Таза өнім, қолжетімді баға
Тараз қаласындағы орталық алаңда өткен сенбі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Он аудан мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылған жәрмеңкеге жалпы құны 101,3 миллион теңгенің 169,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылса, оның 18,2 тоннасы жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 6,4 тонна сүт, 4,6 тонна балық, 4 тонна макарон, 4 тонна тұз, 3,5 тонна шұжық, 2,6 тонна бал, 2 тонна ұн, 0,5 тонна кондитерлік және 127 тонна жеміс-жидек, көкөніс өнімдері мен 6 мың дана жұмыртқа әкелінді. Нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен бағамен азық-түлік тауарын алушылар өте көп болды. Кейінгі жылдары облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласының тауар өндірушілері қатысқан мұндай ағыл-тегіл азық-түлік жәрмеңкесі өтпегендіктен, күздің қара суығына қарамай орталық алаңға қараша халық ертемен ағылды. Бірер сағаттың ішінде-ақ килограмы 100 теңгеден ұсынылған Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылдық округіндегі Көбеген Абдалиев жетекшілік ететін «Жансая» шаруа қожалығынан жеткізілген 6 тонна картоп сатылып кетті.
«Биыл «Алмас-К» шаруа қожалығының жетекшісі Қойшыбай Жүсіпәлиев алғаш рет бақша және көкөніс өнімдерін еккен еді. Жәрмеңкеге осы жеке шаруашылық құрылымы бір тонна картоп пен бір тонна қарбыз әкелді. Міне, өзіңіз көріп тұрсыз, картоптың да, қарбыздың да алушылары аз емес», дейді Сарысу ауданы, Игілік ауылдық окугінің әкімі Жандос Жанайдаров. Жәрмеңкеде Тараз қаласы мен әр аудан қатар-қатар орналасқандықтан, қайсысының тауар өндірушілері қанша көлемде, қандай азық-түлік тауарын алып келгенін аңғару қиын емес. Меркі және Байзақ аудандарынан жеткізілген өнім көптігімен және әртүрлігімен ерекшеленеді.
«Біз осындай ауқымды жәрмеңкені асыға күттік. Қаланың қақ ортасында алаңда өтіп жатқанына риза болдық. Ең бастысы мұнда азық-түліктің қай түрі болмасын, базардағы бағадан әжептеуір арзан. Енді бір ұсыныс – алдағы уақытта әр сенбі, жексенбі сайын осындай жәрмеңке өтіп тұрса. Ал енді қала тұрғындарының жағдайын ойлап, қолжетімді бағамен азық-түлік алуға ықпал еткен облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді қала тұрғыны Қайрат Әуенов.
«Біз сияқты үлкен кісілерге қала шеттерінде өтіп жататын азық-түлік жермеңкесіне барып-қайту өте қиын болушы еді. Осы жолы орталық алаңда өтеді дегенде қатты қуандым. Өзім осы маңда тұрамын. Аптасына екі рет мұндай аса ауқымды жәрмеңке өткізу оңай шаруа емес екенін білемін. Тым болмаса аптасына бір рет осы жерде өткізіліп тұрса деген өтініш бар. Қараңызшы, қай ауданның өнімін алғыңыз келеді, барлығының аты жазылып қаз-қатар қойылған сөрелерге орналасқан», дейді қала тұрғыны Люся Смайлова. Біз сөзге тартқан тараздықтардың дені жәрмеңкенің орталық алаңда өткеніне және бағаның қолжетімділігіне риза.
Алайда өзін Райхан Байшуақова деп таныстырған тұтынушы кейбір сүт өнімдерінің бағасының базардағыдан айырмашылғы жоқ екеніне аздаған ренішін білдірді. Базар бағасын біле бермегендіктен, тұтынушының реніші орынды екенін дөп басып айта алмаймыз. Әйтеуір, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз қалалық әкімдігінің қызметкерлері азық-түлік бағасының көтерілмеуін қадағалап, жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне баса назар аударып жүргенін көрдік.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жәрмеңке басталғаннан аяғына дейін болды. Тауар өндірушілермен және қала тұрғындарымен әңгімелесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл жәрмеңкенің тағы да бір ерекшелігі – тауардың түр-түрін молынан алып келген аудандарға, жекелеген азық-түлік тауар өндірушілеріне бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттың тапсырылуы болды. Меркі ауданы бірінші, Байзақ ауданы екінші және Сарысу ауданы үшінші орынды иеленді. Қала әкімі осы үш аудан әкімінің орынбасарлары Бақытхан Әбжаппаровқа, Болат Сағынбековке және Қайрат Амановқа теледидар және басқа да сыйлықтар, тағы да бір топ азаматқа Алғыс хат тапсырды.
Амангелді ӘБІЛ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді