Ерлік іс ешқашан ұмытылмайды

Ерлік іс ешқашан ұмытылмайды
ашық дереккөз
Ерлік іс ешқашан ұмытылмайды
Ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен шақта иығына қару асынып, Отанын қорғаған ержүрек ұлдарымыз аз емес. Солардың қатарында Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіровтің есімі ерекше аталады. Батыр көзі тірі болғанда алдағы қазан айында жүз жасқа толар еді. Ерлікке бас иген жерлестері, Талас ауданының азаматтары аталған ауданның Сәду Шәкіров, Кеңес ауылдарында іс-шаралар ұйымдастырып, бюст ашып, ас берді. Іс-шара Сәду Шәкіров ауылында батырға арналған бюсттің ашылуынан басталды. Іс-шараның ашылуында Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Үрістенов батырлар мәңгі ел есінде екенін айта келіп, бұл құндылықтың жас ұрпақ үшін таусылмас тағылым екеніне тоқталды. Шу ауданынан арнайы келген ақын, ардагер ұстаз Сәт Мәлібекұлының Сәду батырға арнау жырын толғана тыңдағандар аз болмады. Батырдың қарындасы Күләшай Шәкірова, қызы Алмашай Шәкірова ерлігімен танылған тұлғаның адамгершілік асыл қасиеттеріне терең тоқталды. Алматыдан келген кәсіпкер Сайлау Нүрпейісов, С.Шәкіров ауылдық билер кеңесінің төрағасы Мәдібек Мылтықбаев, батырдың немере інісі Марат Балғынбаев сөз сөйледі. Шу ауданынан жауапты өкіл Ербол Аймағанбетов бастаған бірнеше кісі келіп, батыр рухына құрмет көрсетті. Бюсті аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов пен батырдың қызы Алмашай Шәкірова ашты. Артынан жүздеген кісілерге ас беріліп, батыр рухына Құран бағышталды. Мұнан соң батыр рухына арналған іс- шара Кеңес ауылында жалғасты. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ерлікке тағзым» атты аудандық мүшәйраға 32 талапкер қатысып, Қаратау қаласы, А.Байтұрсынов атындағы гимназиясының 7-сынып оқушысы Іңкәр Жаңабай бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды Ш.Уәлиханов орта мектебінің оқушысы Ұлан Сарыүйсінбек иеленді. Екінші орын Алғабас орта мектебінің оқушысы Жансая Тоқбай мен Б.Әлменұлы орта мектебінің оқушысы Аяулым Қилыбайға берілді. Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінің оқушысы Бекболат Әбілхан, Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушысы Қазыбек Сембек, Д.Қонаев атындағы мектеп лицей оқушысы Қарақат Қантбекке үшінші жүлде бұйырды. Сондай-ақ Есейхан ауылынан келген Алдияр Сәттұрсынұлы «Жеңіске құштарлығы үшін» жүлдесін иеленді. Бұл жиында қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылып, бәйге мен көкпар берілді. Артынан дастарқан жайылып, батыр рухына Құран бағышталды. Батырға арналған кітап таратылды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Алматыда тұратын кәсіпкер Сайлау Нүрпейісов, ғалым Базартай Әлімбаев, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы және Арын Асқарбекұлы үлкен үлес қосты.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар