Кеше Үкімет отырысында алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шаралары және елімізде адам капиталын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыстың қорытынды брифингінде мәлім етілді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар жайында брифингте Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. «2015 жылы біздің еліміздегі елеулі оқиғалар ауқымды түрде өткізілетін ерекше жыл болады. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қамтылмақ. Атап айтқанда, алдағы жылдағы үлкен шара Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына байланысты болады», деді министр. Оның сөзіне қарағанда, Елбасының тапсырмасы бойынша министрлік қазіргі кезде үлкен тұжырымдама жасап, кешегі Үкімет отырысында осы құжат кеңінен талқылаудан өтті. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегіне сүйене отырып, бүкіл ғалымдар бір тұжырымға келді. Яғни, осыған сәйкес, 1465 жылы Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі атап өтіледі. «Қазақ хандығына байланысты ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, деректі және көркем фильмдер шығады. Оның ішінде Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы үлкен телехикая түсіріледі. Қазіргі кезде біздің ғалымдарымыздың анықтауымен тарихымыз айқын жолға түскен кезде, әрине, біз оны көркемдік белеске шығаруымыз керек», деп қосты министр. Осы орайда ол бұл бағытта тиісті жұмыстар басталғанын айта келе, «2015 жылдың қаңтарынан бастап аталмыш сериалдарды түсіруді іске асырамыз», деді. Атқарылатын шаралар негізінен үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – патриоттық бағытта, екіншісі – ақпараттық, яғни ғылыми-көпшілік бағдарламаларды, танымдық деректі фильмдерді, қазақ халқының мәдениеті мен өнегелі қасиеттері туралы көркем фильмдер жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы тарату, үшіншісі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтиды. Жылдың аяғына дейін өңірлерде мерейтой іс-шаралары жалғасады. Жалпы, келер жылы мерейтойға арналған 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, алдағы жылы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге байланысты да барлық шаралар Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өтетін болады. Аталған іс-шаралар жоспары таяуда Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітіледі. Ал қорытынды шара Қазақ хандығының алғаш құрылған жері Шу мен Талас өзендерінің арасындағы алқапта 2015 жылғы қыркүйекте Елбасының және бірқатар шетелдік меймандардың қатысуымен өтеді деп жоспарлануда.
Ұқсас жаңалықтар
Сот жүйесінде татуласу тәртібі қалай реттеледі?
- 14 қаңтар, 2025
Тойымыз түзеліп, асымыз астамшылықтан ада болса...
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді