Алушы да, сатушы да дән риза
Қазір күзгі жиын-теріннің қызған шағы. Биыл диқанның көңілі тоқ. Жер-Ана да берекесін беріп-ақ тұр. Оларға апта сайын Тараз қаласында өткізіліп жүрген облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі үлкен қолдау болуда. Өткен аптада «Grand bazaar» сауда кешенінің қасында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері шығарылды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 65,3 миллион теңгені құрайтын 88 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген. Оның ішінде 12,2 тонна ет, 2,5 тонна шұжық және 4,8 тонна сүт өнімдері бар.
– Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкеге кесте бойынша алты аудан мен Тараз қаласы қатысуда.
Бірақ белгіленген аудандардан бөлек, өз белсенділіктерін танытып, жәрмеңкеден қалыс қалмай өз бетінше қатысып жүрген шаруа қожалықтары да бар. Диқандарға берілген осы мүмкіндікті шаруалар да ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, өнімдерін өткеруде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек, бұл жәрмеңкеге құс фабрикаларынан 6 мың дана жұмыртқа жеткізілген болатын. Сонымен қатар 0,5 тонна кондитерлік, 2,4 тонна макарон өнімдері 2,6 тонна балық, 2 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 58,4 тонна жеміс-жидек пен көкөніс жеткізіліп, нарық бағамынан 20-25 пайыз төмен бағада өткерілді, – дейді Шәкір Момынқұлов.
Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық-түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне сықа толып тұр. Алушы да, сатушы да дән риза. Өйткені баға жүйелі.
Жамбыл ауданынан келген «Шайқорық жеміс» ауыл шаруашылығы кооперативі бір тоннаға жуық алма, қара өрік әкеліпті. Кооператив төрағасы Рустам Ғанижановтың айтуынша, шаруашылық 5 гектарға осыдан төрт жыл бұрын жеміс ағаштарын отырғызыпты. Бақ алғашқы өнімін былтырдан бастап бере бастаған. Бақта алманың ондаған сұрпы күтіп-бапталуда. Кооператив Тараз қаласында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеге апта сайын келіп қатысуда. «Біздегі баға базарға қарағанда жүйелі. Алманың бір килограмын 70 пен 250 теңге аралығында, яғни алманың сортына қарай өткерудеміз. Жергілікті жеміс-жидекке деген қала тұрғындарының сұранысы жоғары», – дейді ол.
Ал шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, асқабақ пен қырыққабатты басып келген «Бейбіт» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Әбирбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы болып шықты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін үнемі жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін айтты.
– Осы кәсіппен айналысқаныма 10 жыл болды. Бұрын еккен өнімімізді қайда өткерерімізді білмей бүлдіріп алған кездеріміз аз болмады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі біздің негізгі өткізуші орталыққа айналды. Бір келгенде екі-үш тонна көкөністі бірақ артып алып келемін. Бәрі қалмай өтіп кетеді. Көкөнісімді бұған дейін Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылған жәрмеңкелерге де шығарғанмын. Қазір апта сайын осында келіп өткеріп жүрмін. Жәрмеңкеге қатысқалы бері тұрақты алымсақ та таптым. Үйден де, алқап басынан да келіп алып кететіндер бар. Сонымен бірге «Алқаптан сөреге» деген жобаға да қатысып жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, биліктің қолдауын сезініп отырмын. Қазір өнімімді қайда өткіземін деп қиналмайтын болдым, – дейді кәсіпкер.
Шулық «Бірлік» өндірістік кооперативі 250 литр өсімдік майын, ал «Айгерім» ЖК 25 килограмм макарон өнімдерін жеткізіпті. Сонымен бірге сүт және қымыз өнімдерін сөреге қойыпты. Сатушысы Қанат Болатқұл макарон өнімдерінің тез өтіп кеткенін айтты. «Жәрмеңкеге макарон өнімдерінің 10 түрін әкелген едік. Қазір 9 түрінен бір-екі қалтадан қалды. Қалғанын жұрт талап әкетті. Сұраныс түсіп жатыр. Алдағы жәрмеңкеге де қатыссақ деген ниетіміз бар», – деді ол.
Ал шулық жеке кәсіпкер Айжан Әбітаева 40 литр қымыз әкелген екен. Қымызының дәмі тіл үйіреді. Алушыларына сусынның дәмін таттырып, жүйелі бағамен өткеруде.
Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғанын құптайды.
– Апта сайын жәрмеңкеге арнайы келіп, қажетімді алып кетемін. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қолжетімді. Мәселен, екі қорап жұмыртқа алдым, сауда нүктелерінде мұның он данасы 590 теңге тұрса, мен 350 теңгеге алып отырмын. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын, – дейді қала тұрғыны Кәмшат Мырзахмет.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді