- Advertisement -

Алтын құрсақты Алдабергенова

125

- Advertisement -

Қазақ «Ұрпағыңмен мың жаса», «Ормандай көгере бер» дейді. Әр әулеттің өсіп-өнуі, шаңырақтың бүтіндігі қашанда маңызды. Бүгінде Ақсу ауылының анасына айналған Тұрсынкүл Алдабергенова мұны осыдан 55 жыл бұрын келін болып түскен кезінде сезінген. Өзі бауырмал. Бала десе бір бүйрегін бұрып тұрады. Ет жүрегі елжіреп тұратын мейірімділігі оның таңдаған мамандығына ықпалын тигізген сияқты. Ұстаз деген қасиетті мамандықты таңдап, ұзақ жылдар бала жүрегінің бағбаны болды.

Асыл жары Тынышбек Битов өз ісіне адал, ауыл шаруашылығы саласының маманы болды. Бұрынғы «Калинин» кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы, кейіннен бас инженер болып тиянақты еңбек етті. Осылай бірі шаруашылықта, бірі мектепте еңбек ете жүріп, отбасының тәрбиесіне де ерекше мән берді.

Тынышбектің берекелі шаңырағында 7 ұл-қызы өсіп-өніп, жарқын болашаққа қадам басты. Үлкен ұлы Нұрзат ветеринария саласы бойынша ғылым кандидаты болып, ауылдың мақтаулы перзентіне айналды. Бұл әулет шекарашы перзенттері Нұрқанмен де, Ақтөбе әскери гарнизонының әскери прокуроры, полковник Гүлзат қыздарымен де мақтанады. Өзге перзенттері де қаражаяу емес. Гүлхаты – Алматыда сән дизайнері, Дариясы – кітапханашы, Қуанышы – Алматы қаласында үлкен құрылыс компаниясында аға прораб.

Мадинасы ана жолын қуып, Қордай ауданындағы Д.Қонаев гимназиясында ағылшын тілі пәнінің білікті мұғалімі болып еңбек етеді. Барлық перзенттері Тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуде. «Жолдасым өмірден озып кетті.

Үлкен перзентім Нұрзаттан да ғылым саласынан жарқырап көріне бастаған шағында көз жазып қалдық. Бірақ, ұрпағы бар, өмірінің жалғасы бар. Немерелерім де еңбекке араласа бастады. Жомарт Қордай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бас маман болса, Азамат деген немерем композитор, ән жазады, ән шырқайды. Тағы бір немерем Салтанат Қорғаныс министрлігінде еңбек етсе, Дулатым – әскери полицияда.

Дәулет пен Нұрасыл көкпаршы. Шөберелерім де бар. Құдай осылардың қызығын тауыспасын, жастарға өмір берсін», – дейді «Алтын алқа» иегері Тұрсынкүл Ілиясқызы. Бізге жолбасшы болып жүрген Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай: «Тұрсынкүл әпкейдің перзенттері ауылға келіп қайырымдылық іс-шараларын жасап, мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолдарын созып тұрады. Туған жерді ұмытпайды.

Бұл әулетке ризамыз. Тұрсынбала апайдың анасы Гауһар Алдабергенова озат колхозшы ретінде Бүкілодақтық колхозшылардың тұңғыш съезіне қатысқан адам. Оның қызы Тұрсынбала апай бізге бастауыш сыныпта сабақ берді. Тұрсекең апайдың қатардағы шәкіртінің өзі бір ауылдық округтің әкімі», деп әзілдеп қойды.

Біз бұл шаңырақтан тұнық тәрбие мен ізгі қасиеттерді, мейірім шуағын байқадық. Сол берекенің ұйтқысы – Тұрсынбала апай. Осындай берекелі бірлігімен, өнегелі ісімен көпке үлгі отбасылар көбейсе деген тілекпен аттандық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 Шу ауданым

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support