- Advertisement -

Ауылдықтар неге алаңдайды?

188

- Advertisement -

Жуалы ауданында Диқан атты шағын ауыл бар. Сол ауылға, шыны керек, осы уақытқа дейін тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. Мәдениет ошақтарын былай ысырып қойғанда, бүлдіршіндері балабақшаға, оқушылары үйірмелерге бармайтын, түзу де жарық жолмен жүріп, ауыз суды аулаларынан ала алмайтын ауылдың бірі болатын. Тек соңғы бірер жыл көлемінде елді мекен көшелері жарықтандырылып, асфальт төселіп, су жүргізіліп, ауылдың бойына «қан жүгіре» бастады. Ал ең бастысы, биыл оқушылар іргетасы мектеп ретінде қаланбаған, жапсарлас соғылған аядай тар ғимаратпен қош айтысып, үш қабатты, заманауи, жаңа білім ошағына көшті. Бұл күн тұрғындардың айрықша естерінде қалды.

Бүгінде диқандықтарды алаңдатып отырған ендігі мәселе, ауылдағы ескі мектеп ғимараты. Күтіп ұстаса әлі талай жыл балақайларға қызмет етуге жарайтын ғимаратты ауылдықтар аула клубына айналса деп армандайды.

– Кейде өзге ауылдарға қарап қызығасың. Ата- аналары балаларын қосымша сабақтарға, спорт, би секцияларына, тағы да басқа баланың білімін шыңдап, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеуге септесетін үйірмелерге беріп жатады. Бізде мектеп ғимараты тар болғандықтан, ондай мүмкіндік болмады. «Аула клубы» дегеннің атын естігеніміз болмаса, ауылымызда мүлдем жоқ.

Бізде талантты балалар өте көп. Біразы аудан орталығына қатынап қосымша үйірмелерге барып жүр. Ауыл ортасы біраз жер болғандықтан, олардың қыстыгүні екіортаға қатынауы біраз машақат тудырады. Енді осындағы дайын ғимаратты бұзғызбай, қараусыз қалдырмай, кәдеге асырсақ құба-құп болар еді. Болашақ – білімді, жан-жақты жастардың қолында. Оларға салынған инвестиция әрдайым еселеніп қайтатынын ескеріп, тиісті құзырлы орындар тілегімізді аяқасты етпесе екен дейміз, – дейді бір топ ауыл тұрғындарының атынан редакциямызға өтініш айта келген көпбалалы әке Ғани Бекбаев пен жас кәсіпкер Нұрлан Сармурзин.

Осы мәселе төңірегінде депутаттық сауал жолдап жүрген Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Мұхамеджан Асемов болса:

– Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кезекті есепті кездесуінде диқандықтар «бұрынғы мектеп ғимараты ауыл балаларына аула клубы ретінде берілсе» деген өтініштерін айтқан болатын. Соның негізінде мен депутаттық сауал жолдап, мәселе облыс әкімінің хаттамасына енгізілді. Мұнымен қоса, осы мәселе бойынша аудандық, облыстық білім басқармаларының басшыларының қабылдауында болдық. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов ғимарат басқарма балансында болғандықтан, оны аула клубы ретінде пайдалануға беру жағын қарастыратынын, алайда штат мәселесін шешу жағы қиындау екенін алға тартып отыр. Біз тым болмаса 3 қарауыл, 1 техникалық қызметкердің штаты берілсе деп отырмыз. Ол жұмысқа да арнайы комиссия құру арқылы ауылдағы жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасылардан жұмысшы алар едік.

Егер ауыл тұрғындарының осы өтініші орындалса, «Балалар жылына» тамаша тарту емес пе? Мұнда спорт та, білім де, өнер де, барлығы бір жерге шоғырланар еді. Әрі көрші Қайрат ауылының балалары да бұл игіліктің пайдасын көрер еді, – дейді.

Әдетте «Жастар – біздің болашағымыз», «Жастар – қуатты Қазақстан көшбасшысы» деген сыңайдағы сөздерді жиі айтамыз. Енді соны нақты іс жүзінде орындасақ, шіркін!

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support