Байқауда үздік шықты

Байқауда  үздік шықты
ашық дереккөз
Байқауда үздік шықты

Әдіскерлердің инновациялық мәнді тәжірибелерін айқындау, тарату және олардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, олардың жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру мен мәртебесін көтеру мақсатында биылғы жылдың қараша айының 21-23 аралығында Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Үздік жыл әдіскері» республикалық байқауы өтті.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең үздік деп танылған 89 әдіскер қатысты. Олардың арасында еліміздің 14 облысының Астана мен Алматы қалаларының мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының, жалпы орта білімге жетекшілік жасайтын аудандық (қалалық) әдістемелік кабинеттерінің, техникалық және кәсіптік білім беру, ЖОО, сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарының әдіскерлері, «Өрлеу» БАҰО» АҚ инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің мамандары бар. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мәжіліс залында өткен байқаудың ашылу салтанатында қатысушыларды «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнас Ахметова, Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова құттықтап, қатысушыларға шығармашылық табыс және сәттілік тіледі. Біздің облысымыздан деңгейлер бойынша байқауға 5 әдіскер қатысты. Әр қатысушы сында кәсіби шеберліктерін, шығармашылықтарын көрсетуге тырысты. Байқаудың білім беруді жаңғыртудың негізгі бағыттарын әдістемелік қамтамасыз ету, әдістемелік жұмысты ұйымдастыруда қазіргі технологияны пайдалану, әдістемелік ұсыныстар беру және оны жүзеге асыру, білім беру үдерісін бағдарламалық-әдістемелік өнімдермен қамту, оларды пайдалану тиімділігін сараптау, әдістемелік материалдарға пікір беру, байқау материалдарының мәдени және эстетикалық рәсімделуі секілді шарттары қатысушылар үшін оңайға соқпады. Байқау қорытындысы бойынша облыс әдіскерлері жүлдегер және аталымдар бойынша лауреат атанды. Соның ішінде, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің әдіскері Райхан Каландарова I дәрежелі, М. Төлебаев атындағы музыка мектебінің әдіскері Жанат Абилгазина III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Жоғары оқу орындары әдіскерлері арасынан «Көшбасшы әдіскер» аталымын Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова иеленді. Ал Тараз қаласының №35 «Ертөстік» балабақшасының әдіскері Марфуға Балтабаева «Креативті әдіскер» аталымына ие болды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Гүлнұр Иманалиева жүлделі III орынды иеленді. Байқау әдіскерлердің педагогикалық жаңаша ойлауына, рухани өсуіне, әріптес табуына, әдістемелік біліктіліктерін арттыруына оң әсер етті деуге толық негіз бар.

Гүлнұр Иманәлиева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің БАИ инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар