«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде өнім көрсеткіші жоғары

Өңірде өнім көрсеткіші жоғары
ашық дереккөз
Өңірде өнім көрсеткіші жоғары
Бүгінде жер жыртып, егін салатын диқан қауымы орақты аяқтаса, төрт түлік мал бағатын шаруа да мал азығының қорын жасап алды. Бұл кезең дәндік жүгері, майлы дақылдар егетін шаруалар мен бақша, көкөніс өнімдерін өсіретін, тауар өндірушілер үшін қызған шақ. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары былтырғы жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайып, 756,2 гектарға орналастырылды. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 390,2, майлы дақылдар – 72,4, көкөніс, бақша дақылдары – 61,1, картоп – 11,6, қант қызылшасы – 5,5 және мал азығы дақылдары 125,2 мың гектар алқапқа егілді.  width= Биыл көп тілеуін Жаратқан ие көктен беріп, облыс аумағына ылғал кейінгі үш-төрт жылға қарағанда мол түсті. Жерасты суын игеру, су үнемдеу технологиясын көптеп енгізу де көңілдегідей өнім алуға септігін тигізді. Бүгінгі күнге облыс бойынша жиналуы тиіс 371,1 мың гектар масақты дәнді дақылдар толық орылып, жалпы түсім 633,4 мың тоннаны құрады. Орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 17,1 центнерден айналды. Бұдан бөлек, 11,6 мың гектарға картоп, 18,6 мың гектарға дәндік жүгері, 61,1 гектарға көкөніс, бақша дақылдары егілген. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке қарағанда 26 қыркүйекке дейін картоптың 9,9 мың гектары жиналған, бұл 85 пайызды құрайды. Дәндік жүгерінің 5,7 мың, бақша дақылдарының 17 мың, көкөністің 39,5 мың және майлы дақылдардың 62,2 гектары жиналып, 56,2 пайызды құраған. Күзгі жиын-терін жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан көрінеді. Көктемгі дала жұмыстарына ақпан-мамыр айларында 10725 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Оның 7221,1 тоннасы жеткізіліп, 6512,6 тоннасы шаруашылықтарға таратылған. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Облыс бойынша 12316 ауыл шаруашылығы техникасы болса, оның 4585-і трактор, 934-і комбайн және 6797-і басқа техникалар. Биыл техниканың жаңаруын 1355-ке жеткізу көзделген. Тамыз айында 8 айға жоспарланған 1355 техниканың 847-і жаңадан сатып алыныпты. Озық үлгідегі, заманауи техника егін және мал шаруашылығымен айналысатын жеке шаруашылық құрылымдарына ауадай қажет. Кеңес заманындағы кеңшар, ұжымшарлардан қалған техникалар әлі де кездеседі. Әлдеқашан металломға өткізетін трактор немесе басқа да техниканы пайдаланып, егін ору немесе мал азығын дайындау бос әурешілік. Аудан әкімдерінен бастап, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, басқа да тиісті құрылымдар техниканы жаңартуда шаруалармен жұмысты жүйелі түрде жүргізе беру керек. 2022 жылға 52,4 мың тонна минералды тыңайтқышты егістік алқабына енгізу жоспарланса, оның 44,7 тоннасы енгізіліп, жоспар 85,4 пайызға орындалыпты. Дегенмен белгіленген межені жыл соңына дейін толық орындауға мүмкіндік бар көрінеді. Биылғы шілде айында облыста мүйізді ірі қара мал 521 мыңға, қой мен ешкі 3 756 мыңға жылқы 174 мыңға және түйе 8 мың басқа жеткен. Төрт түліктің басы былтырғы жылға қарағанда едәуір көбейіпті. Мал басы санының өсімін ескеріп, алдағы мал қыстату науқанын қалыпты өткізу үшін 1 764 мың тонна пішен, 63 мың тонна пішендеме, 491,8 мың тонна сабан, 60 мың тонна сүрлем және 640 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет. Өткен жылғы қуаңшылық салдарынан шаруашылық құрылымдары жемшөп сатып алуда әжептәуір шығынға батты. Сондықтан да шаруашылық құрылымдарының басшылары осыны естен шығармай арық-атыз, сай-саладағы шөпті күздің қара суығына дейін, жауын-шашын түспей орып алса дейміз. Мал басын қыстан шығынсыз шығару үшін уақтылы мал азығын сатып алуға және биылғы жылғы көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде атқаруға жағдай жасау мақсатында наурыз айынан бастап бүгінге дейін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасына сәйкес, бөлінген қаржының есебінен 4813 тауар өндірушіге 10,4 миллиард теңге субсидия төленген. Осындай қолдаудың нәтижесінде егістік алқаптар мен шабындықтардан 1 823 мың тонна пішен, 494 мың тонна сабан, 64 мың тонна пішендеме дайындалған. Бұл өткен жылға қарағанда едәуір көп. Дәнді дақылдар балансы бойынша облыста 458 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылық қоймаларында сақталуда. Сонымен қатар 122,6 мың гектар шабындық алқаптағы бітік шыққан табиғи шөп толықтай шабылып, жиналып алынған. Облыс аумағында жылдық қуаттылығы 89400 тонна құнарлы жем шығаратын 4 ірі кәсіпорында 11479 тонна құнарлы жем дайындалған. Бұдан бөлек, өткен қыс мезгілі шаруаға қолайлы болғандықтан былтырдан қалған 879 мың тонна пішен және 47,6 мың тонна сабан қоры сақтаулы тұрған.  

Амангелді ӘБІЛ

   

Ұқсас жаңалықтар