«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақбақайдың «авторына» музей ашылды

Ақбақайдың «авторына» музей ашылды
ашық дереккөз
Ақбақайдың «авторына» музей ашылды

16«Алтын – алмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалы алтын, күміс өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Алайда, осы өңірден алғаш кен орнын ашып, елімізді мол табысқа кенелтіп отырған даңқты геолог Дубек Дүйсенбеков екенін кейінгі ұрпақ біле бермейді.

Ол Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық университетін) бітірген. Текелі геологиялық барлау партиясында геолог, аға геолог, партия бастығы қызметін атқарды. Дүкең өз өмірінің 45 жылын жер қойнауындағы кендерді зерттеуге арнаса, оның 35 жылын Бетпақдалада өткізді. Қысы суық, жазы аптап ыстық өңірде жылдың төрт мезгілінде іздестіру жұмыстарын жүргізген ол дегеніне жетті. Өзінің жер асты қабаттарының әрбір бүлкілін сезіп, оны жүрегімен қабылдайтын жақсы қасиетінің арқасында Бетпақдаладан 100-ден аса алтынның белгісі бар кен орындарын тапты. Классикалық халық әндерін сүйіп орындайтын болғандықтан да өзі ашқан алтын кеніштерге «Ақбақай», «Бурылтай», «Мақпал», «Қаракесек», «Япурай», «Ақмаңдайлым» тағы басқа әндердің атын қойған. Ал «Думан-шуақ», «Бескемпір», «Кенжем» тәрізді кеніштердің алтын қоры Ақбақайдағыдан да ірі, бұл өңірдегі байлық алты ғасырға дейін жетеді деген екен Дубек ақсақал. Д. Дүйсенбеков 2012 жылдың желтоқсан айында өмірден өтті. Ақбақай ауылындағы Ақбақай орта мектебінде аты аңызға айналған геолог Дубек Дүйсенбековке арналған мұражайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген құрметті қонақтардың барлығы Дүкеңнің жақсы қасиет-терін сөз етті. Жиында аудан әкімі Болат Мәдікенов сөз алып, Дубек ағаның жүріп өткен жолдары, еселі еңбегі, соның арқасында ауданы-мыз көл-көсір табысқа қол жеткізіп отырғанын жеткізді. «Мектеп жанынан ағаға арнап музейдің ашылуы даңқты геолог, жерлесіміз Д. Дүйсенбековке жасалатын құрметтің бастауы болады», деген аудан басшысы Дубек ағамыздың жары Қантай апаға Алғыс хат тапсырып, үстіне камзол жауып, басына ақ орамал салды. Ал жаңадан ашылған музейге ескерткіш картина сыйлады. Бұдан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, «Алтын – алмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалының директоры Мақсұт Дүйсенаев, геолог Асылбек Абиров, геологтың үлкен ұлы Дәулет Дүйсенбеков және басқалар естеліктер айтты. – Дубек Ақбақайды өте жақсы көретін, үнемі тілеуін тілеп отыратын. Осы өңір гүлденсе екен деуші еді. Мен қайтыс болғанда мені сонда апарып жерлеңдер дейтін. Ол өз жағдайын ғана емес, көпті ойлайтын. Өз мамандығына ғашық жан еді. Айтқанынан қайтпайтын қайсар, еңбекқор болды. Көзі тірісінде-ақ еліміздің ең жоғары марапатына да ұсынылған. Алайда, түрлі себептерге байланысты оған қол жеткізе алмады. Дегенмен, осы ауданның басшыларына алғысымды білдіремін. Бүгін міне, Дүкең еңбек еткен жерде оны еске алып, музей ашылып отыр. Оқушылар аталарың секілді үлкен азамат болыңдар! Ал мектеп ұжымына жақсылық тілеймін! – деді Дубек атаның жары Қантай апа. Музей мектептің кең бөлмесіне орналасқан. Оған геологтың жазу үстелі, қаламсабынан бастап киген киімдері, жұмыс бабында қолданған әртүрлі құралдары қойылған. Сондай-ақ, Дүкеңнің домбырасы да төрінен орын алыпты. Алтын кенішін табу кезінде алынған әртүрлі тау жыныстары да көздің жауын алады. Музейге келушілер Дубек ақсақал туралы қысқа метражды кинофильмді де көре алады. Мектеп оқушылары қонақтарға арнап әуелетіп ән шырқады, мың бұрала би биледі.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар