ӨНДІРІСТЕГІ АУҚЫМДЫ ЖОБА

ӨНДІРІСТЕГІ  АУҚЫМДЫ ЖОБА
ашық дереккөз
ӨНДІРІСТЕГІ АУҚЫМДЫ ЖОБА

«ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы – ірі тыңайтқыш өндірушілердің бірі. Негізі 2001 жылы қаланған агрохимиялық компания аудан аумағында 2013 жылдың соңында бұрғылап-жару және құрылыс жұмыстарын бастады.

Кешенді жоспарға сәйкес, «Аралтөбе» және «Кесіктөбе» біріккен өндірістік алаңдарында әкімшілік-шаруашылық кешенді инфрақұрылымын салу, жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарын басқа орынға, жоғары кернеулі электр желілерінің орнын ауыстыру, алаңаралық автокөлік жолдарын салу, қосымша ғимараттар кешені, насостық және «Бүркітті» су торабынан су құбырын жүргізу, ұсақтау және құрғақ ұнтақтау қондырғысын орнату жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта болжам бойынша барлығы 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда компанияда 200 адам жұмыс істейді, 400-дей адам мердігерлік кәсіпорындарда еңбек етеді. Жұмыс істейтін мамандардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар. Жас мамандарды тарту мақсатында Жаңатас қаласындағы арнаулы орта білім беретін оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Осындай ірі құрылымның өңірде жұмыс бастауы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етері сөзсіз. Жер қойнауын пайдалану келісім-шартына сай аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлініп отырған инвестиция құны 40 миллион АҚШ долларын құрайды. 2012-2013 жылдары 10 миллион доллар бөлінсе, осы жылдың IV тоқсанында 5 миллион доллар бөлінеді деп күтілуде. Компаниядан бөлінген ақшалай қаржы келісім-шарт бойынша тұрғын үйлерді, бала-бақшалар, мектептер және тағы басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеуге жұмсалады. Кәсіпорын жұмысшылары үшін Жаңатас қаласында 60 пәтерлік тұрғын үйді өз меншігіне сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы жылдардың еншісінде маңызы зор бірқатар жобалар бар. Оның ішінде, «Жаңатас-Түркістан» бағыты бойынша темір жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. Қазіргі кезде ауданды газбен қамтамасыз ету жөнінде де осындай құжат дайындалуда. Жаңатастан Шымкент қаласы бағытындағы жолға шығатын автокөлік жолын жөндеу де жоспарда бар. Компания ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге, сонымен қатар, басқа да жобаларды жүзеге асыруда белсенді іс атқаруда.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар