Коронавирус індетінің белгілері мен алдын алу шаралары

Коронавирус індетінің белгілері мен алдын алу шаралары
ашық дереккөз
Коронавирус індетінің белгілері мен алдын алу шаралары
Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясына шалдығу деңгейі өсіп келеді. «Бүкіл әлемдегі сияқты, омикрон ВА.5 штамынан болған COVID-19-дың кезекті толқыны биыл шілде айында елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70 пайызында анықталды», – деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Министрдің айтуынша, коронавирустың қазіргі штамы (Омикрон ВА.5) жоғары жұқпалығымен сипатталады және дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл өз кезегінде науқастардың 94 пайыздан астамы амбулаториялық жағдайда емделетіндігімен де расталып отыр. Коронавирус инфекцияның негізгі белгілері: мұрынның бітеліп, су ағуы, тамақтың ауруынан басталуы мүмкін. Аурудың жіті басталуы, уыттану белгілері, яғни, әлсіздік, бас ауруы, себепсіз шаршау байқалады. Дене температурасы да көтеріліп, бұлшық ет ауырып, оған жөтел қосылуы мүмкін. Ауру ауыр түрде өткен жағдайда ары қарай ауыр асқынуға ұласып, көп жүйелік қабыну синдромына шалдығуға әкеліп, яғни өкпе, бүйрек, ішек және мидың жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ вирус жұқтырған науқастардың 25 пайызына дейін аурудан кейін шаршау мен бас ауруына шағымданатыны туралы ақпарат бар. Көп адамдар короновирустың белгілері жоқ түрлерімен немесе жеңіл түрде ауырады. Осындай кезде олар короновирус инфекциясының жұқтыру көзі болып, айналасындағы адамдарға ауруды көптеп жұқтыратыны анықталған. Коронавирус індетінің алдын алу шаралары: – Қол және тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтау, қолды мұқият жуу, мұрынды изотониялық ерітіндімен жуу; – Иммунитетті көтеру: дұрыс ұйықтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу; – Бөлмені жиі желдету; – Жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту; – Катаралдық құбылыстары бар тұлғалармен қарым-қатынас жасамау; – Коронавирус жағдайлары тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау; – Адам көп жиналған жерлерден алшақ болу; – Әлеуметтік ара қашықтықты сақтау; – Вакцинация жасау. Вакцинациялау арқылы адамдардың арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырып, аурудың азаюына қол жеткіземіз. Мамандар бүкіл әлемді жайлаған пандемияны басқару үшін вакцина салу қажет деген ұстанымда. Екпеден соң иммунитет адамдардың 95 пайызында қалыптасады және жақсы иммундық әсерге ие. Вакцина салдырғаннан кейін адамдарда кейбір жанама әсерлер пайда болуы мүмкін. Бірақ оған қарап вакцинаның тиімділігін жоққа шығаруға болмайды. Әзірге бізде вакцинациядан басқа коронавирустан қорғанудың тиімді әдісі жоқ екенін ескеруіміз керек.  

Ләззат Джакияева,

Т.Рысқұлов аудандық орталықемхананың дәрігер-эпидемиологы.

Ұқсас жаңалықтар