- Advertisement -

Түркістандық төрт команда топ жарды

239

- Advertisement -

«Тараз-Арена» спорт сарайында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты республикалық турнир осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылды. Бұл жобаның мәні бөлек. Алдымен бір әулетті ынтымақ, бірлік, жұмысты жұмыла көтеруге шақырса, бір жағынан қазақ футболының болашақ жұлдыздарына да бір мүмкіндік. Белгілі спорт журналисі, футбол жанашыры Несіп Жүнісбаевтың осы жобасы жүзеге асқалы талай сәттіліктер болды. Осы турнирге 8-9 жасында келіп алаңда әулет намысын қорғағандар қазір Ұлттық құрамада, еліміздің өзге де таңдаулы клубтарында ел намысын қорғап жүр.

 Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұханов сөз алып барлық командаларға сәттілік тіледі. Жазушы, «Бір атаның балалары футбол ойнайды» жобасының авторы Несіп Жүнісбаев толғана сөйлеп: «Айналайын, осы турнирге қатысушылар, сіздер тарихи оқиғаның үстінде тұрсыздар. Мұндай турнир Қазақстаннан басқа мемлекетте жоқ. Осы турнирге 3 жасында көрермен болып келіп, кейіннен Ұлттық құрамада ойнаған Жамбыл Көкеев бүгін алаңда өздеріңізге қарсылас болып доп тебеді. Барлық командаға жеңіс тілеймін. Қазақ футболының болашақ жұлдыздары сіздердің араларыңыздан шығады деп сенемін», деді. Мұнан соң облыстық спорт саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Марат Қойшыбеков те жылы лебізін білдірді. Айтыскер Нұрлыбек Құрмановтың арнау өлеңі де сәтті шықты. Турнирдің бас төрешісі Асхат Әбденбаев екені де хабарланды.

Турнирге еліміздің әр түкпірінен 33 команда қатысты. Алғашқы ойындардың бірінде алматылық Көкеевтер отбасы жамбылдық Кейкі батыр отбасын 5:1 есебімен ұтты. Айта кетерлігі бұл ойында Кейкі батыр командасынан соғылған жалғыз голды 69 жастағы Әзімбек Тілешовтың соққаны сөз жоқ ерекшелік. 69 жасында алаңда жүріп қана қоймай, аталған турнирдің 6 дүркін чемпионы атанған Көкеевтердің қақпасына гол салу талай жасқа үлгі емес пе? Айтпақшы, осы турнирді Тараз жерінде белсенді ұйымдастырушылардың да бірі – осы Әзімбек Тілешов. Ал әріптесіміз Нұржан Туғанбай құрамында ойнаған Мәуленовтер командасы топтық кезеңнен шыға алмады.

Келесі күні өткен 1/8 финалға 16 команда іріктелді. Бір қызығы өз топтарынан сүрінбей шыққан үздіктер арасында да тосын жағдайлар аз болмады. Мәселен, атағы жер жарған Көкеевтер жуалылық Қазбековтерден 1:4 есебімен ұтылып, жарыс жолынан ерте шығып қалды. Мырзабековтер Айжоловтарды, Мұхтар ата командасы Дәуіт ата командасын ұтып, ширек финалға өтті. Дадахан ата командасы әйгілі Байшолақовтардан басым түскені қандай ерекше сәт десеңізші! Сейітбек ата командасы Қалыш ата командасын, Жолдас әулеті Нұрсейіт әулетін, Иманқұл ата әулеті Әбдіғұл ата әулетін ұтты. Базарбаевтар әулеті Сұлтан ата әулетінен басым түсті.

Ширек финалда түркістандық Мырзабековтер жуалылық Қазыбековтерді ұтты. Жуалылық команданы жүлдегерлер қатарынан көргіміз келіп еді. Амал қанша, жартылай финалға барар жолда сүрінді. Мұхтар ата командасы Дадахан ата құрамасын 1:0 есебімен жеңсе, Жолдас әулеті жуалылық Сейітбек ата құрамасының қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Түркістандық Базарбаевтар мен Алматы облысы, Тарғаптан келген Иманқұловтар ойыны аса шиеленісті өтті. Негізгі уақытта 2:2 есебімен тең ойнап, пенальти сериясына жүгінді. Ол жерде де 5:4 айырмасымен ғана Базарбаевтар жеңіске жетті.

Жартылай финалда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданынан келген Мұхтар ата командасы сол облыстың Созақ ауданынан келген Мырзабековтер командасын 7:3 есебімен айқын ұтса, Базарбаевтар құрамасы Жолдас әулетін 1:0 есебімен жеңді. Финалда Мұхтар ата құрамасы Базарбаевтарды 2:1 есебімен ұтып, чемпион атанды. Үшінші жүлде үшін таласта Жолдас әулеті құрамасы Мырзабековтерді ұтты. Сонымен, бұл жолы Түркістан облысының төрт командасы алға озып, өздерінің шеберліктерін көрсетті.

Жеңімпаз және жүлдегер командаларға медаль, диплом, қаржылай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ Мырзабековтер құрамасында ойнаған Нұрғиса Мұхамедәлі «Ең жас ойыншы», Кейкі батыр құрамасынан Әзімбек Тілешов «Ең жасы үлкен ойыншы», Мәуленовтер командасынан Марат Туғанбаев «Үздік қақпашы», Жолдас әулеті командасынан Еркебұлан Жолдас «Сұр мерген» және Мұхтар ата командасынан Райымбек Мұхтар «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбаев, жазушы Несіп Жүнісбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Жаңа Ру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымхан Төлендиев жүргізді. Ал көрермендер екі күн бойы футбол додасын көріп, тамаша әсерге бөленді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support