«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АНДАСТЫҢ АЛМАСЫ-АЙ!

АНДАСТЫҢ АЛМАСЫ-АЙ!
ашық дереккөз
АНДАСТЫҢ АЛМАСЫ-АЙ!

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркіге келген сапарының бірінде небәрі 25 гектар алма бағынан қыруар пайда тауып отырған андастық «Жасыл белес» шаруа қожалығының жетекшісі Үсен Қабылбектің тірлігін көріп, оның алдағы уақытта «алма бақ өсіру көлемін мың гектарға дейін жеткіземін» дегеніне ден қойған. Бау өсіруге де тамшылата суару технологиясын кеңінен қолдануды ұсынған.

Біз Үсекеңнің бизнес жоспарымен жан-жақты танысып шықтық. 1993 жылы құрылған қожалық жиырма жылдың ішінде бағбандықты ата кәсібіне айналдырды десе де болады. Үсеннің ойы қиянда: «Жемісімді шетел асырып сатсам» дейді. Алғашында Алматының ғылыми-зерттеу институтының мамандары Үсекеңе небәрі екі гектар жерге көшет отырғызудың жолын үйреткен. Қоймаға 50-60 тонна жеміс жиналғанда: «Мынаның бәрін қайда өткіземін?» деп те аңтарылған. Алайда алма болса, оны алатын адам табылады екен. Сөйтіп, бау көлемі жылдан-жылға ұлғая берді. Оның үстіне дәмі бал татитын сары алма «голденделишес» кімнің де түсіне кірері анық еді. Кейін он мың көшет отырғызып, сатқанда ол бұл бизнесті бекер таңдамағанына көзі анық жетті. Осынау интенсивті бақтарға арналған аласа бойлы көшеттер көбейген үстіне көбейе түсті. Енді қожалық басшысы 50 тонналық салқындатқыш камера орнатты. 2012 жылы оның сыйымдылығын 150 тоннаға жеткізді. Ол облыстың ішкі нарығына емес, Алматы мен Астананы көздей, Оңтүстікті бетке алып алма жөнелте бастады. Бірте-бірте алмаға қызыққандар «жасыл белеске» өздері келетін болды. Енді ол жаңаша «бренд» ашып, өніміне сауда маркасын қоюды ойластыруда. Қарап отырсаңыз қожалық жетекшісі қатардағы бағбаннан бизнесменге айнала бастаған тәрізді. Өйткені, биылғы түсім 140 тоннаға, сатылған көшет саны 102 мың 500-ге жетіп отыр. Осы жылдар ішінде өндірілген өнім көлемі бес есеге өсті. Үсекең енді алма өсіруді ғылыми негізде жүргізе бастады. Болашақта алманың вируссыз, бактерияларға төзімді сұрыптарын шығаруды көздеп отыр. Бауда тек алма ғана емес қара өрік, алмұрт та бар. Оған ауыспалы егіс жүйесіне енген тәлімбақтағы көшеттерді қосыңыз. Енді тамшылата суару технологиясын енгізу оның келешек жоспарларында бар. Оны әрине, жүзеге асыру үшін уақыт керек. Бағбанның алманы бұршақ ұрып кетпеуі үшін үстіне құрған торы да оның ізденгіштігінің нәтижесі деу керек. Ол өз өніміне деген сұраныстың азаймайтынына сенімді. Сондықтан бау көлемін алдағы 2020-сыншы жылға дейін 500 гектарға жеткізуді межелеп отыр. Бәрін айт та бірін айт, Андастың алмасының келешекте шетел аспасына кім кепіл бола алады?!

Садық Бұтабаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар