«Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің тарихы 1946 жылдың 5 желтоқсанынан бастау алады. Фосфорит кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болып, өңірде химия өнеркәсібі қарқындап дамыды.
Бұрынғы Кеңес одағының әр қиырынан келген талай азаматтың даңқын Қаратау қазынасы әйгілі етті. Олардың ішінде Б.Гиммельфарб, А.Шеин, М.Фрид, А.Недогон, Ф.Сандт, сондай-ақ жергілікті ұлттан шыққан М.Мұхтаров, Ж.Каленов, С.Түйтебаев, А.Өмірзақов, А.Несіпбай, Б.Күлекеев, К.Сабабаев, Б.Асылбековтердің есімдері комбинат тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың алға қойған стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда химия өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің де үлесі зор. Бүгінгі таңда «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде 20-ға жуық ұлттың өкілінен тұратын 1532 адам жұмыс істейді. Ауысым шебері Әбдіманап Ысқақов, автокөліктерді жөндеу слесары Сергей Железняков, электрослесарь Қамбар Сатаев, экскаватор машинисі Мұрат Мұханов, слесарь Юрий Шемелов сияқты еңбек озаттары іргелі өндіріс ошағының мақтаныштары. Аға ұрпақ өкілдерінің жарқын жолын Илияс Сариев, Дәурен Алманов, Дәурен Мұханов және Абзал Шүкеев сияқты жас мамандар жарасымды жалғастырып келеді. Кәсіпорындағы мамандар қажеттілігін қамтамасыз ету үшін облыстағы техникалық мамандықтар беретін жоғары оқу орындары және жұмысшы мамандықтар дайындауда Жаңатас көпсалалы колледжімен келісім-шарттар жасалған. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне Мұратқали Сәрсенов басшылыққа келгелі өндіріс ошағы іркіліссіз жұмыс істеп келеді. Аз жылда іскерлігімен көрінген азамат Сарысу, Талас және фосфор кенінің бір бөлігі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының әлеуметтік жағдайына әркез көмек қолын созады. Оны Сарысу ауданының сайлаушылары облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлады. Жоғарыдағы үш ауданның Құрметті азаматы. Комбинатта биылғы жылдың 9 айында дайын өнім 112,1 пайызға орындалды. Фосфор кенінің өндірілуі 100 пайызды құрады. Кешеннің материалдық-техникалық базасын жаңарту назардан тыс қалған емес. Алдағы жылдарда да бірқатар жаңа техника алынады. Заман талаптарына сәйкес өндіріс ауқымын ұлғайтып, өткеру рыногын кеңейту мақсатында өндіріс процестерін жетілдіретін өндірістік қуаттарды қайта құрып, жаңғырту саласында да ауқымды жұмыс атқару қолға алынбақшы. Осындай талаптар шикізат базасына да тиесілі. Қазақстан өнімдерінің халықаралық өткеру рыногындағы бәсекелік қабілетін көтеру стратегиясына сәйкес, «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің мамандарымен «Өндірістік эксплуатациялық бағдарламасы» құрылды. Бағдарлама бес жылға жоспарланған. Мәрмәр кен орындарында да жұмыс қарқын алып келеді. Болашақта осы кен орнын одан әрі дамыту жоспарда бар. Соның арқасында өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл әрине, жақсылықтың нышаны. Жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемі артады, көптеген жұмыс орындары ашылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-мәдени дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан кәсіпорынның «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені облысқа танымал демалыс орны. Саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған жаттығу залдары, «Фосфорит» спорт клубы жұмыс атқарады. Спорт клубында түрлі секциялар жұмыс істейді, жақында теннис залы ашылды. Табиғаты тамылжыған «Бұзау шоқы» шатқалындағы «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінде жыл сайын 1000-ға жуық бала демалып, жазды көңілді өткізеді. Жаңатас қаласының келбетін жақсарту, санитарлық-тазалық, көгеріштендіру мен абаттандыру жұмыстарына, түрлі мәдени-спорттық шараларға демеушілік танытуда да кеншілер ұжымы белсенділік танытып келеді. Мереке Стамбеков, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері.
Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді