- Advertisement -

Асқақ рухты азамат!

173

- Advertisement -

Қадірлі қайраткер Асанбай Асқаровты қазақ ұлысы ең әуелі мемлекет және қоғам қайраткері деп таниды. Оның үш өңірді басқарғанын, еңбек жолындағы еңселі һәм батыл бастамаларын, іргелі істерін айтып тауыса алмай жатады. Десек те ұлтына ақтық демі қалғанша адал қызмет еткен Асқаровтың жүрегі ақын еді. Жазықсыз жала жабылып, қапаста жатқан кезде де ардың туын жықпаған адалдық ақтаңгерінің жүрегі, жан сөзі жырмен өрілді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың дүниеге келгеніне биыл 100 жыл. Ғұмырында Қазақстандағы айтулы үш облыс – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстанды басқарған Асанбай Асқарұлының есімі біздің өлке үшін айрықша. Себебі облыстың өркендеп- өсуіне үлкен үлес қосты. Ғасыр дарабозы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бірге тізе қосып еңбек еткен тұлға ел есінде мәңгі қалды.

Бүгінгі қазақ поэзиясының кентавры Маралтай Райымбекұлы «Қазақта екі-үш-ақ ақын бар, Қанаты талса да қонбаған» деп айтқандай, Асанбай сынды асқақ тұлға ой тереңдігін танытқан сүбелі шығармалар жазып кетті.

Мен елімнің перзентімін, гүлімін,
Арқасүйер азаматы – ұлымын.
Еліме мен аямаймын, жұмсаймын,
Ғұмырымның мағыналы шырынын,– деп өзі жырлағандай, тағдырдың талай тақсіретін тартса да адамдық, адалдық қасиетін асқақ ұстап, өмір өзегіне кір шалдырмай кеткен Асанбай Асқаров шын мәнінде Алаш зиялыларының ізбасары сынды көрінеді.

Ол қоғамның ішкі дағдарыстарының себеп-салдарын ашуға ерен күш жұмсап, тарихи заңдылықтар мен кездейсоқ оқиғалардың жігін ажырата отырып ертеңгі күнге нақтылы қадам жасай білген көреген басшы еді. Күйкі тірліктің күйбеңіне көңіл дариясын күпті етпей, азапталған аза сәтінде қазақтың қасиетті қара өлеңімен тыныстады. Сол дем әлі өзінің туған өлкесіндегі халқына самал желдей есіп тұр.

Қадірлі басына қара бұлт үйірілген сәтте жазған жырлары әлі күнге жұрт жадында, оқырман жүрегінде.
Қандай ауыр,
Қандай қиын түрмеде,
Телміртеді,
Бір минутың өтпейді.
Дерің бар ма, жатыр мұнда кім, неге? Жаламенен келген жандар көп дейді…

…Қолдан келер шара бар ма мұндайға, тек уақыт барлығын анықтар. Мұндағылар қойғанымен «ыңғайлап», Ақ, қарасын ақтайтұғын халық бар, –
деп өзі айтқандай, ол халқын, қастерлі қазағын, дархан елін қас қағым сәтте де есінен шығармады.

Өз елін әділдіктің шыңына балады. Сол сенім оны шыңға алып шықты.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Жігіт едім, амал не,
Ашуымды қайнатты,
Бармағымды шайнатты, – деп жанайқайы жыр болып жаңғырған Асанбай Асқаровтың ақындығына ешкім де шүбә келтіре алмайды.

Себебі оның жазған дүниелерінде өмірдің сәулелі және көлеңкелі жақтары қанық һәм анық бейнеленеді. Әсіресе оның өз тағдырының тәлкекке түскен шағындағы жазған өлеңдері сол кезеңнің аласапыран, сүреңсіз әрекеттерін, адам өмірінің ойыншыққа айнала бастағанын әрі өткір, әрі көркем тілмен жеткізеді. Ащы да болса ашынып, ашып айтады.

Ел тарихындағы желтоқсан көтерілісінен кейін жазықсыз жаламен түрмеде отырса да адалдықтан қол үзбеді. Адалдықтың алтын шырағындай қаламы қолдан түспеді. Ақын Асқаровтың осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты жыр жинағы осылайша абақтыда жазылды.
Бала емеспін,
Көн дегенге көнем бе,
Жанымды аяп,
Жалған жауап берем бе.
Соным үшін «…Ал босадың» дегенде, Қай бетіммен қарай алам мен елге, – деп тектілік пен серттің, парасат пен бекзадалықтың, төзім мен табандылықтың нағыз кейпін халқының жүрегіне кертіп алсаң да кетпестей етіп кестелеп кетті.
О, Туған ел!
Зиялылар,
Асылдар.
Тыңдаңыздар,
Үлкенің бар,
Жасың бар.
Мен елімнің дақ салмаймын арына, Олай етсем,
өздерің-ақ басымды ал, – деген ар сөзінің өзі арқадан аяз жүгіртетін ақиқат еді. Ол өзінің саналы ғұмырын, өртті дауылдай өмірін осындай ұстаныммен сүрді.

Сағындым ғой мен сені, атамекен, Мен түрменің дәм-тұзын татады екем деген жоқ ем, амал не, сатқындардың, Сатқындығы жаныңа батады екен,
– деп халқына абақтыдан талай-талай хат жазды. Жабыққан жанын жырмен жұбатты. Қаншама азапты бастан кешсе де рухы сынбады.
Интернатта қара нанды жеп едім, Бірақ оны қара екен демедім.

  1. Аш кезіңде татқан дәмің бір басқа, Оның дәмін әлі ұмытпай келемін, – деген оның әйгілі жыры халықтың жүрегін тебіренткен термеге айналды. Жалпы ақын Асқаровтың әрбір жырында тағдыр бар. Барлығын оқи отырып, автордың өзімен бірге күйзелесің, қиналасың, бірақ асқақ рухани қайратты көресің. Оның жырлары адамды биікке жетелейді. Ешбір қиындыққа мойымауға баулиды. Жан аямай еңбек етуді, өз қарақан басың үшін емес, елің һәм еліңнің болашағы үшін аянбай адал еңбек етудің бақытын түсіндіреді.
    Шындықты айтсаң іркілме,
    Сөзің зая кетпесін.
    Құны оның бір тиын,
    Уақыт өтіп кеткесін.
    Тура сөзбен тұқыртқын,
    Тесердей ғып өкпесін, – деп өзі айтқандай, оның жырлары да өзі іспетті туралықтың туы болып тұр. Сондықтан Асқаровтың поэзиядағы қолтаңбасы әділдікпен бірге жасай беретіні сөзсіз.

 

Нұржан Қадірәлі

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support