімінде жүк тасымалдау жоспары асыра орындалды. Жақсы нәтижеге қол жеткізілуіне Талас, Бірлік I, Бурыл және Жамбыл стансалары үлкен үлес қосты. Жүк айналымы және вагон пайдалану жоспарларын асыра орындап шықты. Ағымдағы жылы бөлімше бұрынғыдай жаңа талапқа сай жол бойын жаңғырту мақсатында елеулі жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, өткен жылы 59,96 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл оның көлемін одан да арттыруды көздеп отыр. Осы өткен мерзімде 21,84 шақырым ағаш шпалдар темір бетонға ауыстырылды. «SMD-80» және «ЖЕЙСМАР» кешендерін қолдану арқылы 29,43 шақырым жол шаруашылық әдіспен жөндеуден өткізілді. Ескірген бұрмалар жаңасымен алмастырылды. Жыл өткен сайын қол жұмысы азайып, автоматтандыру, оларды арнайы бағдарламамен қамту және компьютерлендіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жүк стансаларында жұмыс орындары автоматтандырылып жатыр. «ARM-ASU-ST» автоматты басқару жүйесі темір жолдағы барлық жұмысты қадағалап, бақылауға алуға мүмкіндік берді. Атқарылған жұмыстарға талдау жүргізуге «Урал» қондырғысы көп көмек көрсетті. Стансаларға қозғалыстың жай-күйін айқын көрсетуге мүмкіндік беретін «АРМ АГКР» және «АСУ ДКР» жүйелері орнатылды. Жалпы алғанда жамбылдық теміржолшылар ел тұрғындарының өтініш-сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Биылғы жылы маусым айында облыс әкімінің қолдауымен «Тараз-Қаратау-Жаңатас» бағытындағы пойыздың вагондары жаңасымен ауыстырылды. Вагондар жолаушыларға ыңғайлы орындармен, кондиционермен, теледидармен жабдықталған. Жолаушылар жаңа пойызбен Тараз бен Жаңатас арасын 4 сағатта жүріп өтеді. Бұл облыстан шалғай жатқан елді мекендердегі жұртшылықтың орталықпен байланысын нығайтуда үлкен рөл атқаруда. Ал осындай тірлікті көріп отырып саланың жақсарғаны деп қалай айтпассың.
Әбділдә Сәрсенбі, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді