Мойынқұмдықтардың мәселелерін тыңдады

Мойынқұмдықтардың мәселелерін тыңдады
ашық дереккөз
Мойынқұмдықтардың мәселелерін тыңдады
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді. Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Аймақ басшысы алдымен Мойынқұм ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.  width= Айта кетейік, бүгінге дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдер халықпен 713 кездесу өткізген десек, оның 21-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған. Мойынқұмдықтар кездесуде денсаулық сақтау саласына қатысты, ауданға көгілдір отын тарту, таза ауыз су, жастар арасындағы жұмыссыздық және тағы басқа өзекті мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. – Біз облыстың даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін халық саны 200-ден асатын барлық елді мекендерді газбен, таза ауыз сумен қамтуды көздеп отырмыз. Шу ауданында салынып жатқан АГТС негізінен Мойынқұм ауданындағы ауылдарды көгілдір отынмен қамтуға бағытталған. 13 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Алдағы уақытта, АГТС және құбыр тарту жұмыстарын қатар жүргізуге басымдық беріледі. Жастарды жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл тұрғыдағы мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар мен жобалар аз емес. Жергілікті әкімдік жастардың сол жеңілдіктерге қол жеткізіп, қайтарымсыз грант, тиімді несие алып, өз кәсібін бастауға қол ұшын созу керек. Ұйымдастыру жұмыстарын нәтижелі үйлестіре білуі тиіс, – деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ортақ түсініктің болуы аса маңызды екенін айрықша атап өтті. – Біз еліміздің өркендеуін қаласақ, халық билікке сенім артып, заңдылық пен тәртіпті сақтауға тиіспіз. Халық пен билік өзара түсінісіп, екі жақты жауапкершілікті сезінгенде ғана мәселелерді шешуде нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді Нұржан Молдиярұлы. Дәл осындай кездесу Бірлік ауылдық округінде өтті. Мұнда ауылдықтар негізінен мектепті күрделі жөндеуден өткізу, жол, суармалы су жүйелерін байлау, дәрігерлік амбулаторияны жаңғырту, газ тарту және тағы басқа мәселелерге назар аудартты. Басқосулар қорытындысымен көтерілген мәселелерді шешу бойынша заң аясында жұмыстар жүргізу үшін Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесулерден соң облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.  

Есен ӨТЕУЛІ

 Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН.

     

Ұқсас жаңалықтар