Оқыған – білгір, оқымаған – ділгір

Оқыған – білгір, оқымаған – ділгір
ашық дереккөз
Оқыған – білгір, оқымаған – ділгір

24Тараз қаласында алғаш рет өткен кәсіптік білімді бақылау кеңесінің отырысына премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова қатысты

Бүгінде білім саласын дамыту бағытында көптеген ауқымды шаралар қолға алынуда. Білім беру жүйесіне енгізілген өзгерістер негізінен қоғам мен бизнестің өзара ықпалдастығын арттыруды көздейді. Сондай қадамдардың бірі – жоғары мектепті корпоративтік басқаруға көшу. Жұма күні арнайы жұмыс сапарымен Жамбыл жеріне келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде осы мақсатта құрылған бақылау кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Бақылау кеңесі – маңызды құрылым. Отандық жоғары оқу орындарының академиялық икемділігін арттыру және корпоративтік басқарудың негізін қалыптастыру мақсатында Үкімет қаулысымен құрылған кеңеске вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықованың төрайым болып сайлануы, оның құрамына Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру мен халықаралық серіктестік департаментінің директоры Жасұлан Шаймардановтың, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақованың, сондай-ақ, өңірдегі ірі құрылымдар мен кәсіпорындар басшыларының тартылуы осы сөзімізді айғақтай түседі. Және жаңа құрылымның алғашқы басқосуына бекітілген мүшелерінің түгелдей дерлік қатысуы көп нәрсені аңғартқандай. Жалпы, білім беру үрдісіне корпоративтік басқаруды енгізу мәселесі неден туындады? Жоғары оқу орындары жұмысын бақылауда мемлекеттік органдар мен бизнестің, қоғамның, басқа да түрлі саланың өкілдерін тарту арқылы қандай проблемаларды шешуге болады? Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Наушақызының төрағалығымен өткен бақылау кеңесінің бірінші отырысында осы сауалдардың жауабына қанықтық.

Басқосуда Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев бақылау кеңесінің мүшелерін таныстырып, аталған құрылымның отандық білім беру жүйесінде қандай маңызға ие екендігіне тоқталып өтті. Вице-министр атап өткендей, кеңес жұмысы жоғары оқу орындарында корпоративтік басқарудың негіздерін енгізуге бағытталатын болады. Сонымен қатар, университет қызметін бақылауды күшейтіп, туындауы мүмкін әкімшілік қателердің алдын алып, мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдалануды болдырмау, мемлекет және қоғам құқығын қорғау жаңа құрылымның өкілеттігіне кірмек. Бұл, әрине, жаңа құрылымның басым бағыттарының бірі ғана. Осы арқылы оқу орнының оқытушылар құрамы және маман даярлаудағы келелі мәселелер, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою секілді түйткілдер де өз шешімін табатыны айтпаса да, түсінікті.

«Бақылау кеңесі – жоғары оқу орындарын корпоративтік басқарудың жаңа формасы. Бұл жоғары мектептегі білім сапасын арттыру мақсатында енгізілген жүйе. Бақылау кеңесінің алғашқы отырысында Тараз мемлекеттік университетінің даму жоспары талқыға салынды. Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Байғазықызы екеуміз – осы оқу орнының түлектеріміз. Сондықтан, аталған кеңесте бірлесе жұмыс істеуге келісімімізді бердік», – деді Гүлшара Әбдіхалықова ТарМУ-да өткен басқосуда. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков таныстырған «М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың даму стратегиясы: қазіргі жағдайы мен әлеуеті» атты даму стратегиясы аймақтағы оқу орнының ертеңін айқындайтын құжат десек, артық айтқандық емес. Стратегияда білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаралар мен шешімін күткен проблемалар тегіс қамтылыпты. Осымен байланысты бірқатар мәселелерге қатысты сұрақтар қойылып, оны кеңестің келесі басқосуларының бірінде талқылау ұсынылды. Солардың бірі – кадрлардың қартаю үдерісі және Жамбыл өңірінде мұнай және газ саласына қажетті мамандықтарды даярлаудың қажеттілігін анықтау. «Мен осы жерде білім алдым. Кейін Алматыға ауысып кеткенмен, аталған университеттің түлегімін деп санаймын. Сондықтан, Жамбыл жеріне келгеніме, Тараз мемлекеттік университетінде құрылған бақылау кеңесінде жұмыс жасайтындығыма қуаныштымын», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова. * * * Жоғары мектеп пен орта білім беру – білім саласының өзара тығыз байланысты сатылары. Қос мектептің де басты капиталы – білім алушы жастар. Гүлшара Әбдіхалықованың жұмыс сапарының Тараз қаласындағы №53 орта мектепте жалғасу мәнісі осында. Вице-министр онда мектеп бітірушілермен жүздесіп, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы сұрады. Түстен кейін Елордадан келген топ облыстық тарихи өлкетану музейінде болып, «Көк базар» орнында жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың жай-күйімен танысты. Жаңадан салынып жатқан облыстық перинатальдық орталық пен 300 орындық облыстық аурухана ғимараттарының құрылыс жұмыстарымен танысты. Тараз қалалық №4 емханада болып, емдеу мекемесіндегі ғимарат таршылығы мәселесіне назар аударды. * * * Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен облыстық кәсіпкерлер палатасында «Құрылыс, химия және агроөнеркәсіп салаларында кәсіптік және техникалық білім беруді жетілдіру» тақырыбында алқалы жиын өтті. Жиынды Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіхалықова ашып, күн тәртібінде шығарылған мәселеге тоқтала келе: «Техникалық білім беру cаласында Ұлттық палатаның негізінде үлкен отырыс болады. Дуальдық оқытуды студенттердің практикамен ұштастыра жүргізуін, жұмыс берушілермен тығыз байланыста болуын қарап жатырмыз. Жақында Атырау облысында мұнай-газ секторында орта оқыту туралы осындай іс-шара өтті. Онда да оқу процестерін жетілдіру, жұмыс берушілермен байланыс мәселелері жан-жақты талқыланды. Жамбыл облысында да көптеген мәселелерді шешудің жолдарын қараймыз. Жақында Парламентке Үкімет Заң жобасын тапсырды. Онда дуальды оқыту, бақылау кеңесі, тағы басқа мәселелер бар. Ең басты мәселе – қазір біз кімді дайындаймыз, қалай дайындаймыз? Олардың міндетті түрде жұмыс табуы және экономикаға қажеттілігі» деді. Одан әрі Гүлшара Наушақызы «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ мен еліміз бойынша салаға қажетті мамандар дайындап жатқан колледждердің жұмысын да қысқаша баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов облысымызда химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп және құрылыс саласы қарқынмен дамып жатқанын атап көрсете келе, іс жүзінде жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Тиісті мамандарды үш жоғары оқу орны мен 51 колледж дайындайтынын еске салған облыс әкімінің орынбасары кейбір зәру мамандықтарды оқытуға ірі компанияларды демеушілік ретінде тартып жатқандарын да жеткізді. Қаралып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталған Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова кәсіптік мамандар дайындаудағы өзінің пікірімен бөлісті. «Сіздердің берген қандай ұсыныстарыңыз болсын, қарайтын боламыз», – деді халық қалаулысы. Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев алқалы жиынның күн тәртібіне шығарылып отырған мәселе бойынша министрлік тарапынан еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен әңгімеледі. Біріншіден, жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіру. Бүгін орта мектеп түлектерінің ішінде 30 мыңға тарта жас еңбек нарығына еш кәсіпсіз немесе біліктіліксіз шығуда. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан жастарға алғашқы жұмысшы кәсібін беру кепілденуі туралы қағида «Білім туралы» Заңға енгізілуде. Бұл норма 2019 жылдан бастап толық күшіне енетін болады. Қазір мәселені шешуге қаржы бөле бастадық. 2015 жылы осы мәселеге 1 миллиард 62 миллион теңге, 2016 жылы 3 миллиард 60 миллион теңге, ал 2017 жылы 5 миллиард 106 миллион теңге бөлінеді. Екіншіден, біз кәсіптік стандарттарға негізделген білім бағдарламаларын дайындауға көшудеміз. 2012 жылы Ұлттық біліктілік жүйесі бекітіліп, соның негізінде салалық біліктілік жүйесі дайындалуда, – деді. Одан әрі вице-министр индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында министрлік тарапынан Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық, шығыс, оңтүстік шығыс және оңтүстік өңірлеріндегі 10 колледжге қажетті маман дайындау үшін нақты жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол мұндай оқу орындары техникалық кәсіптік мамандар дайындайтын орталыққа айналатынын да атап өтті. Оның ішінде химия өнеркәсібі дамыған Жамбыл облысында бір колледждің базасында химия өндірісіне мамандар дайындайтын орталық ашу жағын қарастыру қажет екенін еске салды. Сонымен қатар, кадрларды даярлау жергілікті нарық талабына сай бағытталуы керек. «Кәсіпқор холдингі» КЕАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Садуақасова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошманбетов, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, «Энерджи-Тараз» ЖШС директоры Құрманәлі Баратов, «Talas investment company ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов өз ойларын ортаға салды. Ал «Облыстық кәсіптік одақтар» кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсін Орынбаева биыл бірінші рет атап өтілген Еңбек күні мерекесі жастарды кәсіптік мамандыққа баулуда рөлі зор екенін атап көрсетті. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысының орынбасары күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша жергілікті билік пен Білім және ғылым министрлігі басшылығына бірқатар міндеттер жүктеп, ашық-жарқын әңгіме барысында көтерілген ұсыныстар мен пікірлер ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Жиын соңынан Г.Әбдіхалықова мен А.Самақова республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар