Қаржының игерілуі қатаң бақылауда
Жылдың аяқталуына үш ай ғана уақыт қалды. Сондықтан барлық салалар бойынша жоспарланған қаржылардың толық игерілуін қатаң бақылауға алу қажет. Игерілмеу қаупі бар қаржыларға толық талдау жасап, қажет болған жағдайда оларды қысқартып, басқа жобаларды қаржыландыруға бағыттап үлгеру керек. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселеге басымдық берілді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, облыс бюджетінің кірістері 364,4 миллиард теңгеге немесе 103,3 пайызға орындалған. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 98,5 пайызға игерілген. Қуаныштысы сол, әлеуметтік шығын көбейгенімен, қазына бүйірі әлдеқайда ұлғайтылған. Алайда оны игеру жыл сайын жақсарғанымен, әлі де кемшін тұстары көп. Әсіресе кейбір аудан әкімдері мен басқарма басшылары қазына қаржысына немқұрайлы қарағандары үшін сынға ілікті.
Жалпы аудандар мен Тараз қаласы бойынша 4,1 миллиард теңге қаржы игерілмей қалған. Жуалы, Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарының көрсеткіштері облыстық көрсеткіштен төмен болып отыр. Ал білім басқармасында – 16,1 миллиард теңге, құрылыс басқармасында – 7,1 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы басқармасында – 6,6 миллиард теңге, энергетика басқармасында – 5,4 миллиард теңге, жұмыспен қамту басқармасында – 2,2 миллиард теңге, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында – 1,7 миллиард теңге, полиция департаментінде – 1,2 миллиард теңге, спорт басқармасында – 514,4 миллион теңге, денсаулық сақтау басқармасында – 372 миллион теңге, табиғи ресурстар басқармасында 224,9 миллион теңге игерілмеген.
Игерілмеген қаражаттардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің аяқталмауы, нәтижелерінің кеш шығуы, осыған байланысты келісімшарттардың кеш тіркеліп, жұмыстардың кеш басталуынан болып отыр. Қалған қаражаттардың игерілмеуі жұмыстардың уақтылы атқарылмауынан да туындаған.
– Облыс бойынша қаражаттарды игеру көрсеткішінің салыстырмалы түрде жоғары болуына республикалық бюджеттен берілетін субвенциялар, нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің игерілмейтін сомаларын кейінгі айларға жылжыту арқылы қол жеткізіліп келеді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша қаражаттарды игеру көрсеткіштері алдыңғы айлармен салыстырғанда төмен деңгейде болып қалыптасуы ұсынылған өтінімдердің басым бөлігінің қолдау таппауынан болып отыр. Себебі, министрліктер тек объективтік себептерге байланысты игерілмейтін қаражаттарды ғана жылжытуды қолдаған, – деді басқарма басшысы Жақсылық Сапаралиев.
Аймақ басшысы тиісті индикаторға қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алды. Сондай-ақ басқосуда облыс әкімі күзгі тазалық айлығының өту барысы, қоқыстардың шығарылуына қатысты кемшіліктерді слайд арқылы көрсетіп, жауаптылардың жұмысын сынға алды.
– Тазалық – бәрінен маңызды. Айналамызды, қоршаған ортаны таза ұстауға баршамыз атсалысуға тиіспіз. Әрбір тұрғын жауапкершілікті сезінуге тиіс, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Бұдан соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы қаңтар-тамыз айларындағы қорытындысы мен тоғыз ай бойынша болжамды көрсеткішіне тоқталды.
– Есепті кезеңде облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 111,4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ауыл шаруашылығында 245,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7 пайызға айналды. Сондай-ақ 236,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға төмендеген. 102,7 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 12,8 пайызға артқан десек, бұл тұрғыда 385,4 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көлемі 3,4 пайызға өскен, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі инвестиция тарту ісіне немқұрайлы қарауға болмайтынын, ол үшін қолда бар әлеуетті барынша пайдалану, үйлестіру шараларын күшейту керектігін атап өтті. Барлық жоспарлы көрсеткіштер тоғыз айдың қорытындысымен жүз пайыз орындалу қажеттігін ескерткен Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді