«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шындығы бар шығармалар

Шындығы бар шығармалар
ашық дереккөз
Шындығы бар шығармалар
Жақында Шу ауданы, Ақсу ауылынан Төреқұл Әлханұлы деген кісі редакцияға келіп, газетіміздің тұрақты оқырманы екенін айтты. Жетпістен асқан ақсақал. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жыл сабақ берген ұстаз. Сондай-ақ ол бізге «Арман алдамайды» деген кітабын тарту етті. Кітапты оқып шығып, кейбір жазбаларына тоқталуды жөн көрдік. Төреқұл қария өлең жазып, ән де шығарады екен. Бұл жинақты да өзінің өлеңдерімен бастапты. Әрине, өзінің көңіл күйі, сезімі, толғанысы. Оған дауымыз жоқ. Дегенмен бұл жырларды төрт аяғын тең басқан дүниелер деп айта алмас едік. Ішінде назар аудартатыны жоқ емес. Мәселен, «Жауабы жоқ сұрақтар» өлеңі: Әкем менің соғыстан оралмады, Хат-хабар да мезгілсіз келе алмады. Жетпіс жыл күтіп едік, қайран әке, Бір жауабын ешкім де бере алмады, – деп аяқталыпты. Толқытады, әрине. Өлеңнің көркемдігі емес, ішіндегі оқиға ойлантады. Бұл жалғыз Төреқұл ақсақалға ғана тән сұрақ емес. Талай тағдырға ортақ қасірет. Бұл әкесі майданнан оралмаған көптеген шаңыраққа ортақ қайғы, ортақ сағыныш. Әкесін жетпіс жыл бойы әлі күтіп, әлі сағынып жүр. Соғыс салған сызаттың салмағы қаншалықты ауыр десеңізші! Кітапта оқырманға ой саларлық басқа да өлеңдер бар. Біздің көңілімізді баурағаны Төреқұл ақсақалдың әңгімелері. «Түнде ашылған сыр» әңгімесі Нәби, Әскен, Ажар атты үш достың бір ауылда, бір сыныпта оқығаны, Әскен мен Ажардың арасындағы махаббат болғаны туралы айтылады. Бірақ Алматыға оқуға түсіп, бір қалада жүрген соң, Нәби Ажарды уысына түсіріп, амал жоқ екеуі үйленетін болады. Бұл жерде Әскеннің не жазығы бар? Әңгіме Әскен мен Ажар арасындағы мөлдір махаббаттың қара ниет, бұзық пиғылдардың құрбаны болғанымен аяқталады. Шағын әңгімені оқып біткенше тұла бойың шымырлап кетеді. «Тағдыр тәлкегіне түскен келіншек» әңгімесінде 18 жасар Алмагүл атты кейіпкердің алданып қалуы, біраз жылдан соң тұрмысқа шыққанмен, өмірлік жары маскүнем, мейірімсіз, қатыгез болып кездесуі жүректі толқытады. Соңында күйеуі ішімдікті қойып түзелгенде, Алмагүлдің марқұм болып кетуі, осынау жалған өмірдің бағасын біле алмай жүрген жандарға ой салатын дүние. «Қастерлі сурет» новелласында да оқушы Нұржан деген баланың психологиясын әсерлі береді. Қастерлі сурет – әйгілі Төле би бабасының суреті. Мектептен «бестік» баға алып келген күні Төле би бабасының портрет суретіне қуана көз тастайды. Ал Төле би бабасы да «Жарайсың, Нұржан, балам!» деп тұрғандай. Баланың көңіл- күйін, жақсы қадамдарға ұмтылысын автор суреттегі қазақ ардақтаған бабасын құрметтеу арқылы бейнелі түрде бере алған. Бұл әңгімені оқып шыққан талай бала өзінің атасын, апасын, бауырларын құрметтеуге, үлгілі оқушы болуға ұмтылатыны анық. Төрехан Әлханұлының «Сағыныш әні», «Әжемнің әңгімесі», «Көрші күңкілі», «Бижен ақсақал шерткен сыр», «Өкініш» әңгімелері де оқырманды бейжай қалдырмай, ізгілік қасиеттерге жетелейді. Сондықтан ақсақал жаста жақсы әңгімелері арқылы жас ұрпаққа өсиет айтқысы келген Төрехан Әлханұлының «Арман алдамайды» атты кітабына жылы пікір айтуды жөн санадық. Кез келген оқырманның өкінбей оқитын кітабы екеніне күмәніміз жоқ.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар