Әлібектің жиһазы

Әлібектің жиһазы
ашық дереккөз
Әлібектің жиһазы
Аудан экономикасының артуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкердің бірі – «Izgi is Qordai» ЖШС директоры Әлібек Омар. Ол 2000 жылдары мемлекеттік қызметтен кәсіпкерлікке бет бұрған азамат. Негізгі мамандығы құрылысшы-инженер болғандықтан, оның алғашқы кәсібі жиһаз жасаумен байланысты болған еді. Осы кәсіппен бірге ол бүгінде бірнеше саланы қатар алып жүр. Жуырда Әлібек облыстық «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысып, жүлде тұғырынан көрініп, ауданның абыройын бір көтеріп тастады. Енді кәсіпкер республикалық байқауға қатысуға дайындықты бастап кетті. Ол байқауға да кәсіпкер өз жиһаздарын ұсынбақ. Қордай ауылында орналасқан жиһаз цехы тұтынушыларына бұрыннан таныс. Шифоньер, үстел, орындық, арнайы ортопедиялық матрацтарды шығарумен айналысатын цехтың өнімі Қордай ауданында ғана емес, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында да өткерілуде. Өндірістік ғимаратта орналасқан жиһаз цехында бүгінгі таңда төрт-бес бөлім жұмыс істеуде. Атап айтсақ, металды өңдеу, ағаш өңдеу, сыртын қаптау, жиһазды құрастыру, әрлеу-сырлау бөлімдері жеке-жеке бөлмелерде орын тепкен. Цехта келген металл арматураларды өздері иіп, кесіп, қажетті формаларға келтіріп дайындай алады. Болашақ жиһаздың ою-өрнегі мен қалыбын да арнайы машиналармен өздері кесіп жасауда. Жуырда Қытайдан компьютерлік бағдарлама арқылы жұмыс істейтін арнайы машина алыныпты. Арнайы бағдарламаға дизайнын енгізсең, станок ағаштан қажетті затты кесіп, дайындайды. Жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Әлібек Долбайұлы өз ісінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Қордайдағы білікті ұсталардың бірталайы еңбек жолын осы цехтан бастағанын мақтанышпен айтты. Қазіргі кезде цехта жасалған өнім Қордайда және Алматыда орналасқан арнайы жиһаз дүкендеріне жеткізіліп, өткерілуде. – Біздің қазіргі басты мәселеміз – маман тапшылығы болып тұр. Жастар келіп үйренеді, меңгеріп алған соң Алматы сияқты ірі қалаларға кетіп қалады. Бұл бір жағы өндірісті ұлғайтуға да кедергі болуда. Өнімімізге сұраныс көп. Үлгермей жатырмыз. Жақында Алматы қаласында тағы бір цех ашпақ ниетіміз бар. Қордайдан Алматыға жиһаз тасу қымбатқа түсетіндіктен осы қадамға бармақпыз. Онда өз дүкеніміз жұмыс істейді. Ол цех сондағы дүкенді жиһазбен қамтамасыз етеді, – дейді Әлібек Омар. Айтып қана қоймай, кәсіпкер мәселені шешудің жолдарын да іздестіру үстінде. Мәселен, жастарды үйрету үшін цехтың базасында кәсіптік білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, арнайы сыныптар ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Одан бөлек, шетелде іссапарда болғанында солардың жиһаз зауыттарында болып, олардың жұмыс тәжірибесін де көріп қайтыпты. «Барлығы автоматтандырылған, ең ауыр жұмысты машиналар істейді. Конвейерлік жүйе кеңінен пайдаланылады екен. Бізде кей жағдайда бір адам жиһаздың ағашын түсіруден бастап, жинау, сырлау жұмысына дейін басы-қасында жүреді. Сондықтан жуырда өзімізде де конвейерлік жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Жұмысшылардың жұмысы жеңілдесе, кадр тапшылығын да шешуге болады деген сенімдеміз», – дейді кәсіпкер. Айта кету керек, кәсіпорынның «Қазақстанның үздік тауары» байқауындағы жеңісі оңай болмаған. «Izgi is Qordai» ЖШС байқауға төрт жыл қатарынан қатысқан екен. Міне, биыл төгілген тер мен жұмсалған еңбек ақталып, кәсіпорынның жұмысы облыс деңгейінде танылды. Енді кәсіпорын республикалық деңгейге шығып, облысымыздың атынан өз тауарын байқауға шығармақ.  

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Серғазы МАНАСБАЕВ,

журналист.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар