Алдағы бағытымыз айқындалды

Алдағы бағытымыз айқындалды
ашық дереккөз
Алдағы бағытымыз айқындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ел тұрғындарының көптен көкейінде жүрген мәселелердің басын ашып, айқындап берді. Атап айтқанда, ел экономикасындағы олқылықтарды аша айта отырып, олардың шешу жолдарын көрсетті. Әсіресе, отандық тауарларды өндіру, орта және шағын бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығын әрі қарай жандандыру, еңбекшілердің табысын көбейтіп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелеріне аса көңіл бөлді. Президент мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешуде 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу міндетін жүктеді. Әрине, ел болашағы саналатын жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуын қаласақ, білім беру саласына тиісті жағдай жасауды жалғастыру керек. Бұл – бүгінгі заманның талабы десек те болады. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының рөлі айрықша. Бүгінде төрткүл дүниені капитал емес, оны құрайтын адамдар басқарады. Сол себепті, біз білім саласындағы инновациялық өзгерістерге дайын болуымыз керек. Бұл – нақты және ашық жұмысты талап ететін жауапты міндет. Өңіріміздегі жетекші оқу орындарының бірінің педагог маманы ретінде бұл шаралардың барлығы дерлік ел экономикасын дамытып қана қоймай, дамуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Мемлекет басшысы Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруға қосымша қаражат бөлінетінін атап өтті. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап педагог қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұл осы саланың одан әрі дамуына сөзсіз ықпал етеді. Өз кезегінде барша ұстаздар қауымы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырғаны белгілі.  

Перизат ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар