Жол салынғанмен, оның сапасы қандай?

Жол салынғанмен, оның сапасы қандай?
ашық дереккөз
Жол салынғанмен, оның сапасы қандай?
Мемлекет үшін экономиканың басты күретамыры – жол. Бір сөзбен айтсақ, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген салалары дамитыны белгілі. Қазақ «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп, ел таны» дейді. Бұрынғы бабаларымыз аттың қомында желіп жүрсе, бүгінгілер темір тұлпар тізгіндеп, жол рақатын сезіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары елімізде автомобиль жолдарының құрылысы қарқын алып, жақсы жолдар үлесі артуда. Облыстағы жалпы 10 038 шақырым жолдың 4 376-сы автомобиль жолы болса, 5662 шақырымы елді мекендердегі көше жолдарын құрайды. Мұның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1 198, облыстық мәндегісі 1 756, аудандық маңызы бар жол 1383 шақырым. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолы мен елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру арқылы жалпы 16,2 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,3 миллиард теңгесі республикалық, 7,9 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттерден қаралған. Бөлінген қаражат есебінен 9,4 шақырым жол қайта жаңғырту, 605,2 шақырым жол орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның 194,1-і облыстық, 53,6-сы аудандық маңызы бар жол болса, 357,5-сі елді мекен көшелеріне тиесілі. Жол жөндеу бойынша аймақта 252 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізілуде.  width= Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 97 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 82 пайызға жеткізу көзделген. Әрине, жолдың көптеп салынып, тақтайдай тегістелуі халықтың алғысына бөлейді. Алайда «жол салынғанымен оның сапасы қандай?» деген сауал туындайтыны белгілі. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Жол активтерінің Сапа орталығымен» келісімшарт жасасуға жергілікті бюджеттен жалпы 105 миллион теңге бөлінді. Жол активтері сапа орталығына автомобиль жолдарын салу, қайта қалпына келтіру, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, жол активтерін басқару, сондай-ақ жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді қолдау функциялары жүктелген. Сапа орталығы арқылы құрылыс материалдары мен жасалған игіліктердің сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алынып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне өлшеулер жүргізу басқарма тарапынан жүйелі жолға қойылған. Бұдан бөлек, автомобиль жолдарының сапасын, қауіпсіздігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстарын жобаға сәйкес жүргізуді авторлық және техникалық қадағалау қызметтері қатаң бақылауда. Орталықпен бірлесе отырып, жол жабындысына зерделеу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көрсетілгендей, біз зерделеу жұмыстарын басқарманың әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфир арқылы ашықтықты қамтамасыз етудеміз. Биыл Сапа орталығы 273 жоба бойынша зерделеу жүргізіп, жол құрылысынан 601 сынама алынды. Нәтижесінде 100 кемшілік анықталып, талапқа сай жасалуы үшін тиісті мекемелерге нұсқамалар мен ескертулер берілді. Бүгінгі таңда ол кемшіліктер қалыпқа келтірілді. Жол сапасын арттырудың тағы бір жолы – жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа технологияларды пайдалану. Соңғы жылдары бұл бағытта облысымызда реджувасил, миркосюрфейсинг, суық ресайклер және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон, суық ресайклер технологиясы кеңінен қолданылып, өзінің оң нәтижесін бере бастады. Басқарма алдына қойылып отырған 3 жылдық жоспар 621 шақырым жолды орта жөндеуден өткізіп, қанағаттанарлық деңгейін 100 пайызға жеткізу. Оның ішінде 414 шақырым облыстық, 207 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар. Жол саласындағы өзекті мәселелердің бірі – автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы. Мұндай олқылықтардың орын алуы рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асып кететін ауыр салмақты жүк көліктерінің бақылаусыз жүріп өтуі басты себеп. Кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген ауыр жүк көліктері облыс, аудан аралығында арлы- берлі сабылуы, ой-шұңқырлардың пайда болуына, автожолдардың қызмет көрсету мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғуда. Соңғы жылдары «HOWO», «SHACMAN» өндірісте қолданатын жүк көліктерінің салмағы автомобиль жолдарында рұқсат етілген салмақтан 25 тонна, кейде 40- 45 тоннаға жетіп отыр. Осылайша, жүк тиелген автомобильдің салмағы рұқсат етілген массадан 15-20 тоннаға артық болуы жолдың ерте бұзылуына әкеліп соғуда. Олардың қозғалысын шектеу мақсатында Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізілуде. Өткен 7 айда жылжымалы көліктік бақылау посттарында 69 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 миллион теңге айыппұл салынып, өндірілді. Бұдан бөлек, жолда жол-көлік оқиғалары да азаймай отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 709 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 128 адам қаза тауып, 1 112 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның 167-сі республикалық, 79-ы облыстық, 463-і елді мекен жолдарында орын алған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы «Көркем- телеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастамашылық еткен облыс орталығында құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін «Тараз қаласындағы зияткерлік қауіпсіздік жүйесі және жол трафигін талдау» Сергек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы іске асырылуда. Аталған жоба қоғамдық және жол қауіпсіздігі мен құқық тәртібінің жалпы деңгейін арттыруға, жол бойында оқыс оқиғаларды азайтуға, қалалық көлік саласын басқару сапасын арттыруға, қылмыс деңгейін төмендетуге, бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде жедел жағдайды бақылауды жүзеге асыруға бағытталған. Жобаны іске асыру кезеңі 2022-2027 жылдарды қамтиды. Жоспар бойынша Тараз қаласында 35 желілік учаскедегі аппараттық- бағдарламалық кешен, 450 нысанға 1 250 бейнебақылау камералары, деректерді өңдеу және талдау орталығы: серверлер, деректерді сақтау жүйесі; коммутациялық және маршруттаушы жабдық, 13 қиылысқа аппараттық-бағдарламалық кешен орналастырылмақ. Бүгінде мемлекеттік- жекеменшік әріптестік шартымен бекітілген адрестік бағдарламаға сәйкес, 130 нысанда 413 бейнебақылау камерасы орнатылып, оның 165 данасы іске қосылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Сондай-ақ жүйені толық іске қосқаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің талаптарына сәйкестік рәсімдері жүргізіліп, оң қорытындысы алынған соң, желтоқсан айында нысанды пайдалану көзделуде. Бұдан бөлек, облыстық полиция департаменті тарапынан республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдықты шектеу камераларын орнату адресі бекітіліп, 10 жылдамдықты шектеу камералары орнатылды. Облыс бойынша 116 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның 12-сі облысаралық, 25-і ауданаралық, 46-сы ауданішілік және ауылішілік, 33 қалалық болып табылады. Жалпы 28 тасымалдаушы қызмет көрсететін 711 бірлік автобус бар. Оның 133-і облысаралық, 150-і ауданаралық, 98-і ауданішілік, 330-ы қалалық және қала маңындағы елді мекендерге қатынайды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерде «TulparCard» электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылды. Облысымыз бүгінде республика көлемінде ақысыз төлем бойынша үшінші орынға шығып отыр. Қазіргі таңда жалпы 250 992 (194 667 бірыңғай, 56 000 оқушы картасы) көлік картасы шығарылды. Оның 226 992 дана (180 667 бірыңғай, 46 325 оқушы картасы) карта қолданыста болса, сатылымға 23675 (14000 бірыңғай, 9 675 оқушы) шығарылды. Қалалық бағыттағы барлық автобустарда төлем қабылдау құрылғылары (400 мобильді, 369 стационарлық) орнатылған. Жол ақысын төлеудің 4 әдісі (қолма қол, TulparCard көлік карталары және QR код немесе автобустың сандық коды және SMS-төлем бар) бойынша жүргізілуде. 2019 жылдан бастап облыста барлығы 134 автобус жаңартылған. Оның ішінде, 2019 жылы 82 бірлік, 2020 жылы пандемия салдарынан автобус алу мүмкіншілігі болмаса, 2021 жылы 32 автобус сатып алынды. Биыл 30 автобус қолданысқа берілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы қосымша 65 автобус алу жоспарлануда. Жол қадірін жолаушыдан артық білетін адам жоқ. Кешенді жоспарлар мен бағдарламалар жол сапасын арттыруға өз септігін тигізетін болады. Ал жолдардың жасалуы мен оның сапасы басқарманың ұдайы назарында.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,

облыс әкімдігі жолаушылыр көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар