14 тамыз – Құрылысшылар күні. Биыл 153 жоба іске асырылады, ал 54 жоба келесі жылға өтпелі

14 тамыз – Құрылысшылар күні. Биыл 153 жоба іске асырылады, ал 54 жоба келесі жылға өтпелі
ашық дереккөз
14 тамыз – Құрылысшылар күні. Биыл 153 жоба іске асырылады, ал 54 жоба келесі жылға өтпелі
Облыста жылдан жылға құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Оны біз облыс орталығын аралағанда, аудандарға іссапарға шыққанда көріп те жүрміз. Биыл салада қанша жоба жүзеге асады, қаншасы келер жылға өтпелі? Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және басқа да салаларда қанша жоба қолға алынбақ? Осы сұрақтар төңірегінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Құрмантайұлы Орынбаевпен әңгімелескен едік. – Ерлан Құрмантайұлы, құрылысшы адамға қуаныш сыйлайтын ең қарапайым да, мәртебелі мамандық. Сізді бірінші мерейлі мереке – Құрылысшылар күнімен құттықтасам деймін... – Ізгі тілегіңізге рақмет! Дұрыс айтасыз, балалардың шат күлкісіне толған білім ошақтарын, науқас жандардың жанына сая табатын ауруханаларды, жыл сайын жаңа пәтерге қоныстанып жататын адамдарға қуаныш сыйлайтын, әлеуметтік, спорт, басқа да толып жатқан нысандарды біздің құрылысшылар салып, пайдалануға береді. Сондықтан да олардың еңбегі ерен. Реті келіп тұрғанда мен осындай құрыш қолды құрылысшыларымызды төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін! – Биыл облыс бойынша қанша қаржыға қандай жобалар жүзеге аспақшы, оның қаншасы келер жылға өтпелі? – 2022 жылы құрылыс басқармасы арқылы 207 жобаға 88,1 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Оның 153-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 54-і келесі жылға өтпелі. Енді осы жобаларды сала-сала бойынша тарқатып айтар болсақ, білім – 23, тапсырылатыны – 18, денсаулық саласы – 27, тапсырылатыны – 23, спорт – 19, биыл тапсырылатыны – 8, мәдениет саласы бойынша 12 және әлеуметтік сала бойынша 2 нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы жылы 68 тұрғын үй құрылысының 47-сін биыл тапсыру жоспарланған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым – 44, тапсырылатыны – 42. Ауыл шаруашылығы саласы 2 нысан, ішкі істер органдары төтенше жағдай 9 нысан, тапсырылатыны – 7. Аталған жобалардың 112 нысаны «Нұрлы жер», 43-і «Ауыл – ел бесігі», 30-ы «Өңірлерді дамыту», 3 нысан құрылысы Үкімет резервінен және 19-ы білім беру субвенциялары есебінен қаржыландырылды. – Енді осы жобалар туралы айтып берсеңіз? – Бүгінде облыс орталығынан бастап барлық аудандар құрылыс алаңына айналғандай, оның бәріне жеке-жеке тоқталмай қысқаша ғана айтып өтейін. Білім саласы бойынша жүргізіліп жатқан 23 нысанның 17-сі былтырдан өтпелі екенін еске сала кетейін. 17 жаңа мектеп, бір мектептен тыс оқу орталығы, төрт жапсарлас құрылыс, бір мектептің сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстары бар. Бүгінгі күнге дейін 9-ында құрылыс жұмыстары аяқталса, осынша нысан осы жылы тапсырылады, 5 нысан келер жылға өтпелі. Тараз қаласында 9 нысан болса, 6-ауы биыл тапсырылады деп күтілуде, ал үшеуі келер жылға өтпелі. Байзақтағы үш нысан да биыл тапсырылуы тиіс. Жамбылдағы екі нысанның біреуі биыл, біреуі келер жылға өтпелі. Жуалыдағы үш нысанды тапсыру да биылға жоспарланған. Сондай-ақ, Қордайдағы екі нысанды да биыл тапсыру қарастырылған. Т.Рысқұлов ауданындағы екі нысанның бірі биыл тапсырылса, екіншісі келер жылға өтпелі. Шуда екі нысан да биыл тапсырылады. Бүгінге дейін 9 нысанның құрылысы аяқталды. Денсаулық сақтау саласында 27 нысанның құрылысы 2022 жылы басталып, жыл қорытындысымен 23-і тапсырылады, 4 нысан 2023 жылға өтпелі. Бүгінгі күнде 4 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады. Спорт саласында облыс бойынша 19 нысанның құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде 8 спорттық сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. 11 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Бүгінгі күнде Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Мәдениет саласында 12 нысанның құрылысы басталып, осы жылы 6 нысанда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. 6 нысан 2023 жылға өтпелі. Әлеуметтік саласында 2 оңалту орталығы салынуда. Тараз қаласында 150 орындық оңалту орталығы 2023 жылға өтпелі, ал Шу ауданында 48 орындық оңалту орталығы 95 пайыз дайын. Ауыл шаруашылығы саласында екі нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен бір нысан пайдалануға берілсе, екіншісі келер жылы аяқталады. Ішкі істер органдары және төтенше жағдайдың алдын алу саласында 9 нысан құрылысы жүргізіліп жатса, екі нысан 2023 жылға өтпелі. – Облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін қанша адам тіркелген, тұрғын үй құрылысының барысы қалай? – Сұрағыңыз орынды. Биылғы 1 шілдеге дейін пәтер алу кезегінде 35924 адам тіркелген. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 3120 пәтерлі 218,4 мың шаршыметр 47 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі күнге 620 пәтерлі 9 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, 420 пәтерлі 6 кредиттік, 200 пәтерлі 3 арендалық үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша жер алуға 163895 адам кезекте тұр. 2021 жылы облыс аумағында 30 алқапта 46 жоба салынып, жыл қорытындысымен 43 нысанның құрылысы аяқталды.Нәтижесінде, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерге кезекте тұрғандарға 3997 учаске беруге дайындалды. Биыл 19 алқапта 43 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына 42 нысанның құрылысы аяқталады, ал қалған 1 нысан 2023 жылға өтпелі. Нәтижесінде 3198 жер телімі кезекте тұрғандарға таратуға дайын болады. – Тұрмысы төмен және аз қамтамасыз етілген отбасыларға асарлатып баспана салып беру деген баяғыдан келе жатқан қайырымдылық дәстүр бар. Осы бір қайырымдылық шарасы екі жыл бұрын қайта қарқын алғанын білеміз. Оны өзіміз де газетте үздіксіз жазып келдік. Осы туралы не дер едіңіз? – Облыс аумағында тәрбиелік мәні бар «Асар» жобасы 2020 жылы қолға алына бастады. Бұл игі істің әлеуметтік осал топтағы, көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу арқылы тек қана материалдық бөлігі емес, маңызы терең, рухани мағынасы бар жоба. Түпкілікті мақсаты – қоғамды жанашырлық пен бірлікке жұмылдырып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Сондықтан осы жобаға атсалысу барлығымыздың ортақ міндетіміз болуы тиіс. Асарлатқан ағайынның көмегімен мұқтаж жандарға 2020 жылы 99 тұрғын үй, былтыр 134 үй, жоба басталғалы барлығы 233 отбасы баспанамен қамтылды. Ал биыл 121 отбасының құрылысына көмек көрсету жоспарлануда. Асарлатқан ағайынның көмегімен бүгінгі күнде 18 үйдің құрылысы аяқталды, қалған 103 үйдің құрылыс монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Аудандардан жинақталған жоспар бойынша үшінші тоқсанда – 21, төртінші тоқсанда 82 үй тапсыру күтілуде. Атап кететін жайт, «Асар» жобасында мешіт имамдары жергілікті жамағат арқылы үлкен жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалы, өткен жылы көрсетілген көмектің шамамен 50 пайызы имамдардың белсенді қатысуымен орындалды. Бауырмалдыққа баулыйтын, жастарға тәрбиелік маңызы зор екенін ескерсек, бұл жобаға тек бизнес-ортадан басқа жастар қозғалыстарын, қоғамдық ұйымдарды, еріктілерді кеңінен тарту, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет ресурстарында кеңінен жариялау қажет-ақ. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар