- Advertisement -

Жылт еткен жарнаманың бәрі жақсылық емес

146

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына үлкен қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті.

Ел Президенті қазір ахуал өте күрделеніп, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқанын, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағанына баса мән берді.

«Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және е сірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет. Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпаратты-сараптама жұмысын күшейтуі керек. Сондай- ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Рас, бұл күнде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлем халқы үшін ең үлкен қауіпке айналды. Жеті-сегіз жыл бұрын біздің елде де «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым пайда болды. Әуелгіде темекі қоспалары, уақыт өте түтіні жоқ темекі саудаланса, кейіннен түрлі атау жамылған синтетикалық заттар қаптап кетті. Ең өкініштісі – бұл дерттің құрбанына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жігерлі жастар айналып жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын айтып, дабыл қағуда. Мамандар химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып бара жатқандығына алаңдаулы. Өңірімізде жыл басынан бері заңсыз айналымнан 4 келі 467 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұдан бөлек, есепті кезең ішінде есірткіге қатысты 439 қылмыстық дерек анықталған. Биыл облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі өткізудің 98, оны аса ірі мөлшерде сақтаудың 47 және есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың 3, есірткі құралдарын контрабандалаудың 7, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 13 фактісін анықтаған. Тәртіп сақшыларының көмегімен 393 түп есірткі өсімдіктері жойылған.

– Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Қарасора-2022» республикалық кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Аталған іс-шара барысында 107 тонна 930 келі жабайы сора шабу және өртеу арқылы жойылды. Ал 3-13 қыркүйек күндері аралығында облыс бойынша 216 есірткіге қатысты құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Оның ішінде 88 есірткі қылмысы, 128 қылмыстық теріс қылық фактісі анықталды. Бұдан бөлек, есірткі заттары контрабандасының 4, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 12 дерегі тіркелді. Анықталған аумақтарда 84 түп есірткі өсімдігі жойылды. Жалпы, заңсыз айналымнан 2 тонна 237 келі түрлі есірткі заттары, оның ішінде 2 тонна 179 келі марихуана, 53 келіден астам гашиш, 13 грамм героин, 884 келі апиын, 61 грамм каннабис шайыры және 4 келі 467 грамм синтетикалық есірткі заттары тәркіленді.

Қазіргі таңда жастардың арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт басқармасымен сондай-ақ түрлі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 44 кездесу, 27 семинар және 34 дөңгелек үстел, 22 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Мұнда көпшілік назарына есірткіге қарсы сипаттағы бейнефильмдер, слайдтар ұсынылды. Түптеп келгенде, мұның бәрі жастардың «жақынына» айналған психикалық белсенді заттардың таралу жолдарына тосқауыл болу мақсатында қолға алынуда, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Дінмұхамбет Қойториев.

Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса да, тәртіп сақшылары амалын тауып, буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дертіне дауа іздеуде. Десе де, бүгінде кез келген адам үшін интернет қолжетімді екенін ескерсек, бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай тұрғаны өкінішті. Осы тұста ата-аналар тарапынан балаларға деген бақылаудың әлсіздігі – онсызда күрделі мәселені ушықтырып жіберуде. Психолог Құндыз Абашева санаулы секундтар ішінде психиканың күл-талқанын шығаратын синтетикалық есірткіге деген жас ұрпақтың қызығушылық танытуы оларға үлкендер жағынан қадағалаудың болмағанымен байланыстырады.

– Қазіргі таңда синтетикалық есірткінің саудасы қызып тұр. Анығын айтқанда, түрлі телеграм каналдарында басқа да әлеуметтік желілерде улағыш зат емін-еркін сатылып жатыр. Арам ниеттілер «синтетиканы» өткізу үшін түрлі амал-айла ойлап табуда. Мәселен, гашиш «ыстық бәліш» кодтық сөзімен бұрмаланып, саудалануда. Бұдан бөлек, арнайы QR кодпен, мультфильмнің персонаждарымен бейнеленетіндері де бар. Оған мұқият қарасаңыз, сатушының есірткіні қай жерге жасырғанын байқауға болады. Ессіз әрекеттерге апаратын есірткі саудасының бізге мәлім жолдарының бірі осы.

Синтетикалық есірткінің қатты белең алуы әсіресе пандемия кезінде анық байқалды. Төрткүл дүниені жұрты коронавируспен әлек болып жатқанда, имансыздар өз жоспарларын іске асырды. Бұл тұста олар ерік-жігері әлсіз жастарды осы дерттің торына онлайн сауда арқылы іліктірді. Интернетте де оның жарнамасы жарқ ете қалды. Осы тұста ата-аналарға ескерту жасағым келеді. Ұл-қызыңыздың бос уақытында немен айналысып жүргендігіне, кіммен араласатынына көңіл бөліңіздер. Себебі, жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынамыз деген сылтаумен заңсыз есірткі сақтау жолдарын үйретіп жатқандар бар. Былайша айтқанда, курьер қызметімен қызықтырады. Сондықтан өз перзенттеріңіздің әр қадамынан хабардар болған абзал. Әйтпесе, қазір кей ата-аналар бала тәрбиесіндегі өз қателіктерінің барлығына әкімдікті, полиция қызметкерлерін кінәлауға үйір болып алды. Есірткіні қара күшпен жеңе алмайтынымызды ескерсек, синтетикалық нашақорлықтың таралуына, оның интернеттегі жарнамасы мен саудасына қоғам болып бірлесе қарсы тұруымыз керек. Өйткені профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бұрынғыдан да маңызды болып отыр, – дейді Құндыз Нұрғалиқызы.

Болашақта есірткі саудасымен айналысу өмір бойы бас бостандығынан айыруға алып келуі мүмкін. Әзірге Қылмыстық Кодекстің 296, 297 баптарына сәйкес 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бүгінде өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінде қылмыстың нақ осы түрі бойынша сот үкімімен кінәлі деп танылған 592 адам жазасын өтеуде. Бұған қосымша, пробация қызметінде 208 азамат есепте тұр. Жыл басынан бері түзеу мекемелерінің қоршауынан есірткі лақтырудың 8 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі фактіге артық. №58 мекемесінің режим бөлімінің аға жедел уәкілі әділет майоры Айгүл Абдыбаеваның айтуынша, тәртіп сақшылары тарапынан сотталғандардың туған-туыстарына тиісті түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілсе де, заңға қайшы әрекет тыйылмай тұр. Мәселен, бүгінгі күнге дейін дәл осы жабық мекеменің қоршауынан есірткі лақтырудың 3 дерегі анықталса, бұдан бөлек, есірткіні құрылыс-материалдарының ішіне жасыру арқылы алып кірмек болған тараздық жігіт құрықталған. Жұлынқұрт ағзасын улап, абақтыға қамалғандардың бірі – Сұлтан Утегенов. Өзегін өкініш өртеген ол енді өмірінің 11 жылын темір торда өткізуге мәжбүр. Алғашында ермегіне айналған улы түтіннің ақыр соңында болашағына балта шапқанын қынжыла жеткізді.

– Еркіндіктің қадірін білмедім. Есірткіге деген алғашқы әуестігім кейіннен онсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге түсірді. Есірткі нәрін бойға сіңіріп үлгерген соң, құмарлық жиілігіне ұшырадым. Нәтижесінде темір торға тоғытылдым. Өзегімді өкініш өртеп барады. Бірақ, амал қайсы? Өткен уақытты кері қайтара алмаймын ғой. Кеште болса, өз қателігімді түсінгеніме тәубе етемін. Жастарға айтарым, өз өмірлеріңе өздерің ғана жауаптысыңдар. Дос-жаран, араласатын ортаны ата-анамен ақылдасып барып, таңдаңдар. Қасыңда жүргендердің барлығы шын дос емес екенін қазірден ұғыныңдар. Білім алуға, жақсы дүниелерді игеруге күш салыңдар, – дейді сотталған Сұлтан.

 Түйін:

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында Қарағандыда оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының инспекторы полиция аға лейтенанты мефедрон сатып алуға көмектескені және есірткіні заңсыз сақтағаны үшін сотталғаны туралы ақпарат тарады. Дәл осы тұста халқымыздың «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген нақыл еріксіз еске түседі. Тәртіп сақшыларының өзі есірткінің таралуына жағдай жасаса, өзгеден не күтеміз?!

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support