Ауыл – алтын бесік

Ауыл – алтын бесік
ашық дереккөз
Ауыл – алтын бесік

Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеті, «Нұр Отан» партиясы және Ауыл аруашылығы министрлігінің «Қазақстан-2050»: «Ауыл ажары – азаматына сын» бірлескен экспедициясы мүшелерінің облыс әкімдігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдерімен кездесуінде «Қазақстан- ZAMAN»-ның бас редакторы Ертай Айғалиұлы осылай ой тұжырымдады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында ауыл мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Тіпті ауылды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту үшін үш жыл қатарынан осы салаға арналған кез де болған. Ауызды қу шөппен сүртіп «түк жоқ» демей-ақ қояйық, дегенмен әлі де ауылдың асығы алшысынан түсе қойған жоқ. Обалы не, бұқаралық ақпарат құралдары ауыл мәселесін жарыса жазып та, көрсетіп те жатыр. Солардың қатарында өздігінен бастама көтерген халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеті ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы мен басылымның бас редакторы Ертай Айғалиұлының жамбылдық журналистермен жүздесуін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбосынова ашып, жүргізді.

– Газет өзінің жиырма үш жылдық тарихында ел мүддесіне қатысты көптеген мәселелерді көтеріп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қал-қадерінше үлес қосып отыр деп батыл айта аламын, – деді әріптестерімен болған әңгіме-сұхбатта бірінші сөз алған Ертай Айғалиұлы. – «Ауыл ажары – азаматына сын» бірлескен экспедициясы соның бір айғағы. Бұл экспедиция жұмысын бастаған тоғыз жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында болып, ауылдағы мәселелерді жеріне жеткізе жазып келеміз. Нәтижесі де жоқ емес, кейбір ауылдарда әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпалымыз болды. – Ауыл алтын бесігіміз ғой. Сондықтан осы әрекетіміз арқылы ауылдың жаңғыруына, ауыл шаруашылығының жандануына әсер ете алсақ, еңбегіміздің жанғаны, – деді «Қазақстан- ZAMAN» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы. – Біз бұл игілікті іске «Нұр Отан» партиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігін тарту арқасында үлкен жетістіктерге жетуден үміттіміз. Басылым алдағы жылы «Ауыл ажары – азаматына сын» байқауын ұйымдастырғалы отырғаны туралы да айтылды. Онда «Ең ажарлы ауыл», «Ең үлгілі мектеп», «Ең үлгілі отбасы», «Ең үлгілі кәсіпкер», «Ең белсенді азамат» аталымдары бойынша материалдарға бәйге берілмек. Осындай ынталандыру шаралары ауыл ажарын ашумен қатар, басылымның беделі мен жазылымы артуына да игі әсер ететіні сөзсіз. Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды жауаптар алынды.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар