«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңқурайдан түсетін табыс көп

Таңқурайдан түсетін табыс көп
ашық дереккөз
Таңқурайдан түсетін табыс көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында халықтың әл-ауқатын жақсартуға үнемі басымдық беріп келеді. Бұл ретте халық мемлекеттен атаулы көмек, несие алып қана қоймай, өз жағдайларын өздері жасауға да үйренгендері жөн. Міне, мұны жете сезінген азаматтардың арасында ардагерлеріміз де аз емес. Өмірлік тәжірибесі мол қариялар өздерінің ісімен жастарға үлгі көрсетіп келеді. Соның бірі – Сарыкемер ауылында тұратын 71 жастағы зейнеткер, ауданның құрметті ардагері Нұртаза Аманғозиев. Ол жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында тер төккен азамат. Зейнет жасына жақындағанда су барлау экспедициясында еңбек етіп, зейнетке шығыпты. Зейнетке шыққаннан бастап қарап отырмай үй іргесіндегі жер теліміне жеміс ағаштарын отырғызып, көкөніс егіп, күтіп-баптауды қолына алады. Кішкене ғана шарбағынан өз отбасына және бөлек шығып кеткен ұл-қызына жеткілікті көкөніс пен жеміс-жидек жинап, үлестіруде. Қазір де бақшасы жайқалып, алмасы көздің жауын алып тұр. Қызанағы қызарып, асқабағы пісіп жатыр. – Біз кейінгі 10 жылдан бері үй іргесіндегі жер телімімізді игере бастадық. Бұрынғыдай бұл жерден жиналған өнімді қанағат тұтпай, енді табыс табу жағын ойластырдық. Негізгі кәсіп ретінде 2 сотық жерге «Полька» сортты таңқурай егіп, оның өнімін сатуды қолға алдық. Таңқурайға дұрыс күтім болса ол қар түскенше өнім береді. Одан басқа бақшада 15-20 түп жүзім, 10 түп әртүрлі жеміс ағаш бар. Ал мына сіздердің көздеріңіз түсіп тұрған асқабақ жердің жетіспеуінен қора іргесіне егіліп, арнайы жасалған ағаш саты арқылы қора төбесіне көтеріліп, жайылған. Бүгінде түйіндері үлкейіп, пісуге жақын қалды, – дейді Нұртаза Аманғозиев. Үйінің маңайындағы тал-терек, жеміс ағаштары, қып-қызыл болып өскен таңқурайлар көз тартады. Жердің тарлығынан қиярлары да жүзім сатылары мен жеміс ағаштарын бойлай өсіп, өнім беріп тұр. Үш сотықтан аса жерге егілген бақшаны қария құдық суымен суғаруда. – Таңқурайымызға сұраныс көп. Тіпті алдын ала хабарласып, жазылып қоятындар да бар. Сондықтан да ерте көктемнен бастап бақшадан шықпаймыз. Таңқурай толық піскенде жұбайым Бибінұр екеуміз тыным таппаймыз. Қажет кезінде балаларым мен немерелерім де жанымнан табылады. Олар арамшөптерді отау, жеміс түптерін қопсыту тәрізді жұмыстарға да қатысады. Уақтылы суаруға да қолұштарын береді. Уақытында суарып, дұрыс күтім жасалса таңқурайдың 1 түбінен 5-7 килограмға дейін өнім алуға болады. Жыл сайын жас буындарын көшеттесе, 2-3 жылда ол да өнім бере бастайды. Біз жыл сайын жас көшеттерді де сатып, пайда табамыз. Көшеттерді отырғызып, оның күтімі туралы өз тәжірибемізді бөлісеміз. Өзіміз кәсіп етіп отырған таңқурайдың өзінен базарға апармай-ақ үйде отырып, бір маусымда 450-500 мың теңге таза пайда табамыз. Ал алма, асқабақ, жүзім, қызанақ, қиярларды өзіміз пайдаланамыз, кейде артығын ағайын, көршілерге үлестіреміз. Олар алғыстарын айтып жатады. Қазақта «алтын алма, алғыс ал» деген жақсы сөз бар емес пе? Мен үшін алғыстан асқан байлық жоқ, – дейді ағамыз ағынан жарылып. Нұртаза аға әңгіме арасында жердің жетіспеуінен биылғы ерте көктемде аула сыртындағы аядай жерді қоршап, картоп еккенін айтып қалды. Картоптың да шығымы жақсы. Қазып алып күнделікті асқа пайдалануда. Міне, осылайша мемлекеттен ешқандай несие алмай, Үкіметке қол жаймай өз жағдайын өзі жасап отырған сарыкемерлік Нұртаза ағамыздың тындырымды тірлігі өзгелерге үлгі болуы тиіс.  

Сүндетулла ӘБіЛОВ,

журналист. Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар