Бақылау органдары кәсіпкерлерге есеп берді
Осымен екінші жыл қатарынан қыркүйек айының соңғы бейсенбісі – бақылау-қадағалау органдарының бизнес қауымдастық алдында өңірлерде бірыңғай есеп беру күні өткізіліп келеді. Іс-шара мақсаты – кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы іс- қимылды жақсарту, сол арқылы бизнес пен мемлекет қатынастарын реттеу мәселелерін талқылау және бірлескен шешімдер әзірлеу. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен Тараз инновациялық- гуманитарлық университеті ғимаратында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, бақылау-қадағалау органдарының басшылары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында мемлекеттік қадағалау органдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 728 тексеру тағайындалған. Оның 183-і – шағын, 313- і – орта, 232-сі – ірі кәсіпкерлік субъектілері.
Осы кәсіпкерлік нысандарына жүргізілген тексерулердің қорытындысы талқыланған жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы» облыстық филиалы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев баяндама жасады.
Ол өз сөзінде палатаның облыстық филиалына 8 айда 173 кәсіпкер жүгініп, оның 41-і кәсібін қорғау, қолдау бойынша қайырылғанын, өтініштердің басым бөлігі жер, мемлекеттік сатып алу, несие алу, қаржылай қолдау мәселелері екендігін айтты.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шынәлиев: «Департаментпен және аумақтағы бөлімдермен тексеріс жұмыстары бізде кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сай жүргізіледі. Әр тексеріс міндетті түрде тіркеледі.
Биыл бізде ерекше тәртіп бойынша барлығы 1660 нысан жоспарланған. Оның 1051-і – бірінші жартыжылдыққа, 610-ы – екінші жартыжылдыққа жоспарланған. Мұның ішіндегі 154-і кәсіпкерлік субъектілері. Жалпы 8 айда 1774 тексеру жұмысы жүргізілді», – деді.
Келесі кезекте 9 ай ішінде жүргізілген 6466 тексерудің нәтижесін облыс бойынша кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Әлімбеков, өнеркәсіптік қауіпсіздік жайлы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Талғат Байзақов баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек кәсіпкерлерді қолдау қашанда назарда екендігін, осы орайда келесі айдың алғашқы онкүндігінде тағы да кәсіпкерлердің қатысуымен кездесу өтетінін еске салды.
Кездесу соңында кәсіпкерлердің жерді пайдалану, сертификаттау уақытын қысқартуға байланысты сауалдарына жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді