«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Агросаладағы ауыл әйелдерінің ахуалы қалай?

Агросаладағы ауыл әйелдерінің ахуалы қалай?
ашық дереккөз
Агросаладағы ауыл әйелдерінің ахуалы қалай?

Ел егемендігін алған алғашқы жылдардан-ақ қазақ әйелдері сан салада ерлермен тізе қосып еңбек етіп, ерекшеленді. Әсіресе кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өнеркәсіптің өркендеуіне үлес қосып жүрген нәзікжандылар да баршылық.

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның қатысуымен өткен «Әйелдердің ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосар үлесі» атты ауыл әйелдерінің форумында кәсіпкер әйелдер бас қосты. Мән-маңызы жоғары форумда Майра Арпақызы ашып, спикерлерге сұрақ қойып отырды. Сонымен ең әуелі сөз тізгінін облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев алып, баяндама оқыды. Ол өз кезегінде форумның басты мақсаты–ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін көрсету, бөлісу, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту екенін айтты.

– Қазақтың әрбір қыз-келіншегі бүгінгі заманның ағымымен қызмет етіп, отбасының, бүкіл бір елдің ұйытқысы болуы тиіс деп ойлаймын. Қала мен дала арасындағы байланысты жалғауымыз керек. Тәрбиенің қайнары, ұлттық руxымыз әуелі ауылдан бастау алады. Соны насиxаттап, соны көрсетуіміз қажет! Бүгінгі күнде Жамбыл облысында 1 149 914 халық болса, оның 689 739-ы ауылда тұрады. Оның ішінде 339 769-ы әйелдер (49 пайыз). Олардың бір парасы әлеуметтік салаларда, шағын және орта кәсіпте, қызметтің түрлі салаларында еңбек етуде, – деді Еркін Үйсімбаев.

Мұнан соң еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті қаржылай қолдау департаментінің басшысы Мерей Исаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты өкілі Бағлан Аймырзаевтар республика көлемінде әйелдерге, оның ішінде белсенді топтарға жасалып жатқан көмек пен қолдаулар туралы атап өтті.

Расында сол қолдаудың шетін жамбылдық нәзік жандылар да көріп жатыр. Сондай- ақ форумда ірі кәсіпорын басшысы Александр Акирман, Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалмахановтар да сөз тізгінін алып, өздері қызмет ететін аймақтағы әйел қауымның жағдайын, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өрге сүйреп жүрген нәзік жандылар жөнінде баяндап берді.

Сонымен қатар атқарушы билік өкілдері өңірлердегі өзекті мәселелерге тоқталып, ойларын ортаға салды. Осы күні алматылық «Кәусар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найля Үмбетова, Түркістан облысы, «Олжас-Б» шаруа қожалығының төрайымы Набаткүл Байтанаева, жамбылдық кәсіпкер Назгүл Нәсиева, қызылордалық өкіл Гүлсім Дәрібаева да өз ойларын ортаға салып, әйелдер барлық салада да белсенді болуға қабілеті де қарымы да жететінін айтты.

Мұнан соң бірқатар ірі кәсіпорын басшылары сөз сөйлеп, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуы туралы, соның ішінде салаға әйелдердің қосып жатқан үлесі жөнінде кеңінен толғады. Форумда ауылдан келген белсенді әйелдер де өзекті мәселелерін, оймақтай ойын жеткізді.

Кейін Майра Арапқызы жиынды қорытындылап, келешекте елдегі агроөнеркәсіп кешенінің ілгерілеп, қарыштап дамитынына сенім білдірді.

– Бұл форум әйелдердің әлеуметтік мәртебесін жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, қазіргі таңда кез келген салада нәзік жандыларымыз белсене жұмыс істеп, қоғамның өсуіне, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес қазақ қоғамы бұрыннан әйел затына, анаға зор құрметпен қарайды, оларды қадірлеп-қастерлейді. Ауыл – халқымыздың бірлігі мен рухани байлығының, мәдениетінің қайнар көзі. Сондықтан ауылды дамыту – біздің ортақ міндетіміз. Ауылдағы әйелдер қауымы біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналып келеді. Кәсіби кемелдіктің, жауапкершілік пен табандылықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан әйелдер қауымына қолдау әрқашан жоғары болмақ. Еңбектеріңіз қашанда жемісті болсын, – деп түйіндеді Майра Арапқызы.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар