«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық көлік қызметі көңілден қашан шығады?

Қоғамдық көлік қызметі  көңілден қашан шығады?
ашық дереккөз
Қоғамдық көлік қызметі көңілден қашан шығады?

16Күндегі қалыптасқан дағды бойынша қол сағатыма қайта-қайта алаңдап, кезекті автобусты күтіп тұрмын. Айналамда мен секілді тықыршып тұрған адамдар қаншама?  Күткенімізге он минуттан асқанда, жүргіншіге лық толы №12 автобус келіп тоқтады. Автобусқа бізге орын болмаса да, барлығымыз лап беріп алдыңғы және артқы есіктен ішке енуге ұмтылдық. Таласып-тармасып міндік-ау әйтеуір.  

Кешіккен автобус, сығылысқан жолаушылар...

Бізден бұрын іште қысылып-қымтырылып келе жатқан жұрт «ары тұр, бері тұрлап» ұлардай шуласты. «Келесіні күтсеңіздерші» деді кондуктор жігіт ашық қалған есіктің қапталында қыстырылып әрең тұрған екі жолаушыға. «Қазірдің өзінде зорға келдіңдер, оны күтсек жұмыстан қаламыз ғой» деп кейіді олар жарыса сөйлеп. Автобус іштегі сықиған жолаушыларды бір-біріне соқтықтырып, барынша ызғытып келеді. Бұрылыстардан кілт бұрылады. Ығы-жығы жұрттың зығырданы қайнап-ақ отыр. «Жәй жүрсеңші» деп айтқысы келеді қай-қайсысының болсын. Бірақ, «жұмыстан қаламыз» деп мініп алған өздері де кінәлі. Бұл орайда жүргізушілерді «көлік этикасына» қатысты ақтап шығу да өте қиын. Автобус аузы-мұрнынан шығып, ішінде адамдар бір-бірімен соқтығысып мыжылып тұрса да «көзі тоймайтын» жүргізушілер халықты үсті-үстіне ала береді. Назы болғанмен, лажы жоқ жұрт үнсіз мінеді, ішіндегілер үнсіз кете береді. Кей жүргізушілердің17

бұрқырата тартқан темекісінің түтіні қолқасын қапса да, жолаушылар ләм-мим деп ауыз ашпайды. Ашса болды, «ұнамаса, таксимен жүр» деп дүңк еткізетін ашулы жүргізушінің «тегін кеңесі» дайын. «Кесте бойынша автобустың жүру аралығы қанша минут?» деп кондукторды әңгімеге тарттым. «Жеті минут» деп қысқа қайырды ол. – Енді неге 15 минутта келдіңдер, – деп едім. – Біздің алдымыздағы автобус бұзылып қалыпты. Техниканың аты, техника. Қалғанына жауап бере алмаймын, – деді тартыншақтап. «№12 автобустың күнделікті уақыты осы, жеті минутта анда-санда бір келмесе, уақытынан үнемі кешігеді де жүреді. Түс мезгілінде мүлдем ұстатпайды. Оны мен күнде осы автобусты зарыға күтіп тұратындықтан жақсы білемін» деді бір егде тартқан апай орайы келген сәтте жалыбын іркіп қалмай. Бұл көрініс бүгінде Тараз қаласы бойынша аялдамадан-аялдамаға жүйткіп жатқан қоғамдық көліктердің барлығына тән жағдай болып тұр. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын- жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алынған мәлімет бойынша қазіргі таңда қалада жолаушылар көлігі тасымалдауымен 45 бағыт бойынша 13 тасымалдаушы мекеме айналысады. Осы бағыттарда әртүрлі маркалы 527 автобус пен шағын автобус қызмет көрсетеді. Қалаішілік жалпы тіркелген автобус пен шағын автобустардың саны 817. Қарап отырсақ, күйбең тіршілік қамымен жүрген қала тұрғындарының сол қоғамдық көліктерге бас сұқпайтындары некен-саяқ. Қоғамдық көліктердің іші өзінше қайнап жатқан бір өмір. Сондықтан қоғамдық көліктердегі мәдениет, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мінсіз болуы керек. Бүгінде осы жағдай күрмеуі қиын түйткілді мәселеге айналды. Неге? Осы жайды саралап көрген едік.

Бақылаушылар қалай қызмет көрсетеді?

Қоғамдық көліктерде жолаушылармен көп қарым-қатынас жасайтын бақылаушылар. Олардың қызметі оңай емес әрине. Алайда, кемшіліктері де жоқ емес. Күнделікті байқап жүргеніміздей, көп бақылаушы аялдамалардың атын айтып, жолаушыларды мінгізіп алуға асыққаны болмаса, түсетін кезде аялдамаларды хабарламай, көп жолаушылардың ренішін тудырып жатады. Әсіресе, таң атпастан «керемет көңіл-күй» қалыптастыратын кей бақылаушының кесірі көпшіліктің жүйкесін жұқартады. Кейбірі кесек ақша берсе, оған ұрсады, топырлатып тиын санап берсең тағы жақпайсың. Енді біреулері жолаушыларды жұлқылап мінгізіп, итеріп түсіргендеріне қарап, өңкей «спортшы бақылаушылар» жұмысқа алынған ба деген де ойға қаласың. Онысына наз білдіріп, ескерту айтқандарына үрім бұтағынан бастап туған-туыстарына дейін тілдеудің сан түрлі синонимін қарша боратады. Сол «тіл байлықтары» көше атаулары мен аялдамаларды хабарлауға келгенде қайда кететініне таңқаласың. Ал №23 бағыттағы автобустарда көбіне бақылаушы болмайды екен. Бұрындары қоғамдық көлікке мінген жолаушыларға арнайы билет таратылатын. Бұл да қызмет көрсетудің бір мәдениеті еді. Қазір мұндай үрдісті ешқандай автобустан кездестірмейсің. Жолаушылардың да оны талап етіп жатқандарын көрмейсің. Құдай жамандықты бермесін, егер көп жолаушы мініп келе жатқан автобус апатты жағдайға ұшыраса, оның сол мезетте автобуста болғандығын дәлелдейтін әркімнің қолында бір тілдей қағаз болуы керек сынды. Кейбір бақылаушылар жолаушылармен дөрекі сөйлесіп, автобустың ішіндегі тыныштықтың берекесін18

өздері алады. Тіпті, бірде жүргізуші мен бақылаушының бір-бірімен төбелесіп қалғанына да куә болғанымыз бар еді. Мұндай өзгелерге онша байқала бермейтін олқылықтарды тізе берсек келтірер мысал көп. Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда қоғамдық көліктердегі мәдениет те өзгеше екендігі бірден байқалады. Бәрінде униформа, автобустың іші тап-таза, әр аялдаманы қазақша хабарлап тұрады. Тараздық қоғамдық көлік жүргізушілері мен бақылаушылары сол әріптестерінен үлгі алса, артықтық етпес еді. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, жолаушылардан да мәдениеттің лебі есіп тұрғаны шамалы. Аялдамадан мінген қарт кісіні «көрмегенсіп», құлаққапты киген күйі орын берместен отыра беретін болдық осы күні. Жан-жақтан қадалған наразы көздер желкемізден өтіп кеткенде ғана амалсыздан тұрамыз. Естілер-естілмес қана «отырыңызды» әрең айтып, теріс қараймыз да, тымырая қаламыз қайтадан. Негізі, бізде ұят бар әлі, тек соны ашулы көздер мен қатқыл дауыстар ғана еске салатыны өкінішті. Қоғамдық көлік тұтынушыларының тағы бір тобы бар. Қалтафонын құлағына жабыстырып, «Менікі тариф, асықпай айта бер» деп әңгімесін бастағанда, ол кісінің бар «құпиясын» бүкіл автобус тыңдап тұруға тура келеді. Қоғамдық жердегі этикет бойынша, үш минуттан артық сөйлесу мәдениетсіздік болып есептелсе де, онысына құлақ асып жатқандар шамалы. Жанындағы сапарласының аузынан сан түрлі сұмдық сөздерді естігенде, автобусты өзіне ғана босатып беріп кетудің есебін таппай қиналатыны рас көп кісінің. Тіпті, кейбір дардай кісілердің өзі болмашы тиын үшін жол ақысын төлемей қашып, кондукторды зар қақсатып жатқанын да көріп қаламыз. Қысылып байқаусызда біреуі қасындағы сапарласының аяғын басып кетіп немесе қолына тиіп кетсе базбіреулер «баж» ете қалады. Сөйтіп, өзінің ғана емес онсызда қиналып келе жатқан жұрттың мазасын алады. Жастың да, жасамыстың да қазір жүйкесі жұқа. Қит етсе ашуланып шығып, бір-бірін мезі етеді. Жергілікті жұрт қоғамдық көліктердегі бұл көріністерге әбден үйреніп алған-ақ. Ұрысып, таласып кете береді. Ал қаламызға өзге аймақтан қонаққа келіп, қоғамдық көліктің қызметіне жүгінетіндер қаншама? Ұяласың әрине...

Жолаушылар не дейді?

Анар: – Мен №16 автобустың қызметін жиі пайдаланамын. Бағыты ауқымды болғандықтан, оған мінетін халықтың да қатары көп. Бұрындары осы бағыт бойынша үлкен автобустар жүретін. Соңғы уақытта шағын маршруттар жүре бастады. Оның іші тар болғандықтан, қиналып отырасың. Келешекте осы мәселе ескерілсе деген тілек бар.

Ерлік: – Қоғамдық көліктің қызметіне күнде жүгінемін. Маған ұнамайтын бір жайт бар. Автобустың барлығы асығыс жүреді. Кейде байқайсың өзінің алдындағы әріптесінің алдын кес-кестеп, бірінші қимылдауды ойлайтын жүргізушілер адамдардың мініп жатқанына қарамай жүріп кетеді. Жүрген жерімде үнемі осы жайды айтып отырамын. Жалпы, біздегі қоғамдық көліктердегі мәдениет, ондағы қалыптасып отырған ахуалды бір саралап алса артықтық етпейді деп ойлаймын.

Жүргізушілер «кемедегінің жаны бір» екенін білмей ме?

Қазір барлық салада бәсекенің қарқын алған шағы. Сол секілді қоғамдық көліктердің жүргізушілері де өз нәпақасын еселеу үшін «клиентке», яғни, жолаушыға таласады. Көлік кептелісіне кеткен уақытын бірін-бірі басып озып қайтаратын «шумахер» шоферлердің әрекетіне де әбден үйрендік. Ондайда өзгені ығыстырып, тек қана өзі ызғытып жүруді ойлайтын жүргізушілер бір-бірімен соқтығыса жаздап, алдарын кес-кестеп, көліктерді өрескел жүргізеді. Оның ішінде жанын шүберекке түйіп отырған жұртқа жаның ашиды-ақ. Оларда қарап қалмай «жай жүр» деп шулап сала береді. Алайда, оны ескеріп жатқан ешкімді көрмейсің. Кейде солардың алдына «Сіз тірі адамдарды тиеп келесіз» деген тақтайша іліп қойса қайтеді деген ой да келеді. «Кемедегінің жаны бір» демекші, бір автобуста қанша адамның тағдыры, өмірі бар. Тіпті, сол көліктің рөлін басқарып отырған жүргізушінің өзі де өзіне қауіпті іске бел буып келетінін ескермейді де. «Асыққан сайтанның ісі». Осындай таластардың салдары талай жанның өмірін қиып та жатыр. Бірде қатты асыққан қоғамдық көліктің жүргізушісі тежегішін басқара алмай, енді ғана желкілдеп өсіп келе жатқан қаршадай қызды басып, ол қыздың сол мезетте бұл фәнимен қоштасқанын көрген құрбым көзіне жас алып, сол қайғылы жайды әңгімелеп берген еді. Тағы бірде шұқалақтық танытып асыққан бір жүргізуші сыртта адам жинап тұрған өз кондукторын басып, өрімдей жас жігіттің өмірін қиғаны жайындағы жантүршігерлік оқиға Тараз қаласын шулатқан болатын. Адам жинап, табысымызды еселейміз деп халықтың алғысынан гөрі қарғысын көбірек арқалап жүргенін қоғамдық көліктің тізгінін қолға алған жандар жадынан шығармаса екен дейсің. Құдай несібеден айырмасын! Адал еңбек еткеннің, табыстан да кенде қалмасы анық емес пе? Қоғамдық көліктер тарапынан жол жүру ережелері қаншалықты бұзылатыны жөнінде облыстық ішкі істер департаментіне сұрау салған едік. Құзырлы мекемеден алынған мәлімет бойынша осы жылдың алты айында қоғамдық көліктер тарапынан 1240 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталған. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 940 болған екен. Ал Тараз қаласы бойынша 19 жол қозғалысы оқиғасы орын алып, 3 адам қаза тауып, 35 адам дене жарақатын алған. Өткен жылы 14 жол қозғалысы оқиғасы орын алып, 1 адам қаза тапса, 18 адам дене жарақатын алған. Бұл сандарды сараласақ, жол жүру ережелерін бұзушылықтың жылдан-жылға азаюдың орнына артып отырғанын көреміз. Жайшылықта жамандық та, жақсылық та Алладан деп жатамыз. Алайда, оның көп үлесі адамдардың да қитұрқы, қасақана жасалған әрекетінен орын алатынын ескеру керек. Қай жағынан алып қарасақ та қоғамдық көліктердің тыныс-тіршілігі адам факторымен тығыз байланысты. Сондықтан ондағы орын алып отырған жайларға тасымалдаушы мекемелер, басқа да құзырлы органдар баса мән беріп, бақылау шараларын күшейтсе, жүргіншілер қоғамдық көліктерге қиналып бас сұқпай, қуанып мінетін еді.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар