Тәулігіне 2 тонна сүт қабылдайды
Қазақ үшін төрт түліктің жөні бөлек. Мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын етіп келген қазақ малдың сүтіне де ерекше назар аударған. Десе де, заманында бейнеті мен зейнеті қатар жүрген ұлттық тағамды дайындау оңай соқпағаны белгілі. Ал, қазіргі техника мен технология дамып, жетілген заманда сүт өңдеу жұмысының дені автоматтандырылған.
Таяу күндері Шу ауданында да автоматтандырылған, өңірімізде баламасы жоқ, тұңғыш сүт өңдеу зауыты ашылғалы жатыр. Онда сиыр сүтінің түрлі өнімдері заманауи үлгідегі ыдыста өңделіп шығарылады деп күтілуде. Жаңалықты ести сала, Жаңа жол ауылында орналасқан зауытқа ат басын бұрдық. Мақсат – зауыт басшысымен кездесіп, жұмыс барысымен танысу. Кәсіпкер, зауыт басшысы Алмат Нұрманқұлұлын сөзге тартқанымызда, ол: – Кәсіпорын тәулігіне 2 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Өңделіп, тазартылып өндірілетін пастерленген сүт, айран, құтыдағы қаймақ, сүзбе арнайы полиэтилен ыдысқа құйылып дайындалады. Қазіргі уақытта құжаттарды заңдастырып, дайындық жасаудамыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мынау аппарат Уфа қаласынан әкелінген, құны 33 миллион теңге. Оны орналастыруды «Калакс» ЖАҚ құрастырушылары қолға алып жатыр. Қазіргі уақытта мұнда 4 адам жұмыс істейді. Зауыт ашылғанда арнайы технологтар жұмысқа қабылданып, 4-5 күндік дайындық курсына жіберілмек. Ауыл жастары да жұмыспен қамтылатын болады. Сүт өңдеуге қажеттінің барлығы ойластырылған. Арнайы пакеттер, пластикалық ыдыстар, мұздатқышы бар көлікке дейін дайын тұр. Өнімнің сыртына «Шу бренді» деген жапсырма жапсырамын. Біздің өнім сапалы, ешқандай қоспасыз дайындалады. Сол себепті сұраныстың жоғарылай түсуінен үміт бар. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын ғана емес, Шу ауданы мен көршілес Қордай ауданын да қамтамасыз етемін, - деді. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібе ретінде бағалаған.
Жәмила Ақберген.
Шу ауданы.
Суреттерді түсірген Петр Норкин
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді