Қордай гранитінің даңқы бұрыннан-ақ алысқа кеткен-ді. Түсі көзтартарлық қызғылт, беріктігі жөнінен дүниежүзіндегі қандай граниттен де кем түспейтін оған қызығушылар көп болған. Алматының, облыс орталықтарының басты алаңдары мен гүлзарларын, ескерткіш тұғырларын безендіруге қолданылады. Тіпті, бұрынғы одақ елдерінің біразында Қордайдың қызыл гранитімен сәндеп қапталған ғимараттар аз емес. Ал мұндағы граниттің Соғанды қырқалары астында бұғып жатқан қоры әлі жүз жылға жететін көрінеді.
Кеңестік кезеңде ауданда гранит өңдейтін бір ғана өндіріс орны болса, еліміз тәуелсіздік алғалы бері олардың саны арта түскен. Қазіргі «Қызылтас», «Қордай-Гранит», «Қордай-Тау», «Техногранит-KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің атауларынан-ақ олардың жұмыс бағытын білуге болады. Сонымен қатар, «Мамутов и компания» серіктестігі де гранит тастарын өңдеуге маманданған. Өткен жартыжылдықта бұл кәсіпорындардың цехтарынан жалпы 70 миллион теңгенің үш мың тоннаға жуық гранит бұйымдары шығарылды. Тас өңдеу технологиясы жыл өткен сайын жаңартылуда. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын ғана өмірге келіп өндірістік қуаты мен жарақтандырылуы жөнінен бәрінен асып түсетін «Техногранит-КZ» ЖШС-да компьютермен басқарылатын роботтық станоктар, бір өзі ондаған тонна алып гранитті қиындықсыз кесетін диаметрі үш метрге дейін баратын фрезерлік аралар қолданылады.
Тасты кесіп, әртүрлі өлшемде өңдеп көзтартарлық бұйымға айналдыратын мұндай станоктар «Қордай-Тауда» да бар. Серіктестіктің бас директоры – осы саланың маманы Руслан Махметов. Ал цех бастығы Василий Язынин қырық жылдан аса осында еңбек етіп келеді. Алғаш карьерде тас кесуші бола жүріп, техникумда сырттай оқып арнайы білім алған. Өндіріс орны ашылған күннен бері осында прораб, бригадир, цех бастығы болып келеді. Өндірістің ортасында жүрген білікті маман. – Бізде гранит өңдейтін төрт цех бар, – дейді Василий Алексеевич, – олардың үшеуі кен орны маңында, біреуі аудан орталығында орналасқан. Одан бөлек карьерде екі забойшылар бригадасы бар. Өндірісте бас-аяғы елуден аса адам жұмыс істейді, олардың барлығы дерлік жергілікті және көрші ауылдардың тұрғындары. Жалақылары атқарылған жұмыстың көлеміне қарай, орта есеппен 100 мың теңгеден. Аудан орталығынан алпыс шақырым жердегі гранит карьерінде жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жатақхана, асхана, кеншілерді вахтаға апарып, әкеліп тұратын жайлы көліктеріне дейін бар. «Қордай-Тау» ЖШС биылғы бірінші тоқсанда 14 тонна, ал екінші тоқсанда 1327 тонна, барлығы 26 миллион теңгенің гранит бұйымдарын дайындаған. Одан кейінгі уақытта да жұмыс көлемі арта түсті. Ал шығаратындары – кесек граниттен тапсырыс берушінің қалауына қарай әртүрлі үлгідегі жылтыратылған плиталар, алаңға қойылатын өрнекті бұйымдар, тақтатастар, жол жиегін көмкеретін бордюрлер, жолға төселетін брусчаткалар. Серіктестік өнімдері соңғы жылдары Астана мен Павлодардағы темір жол вокзалдарын, Медеуге көтерілетін баспалдақтарды, Тараздағы облыстық прокуратура ғимаратын безендіруге пайдаланылыпты. Әсіресе, Тараздың 2000 жылдығына дайындық кезінде «Қордай-Таудың» өндірістік цехтарынан жүздеген шақырым бордюрлер дайындап жіберілгені есте. Аудан орталығындағы соғыс құрбандарына арналған көзтартарлық мемориалдық кешенде олардың да қолтаңбасы бар. Тіпті, қалталы тұрғындардың үйлері мен саяжайларын, кәсіпкерлердің сауда, демалыс орындарын безендіруге, бейіт басына қойылатын құлпытастарға дейін әртүрлі тапсырыстар түсіп жатады. Цех бастығы бізге тас өңдеу технологиясын жетік меңгеріп, басқаларға үлгі болып жүрген мамандардың бірқатарын атады. Олар – тас кесуші Руслан Табысбаев, аға механик Александр Декун, карьер бригадирі Нұралы Қызыров, цех бригадирлері Марат Жанұзақов, Димаш Жұмағұлов, Бейсенқұл Көрпелдесов. Мол тәжірибесімен және тындырымдылығымен ұжымның ұйытқысына айналған жандар. Гранит өнімдеріне тапсырыстың артуына байланысты алдағы уақытта карьердегі өндіріс аумағын кеңейту жоспарланып отыр екен. Жаңадан отызшақты адам жұмысқа қабылданбақшы. Сондай-ақ, тастарды кескеннен шыққан кесек қалдықтар брусчатка тәрізді ұсақ бөлшектерді дайындауға жұмсалып, одан кейінгі барлық қалдықтарды арнайы диірменде уатып, құрылыста әрлеу жұмыстарына және аллея жолдарына төсеуге таптырмайтын қызғылт қиыршықтарға және құрылыстық құмға айналдыру технологиясы іске қосылмақшы. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қалдықсыз технология бойынша жұмыс атқарылып жатыр.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді