«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сервистік қызметтің сапасы артуда

Сервистік қызметтің сапасы артуда
ашық дереккөз
Сервистік қызметтің сапасы артуда

18Байланыс жүйесінің қызметі кез-келген мемлекеттің өмір сүруінің «күре тамыры» іспеттес. Мемлекеттердің экономикалық қуаты, халықтарының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзілік қауымдастықтағы рөлі мен салмағы әр елдің техникалық даму деңгейімен анықталады. Біздің елімізде де ақпараттық мәдениетке нақты қадамдар жасалуда. Бұл бағытта білікті басшы, «Құрметті байланысшы» Қанатбек Қалымбетовтің істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде Жамбыл аудандық өндірістік телекоммуникация дирекциясында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылуда. Заманауи техникамен жабдықталған мекеме аудан тұрғындарын байланыспен қамтамасыз етеді. Аудан аумағын байланыс желісімен қамту жұмысы 1970 жылы қолға алынған болатын. Тұрғындар сол кезде байланысқа сым желімен шығатынын әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Мекеме уақыт талабына сай қондырғыларды орнату нәтижесінде аудандағы барлық елді мекендер, әлеуметтік нысандар сапалы байланыс желісімен қамтамасыз етілді. Қазір ауданда 6622 телефон, оның ішінде CDMA WLL сымсыз байланыс жүйесі арқылы 1564 телефон орнатылған. Сондай-ақ, тұрғындар жоғары кең жолақты MEGALINE интернет желісіне қосылған. Атап айтқанда, интернетке 2601 абонент жалғанған. Барлық мектептер телефонмен, интернет жүйесімен байланысады. Қанатбек Серпенұлының жігерлі басшылығы нәтижесінде ID Pone және ID TV қондырғылары мен АЛТЕЛ ұялы байланыс жүйесі ауданда облыс көлемінде бірінші рет орнатылды. Жамбыл аудандық өндірістік телекоммуникация дирекциясында өз мамандықтарының қыр-сырын жетік меңгерген 48 қызметкер жұмыс істейді. Олардың өз істеріне жоғары жауапкершілікпен қарауы, халыққа сапалы көмек көрсетуі нәтижесінде мекеме 2008 жылдың қорытындысында «Үздік халыққа қызмет көрсету мекемесі», 2013 жылы «Белсенді мекеме ұжымы» атағын жеңіп алды. Аудандық өндірістік телекоммуникация дирекциясын 2000 жылдан бері басқарып келе жатқан Қанатбек Қалымбетов осы мерзімде мекемеде 25-тен астам өнертапқыштық ұсыныстарды енгізді. Мұның өзі еңбек өнімділігін және тиімділігін арттыруға игі ықпалын тигізді. «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық телекоммуникациялар дирекциясының директоры Жанықұл Сартбаев Қанатбек Қалымбетов және ол басқаратын ұжымның атына әркез ризашылығын білдіреді. Мекеме 2013 жылы белгіленген жоспарды 100,6 пайызға орындады. Үстіміздегі жылдың 9 айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 100 пайызды құрады. EVDO технологиясын енгізу қосымша қызмет түрлерін ұсынуға мүмкіндік берді. Интернет желісіне кең жолақты қатынау ID Pone, ID Net, сымсыз телефон, сымсыз деректерді тарату, интерактивті цифрлы теледидарды пайдалануға толық мүмкіндік туғызуда. Соңғы кезде Гродеково ауылынан Жасөркен ауылы аралығына 9,046 шақырымда, Шайқорық пен Бесжылдық ауылдары арасына 6,055 шақырымда және Аса ауылында 1,245 шақырымда жер асты талшықты кабелі жүргізіліп, Жасөркен ауылында – 250, Бесжылдық ауылына – 208 және Аса ауылына 370 абоненттік телефон нөмірін қосу үшін МАД қондырғылары орнатылды. – Инновациялық технологияларды кеңінен енгізу, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы келешекте телекоммуникация нарығында лайықты көшбасшы болу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырудамыз, – дейді Қанатбек Қалымбетов.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар