«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғын үй құрылысы 7,1 пайызға артқан

Тұрғын үй құрылысы  7,1 пайызға артқан
ашық дереккөз
Тұрғын үй құрылысы 7,1 пайызға артқан

Бұл жөнінде кеше өткен облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев мәлімдеді. Кеңеске облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты. 

Облыс бойынша құрылыс саласы жобаларының тоғыз айдағы орындалу барысы туралы хабарлама жасаған басқарма басшысы Р.Байтелиев «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 2014 жылы 256,9 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі жоспарланып, тоғыз айдың қорытындысы бойынша 168,6 мың шаршы метр тұрғын үйдің тапсырылғанын жеткізді. Осылайша, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 7,1 пайызға артып отыр. Жалпы, басқарма облыста 151 нысанның құрылысына және 51 жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға бюджет әкімшісі болып табылып, осы мақсатта 31,6 миллиард теңге бөлініп, тоғыз айда игерілуі тиіс 27,6 миллиард теңгенің 27,4 миллиард теңгесін игеріпті. Яғни, қаржының игерілуі 99,2 пайызды құрапты. Жалпы, бүгінгі таңда облыс бойынша 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Басқарма басшысы жыл соңына дейін тағы үш үйді пайдалануға беріп, биылдыққа облыс бюджеті есебінен 31,1 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырғандарын айтты. Дегенмен, жеке тұрғын үй құрылыстары бойынша жылдық жоспар артығымен орындалғанымен (12,1 пайызға) кейбір аудандардың артта қалып отырғаны белгілі болды. –Жамбыл ауданы өткен жылмен салыстырғанда – 29, Шу ауданы 6 пайызға кем орындаған. Жыл соңына дейін көрсетілген жоспарды толық орындау қажет. Осы бағдарламаны игеруде тұрғын үйлерге жобалық-сметалық құжаттамалар мерзімінде дайындалмауы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобалардың жоқтығы, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға қала және аудан бюджеттері есебінен қаржы қарастырмауы сияқты бірқатар проблемалар бар, – деді Р.Байтелиев. Мәселен, Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшам ауданында биыл пайдалануға берілгелі отырған екі үйдің ішкі алаңдарының инженерлік жүйесімен қамтамасыз етуге ЖСҚ-сы кеш дайындалып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері енді өткізіліп жатса, Қордайдағы 50 пәтерлі тұрғын үйдің де инженерлік жүйелермен қамтамасыз етуге ЖСҚ-сы мерзімінде әзірленбеген. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы автобекет аумағындағы – 98, Сабалақов көшесіндегі 362 гектар жер телімдерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау да кешігу үстінде. Осының салдарынан жыл сайынғы бағдарламаға сәйкес қаралған қаражат республикалық бюджет есебінен толық бөлінбеуіне әкеп соғуда. Хабарламашы облыс экономикасының жекелеген салалары бойынша жүзеге асып жатқан құрылыс жобаларының түйткілдеріне де тоқталды. Мәселен, білім саласы бойынша бірдей көрсеткіштегі нысандардың сметалық құндары әртүрлі болып шыққан әрі техникалық шарт пен нысанға жүргізілетін инфрақұрылым бойынша да келеңсіздіктер орын алған. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша нысанға жер бөлу кезінде ол жерлердің өзге мақсаттағы жер екендіктері ескерілмей, қайтадан жер бөлу салдарынан құрылыс қарқыны кешеуілдеген. Мұны басқарма басшысы жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының немқұрайлылығы деп есептейтінін жасырмады. Сонымен қатар, Рахманқұл Байтелиев ауылдарға медициналық нысандар салу кезінде оның жанынан жас мамандарға арналған тұрғын үйлерді қоса салу туралы облыс әкімі бастамасының әзірге іске аспай тұрғанына қынжылыс білдірді. Басқарма ондай үйлердің шығынын есептеп, қажетті қаржының жобасын жасап қойғанымен аудандар тарапынан әзірге қозғалу байқалмайды. Аппараттық кеңестің екінші мәселесі бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова хабарлама жасады. Басқарма басшысы облыстағы барлық 51 кәсіптік колледждердің білім беру әлеуетіне тоқталды. Жалпы, аталған 51 колледжде бүгінде 29 922 студент 85 мамандық пен 133 біліктілік бойынша білім алу үстінде. Кеңес соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыста химия өндірісінің қайта жаңғырып келе жатқанына байланысты бізге әлі көптеген мамандардың қажет болып отырғанын айтып өтіп, бұл бағытта күн құрғатпай атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі қос мәселе бойынша орынбасарлары мен бірқатар басқарма басшылары, аудандар мен Тараз қаласының әкімі өздеріне тиісті тапсырмаларын алды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар