Әйгілі ақын Әулиеата өңіріне келді

Әйгілі ақын Әулиеата өңіріне келді
ашық дереккөз
Әйгілі ақын Әулиеата өңіріне келді
Қазақ халқының дара ұлдары, дана перзенттері аз емес. Ұлттың ұлылығын, елдің ерекшелігін танытып жүрген де сондай тұлғалар. Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны Шаханов та қазақ тарихындағы тұлғаның бірі. Қазақтың қай толқыны болса да, лирика мен отаншылдық сезімдерге толы жырларын жаттап өскені рас. «Достық деген – ізгіліктер алаңы, Оған куә ғасырлар мен замандар. Отанын да сатып кете алады, Қиын шақта досын сатқан адамдар» деп жырлаған Шаханов Отанына, халқына, әдебиетке адал болды. Сол адал қалпында сексен жастың сеңгіріне шықты. Мұхтар Шаханов жайлы көптеген дара тұлғалар ғажайып жылы пікірлерін айтыпты. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев: «Мен үшін Олжас пен Мұхтар Шахановтың орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар» депті. Ал Қасым Қайсенов «Түйсігі жанжалдыққа жаны қас – шыншыл түйсік» деп бағаласа, Расул Гамзатов: «Мұхтар Шахановты мен мақтан етемін» деген екен. Ғаламат ақын Төлеген Айбергенов Мұхтарды бозбала шағынан танып, жанына ертті. Шәмші Қалдаяқовтың Әбіләхат Есбаевқа «Егер Шаханов ақындығын қоя тұрып, тек ән шығарумен айналысса екеумізді де жарты жолда қалдыруы мүмкін» деп әзілдегені тегін емес. Мұндай жоғары бағаны Нобель сыйлығының лауреаты Ханс Петер бастаған шетелдік бірнеше танымал тұлғалар да берген. Бұл лебіздер Мұхтар Шахановтың ақындық, азаматтық тұлғасына берілген әділ баға. Мұхтар Шахановтың есімі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алтын кітабына жазылған. Нобельдің алтын медалінің, Америкадағы Калифорния индустрия ғылым академиясының, Альберт Эйнштейн алтын медалінің иегері. Мұсылман әлемінің ең жоғарғы сыйлығын алған, әлемнің 60- қа жуық мемлекеттерінен 120-дан астам сыйлықтың иесі, 22 мемлекеттің ғылым докторы, профессоры, академигі атанған. Мұхтар Шаханов 80 жылдық мерейтойына орай Жамбыл жеріне келді. Биік тұлғаны облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қарсы алып, құрмет көрсетті. Әуелі Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында М.Шахановтың 80 жылдығына арналған іс-шара өтті. Ол жиында танымал айтыс ақыны Айтмұханбет Исақов арнау жырдан шашу шашса, бірнеше оқушылар ақынның жырларын жатқа оқыды. Олардың ішінде жас айтыскер Алина Айдаралы, көркемсөз оқу шебері Анель Айдаралиева да бар. Бұдан кейін «Баласағұн» орталық концерт залында Мұхтар Шахановтың кеші өтті. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. «Ғұмыр-дария» атты ән мен жыр кешіне халық көп жиналды. Концерт залының фойесіне тақырыптық баннерлер қойылып, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы дайындаған кітап көрмесі және «Алатау» фольклорлық ансамблінің концерті ұйымдастырылды. Мұнан соң сахна шымылдығын Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы желісіне қойылған композициямен ашылды. Аталған театр актерлері Танакөзге екі қимас достың ғашық болып қалуын, сол кездегі психологиялық әсерлерді керемет көрсете білді. Мұнан соң сахнаға мерейтой иесі Мұхтар Шаханов шақырылды. Мерейтой иесін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтады. – Қадірлі жамбылдықтар! Бүгін өңір халқы үшін ерекше күн! Жамбыл топырағына өздеріңіздің қадірлі ақындарыңыз Мұхтар Шаханов келіп жатыр. Ақынның тойы Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы кездесу кешінен бастау алды. Сол кездесуді ұйымдастырған жас азаматтарға алғысымды білдіремін. Қадірлі Мұхтар аға! Қазір ғана барша көрермен орнынан тік тұрып сізге құрмет көрсетті. Бұл сіздің ерекше талантыңызға деген құрмет. Сіз барша қазақ елінің мақтанына айналдыңыз. Тіпті әлем мемлекеттері деңгейінде қазақ әдебиетін биік деңгейге көтердіңіз. Өлеңдеріңіз елге патриоттық сезім, асқақ рух сыйлайды. Сізге елдің атынан алғыс білдіремін. Еңбегіңізді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бағалап, мемлекеттің ең жоғарғы марапатын, алтын жұлдызын кеудеңізге тақты. Өлеңдеріңіз әлемнің 200 мемлекетінің тіліне аударылған. Қоғамдық жұмыстарыңыз ерекше бағалы. Сіз әлі де қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналатын өлең, поэмаларды жаза беріңіз. Өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін, – дей келе облыс басшысы ақынның иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті. Ақын Мұхтар Шаханов та сөз сөйледі. «Қадірлі жамбылдықтар! Сіздердің зор ықыластарыңызға, құрметтеріңізге рақмет. Өздеріңіз бағалағандай биік мүдде жолында жүрсек, ол сіздердің арқаларыңыз, қолдауларыңыз. Мен халыққа ортақ біраз істердің басы- қасында болдым. Шығыс мерекесі наурыздың тірілуіне, қазақ жерінде тойлана бастауына ықпал еттім. Менің өлеңдерімнің 200 тілге аударылғанын қазір облыс басшысы да айтып өтті. ЮНЕСКО менің өлеңдерімді үздік өлеңдер деп таныды. Әр мемлекеттің маған шын көңілдерімен берген сыйлықтары өте көп. Сол үшін өзімді бақытты санаймын. Тағы да рақмет, көңілдеріңізге ризамын», – деді ақын. Мұнан соң шығармашылық кеште Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Мұхтар Шахановтың сөзі мен әніне жазылған бірнеше әндерді шырқады. «Туған күн кешінде» әнін Жанна Асанқұлова, «Жұбайлар жыры» әнін Бақыт Шағырбаев керемет жоғары деңгейде орындаса, Ғани Мәтебаев орындаған «Махаббат елі» әні де көпшілік көңілін дөп басты. Разия Нұржанова орындаған «Өмір-өзен», Дулат Жасұзақов шырқаған «Арқалықтың ақ таңы» әндері де елдің көңіліне ерекше әсер берді. Тіпті көрермендер де қосылып шырқап отырды. Индира Хамзина мен Жәнібек Бестерек орындаған «Мен саған ғашық едім» әні жүректерге жетіп жатты. Мейіржан Самылтыров орындаған «Әке туралы жыр», Гүлшат Тінәсілова шырқаған «Айналайын» әндерін толқып тыңдаған көрермен аз болған жоқ. Жанар Өстемірова орындаған «Баба Түркістан», Қайсар Көкішев орындаған «Бала махаббат» әндері де тыңдармандарын дөп тапты. Концерт соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Концерт соңында барша көрермен орындарынан тік тұрып, Мұхтар Шахановқа және өнерпаздарға құрмет көрсетті. Бұл күні аңыз ақын Мұхтар Шахановты ардақтаған, ақыннан қолтаңба алып қалуға таласқан оқырмандарда есеп болған жоқ. Бұл – ақынның бақыты болса керек. Осылайша, 80 жасқа толған Шахановтың жырлары Әулиеата аспанын керемет әсерге бөлеп тұрды.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар