«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ай көрмесе, ағайын жат

Ай көрмесе, ағайын жат
ашық дереккөз
Ай көрмесе, ағайын жат

Алматы облысының өңіріміздегі күндері табысты өтті

«жерұйық мекен – жетісу». Осындай атаумен бір жұма жалғасқан Алматы облысының өңіріміздегі мәдениет күндері кеше «Баласағұн» орталық концерт залында қорытындыланды. Бұл күні  мәдениет ошағының кең фойесінде көрме ұйымдастырылып, онда тараздықтарға  тарихи-мәдени мұралармен қатар Алматы облысының экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар өнеркәсіп орындары мен ауылшаруашылық құрылымдарының өнімдері таныстырылды. Шараны тамашалауға қос облыстың әкімдері Кәрім Көкірекбаев пен Амандық Баталов арнайы келді. 

ЖАМБЫЛ АТАНЫҢ МӘШИНЕСІ

10 9 8 7 6 5 4 3 2 1Көпшіліктің назарына ең әуелі ғимарат ауласында Жамбыл Жабаев мінген ретро- көлік ұсынылды. 1932 жылы шыққан бұл көлік жыр дүлдүліне 1938 жылы Ленин ордені берілу салтанатына орай табысталған. Көп жылдан бері ұлы жыршының әдеби мемориалды музейінде сақталып келген көлікті Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов қайта қалпына келтіруге ықпал етіпті. Қазір оталып тұр. Кәрім Нәсбекұлы жетісулық әріптесімен бірге дүлдүл Жамбылдың көлігіне мініп көрді. Осы жерде «Жеті қазына» құсбегілік мұражайының да асыл мұраларымызды дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстары көпті бейжай қалдырған жоқ. «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының іші де Алматы облысынан жеткізілген әралуан бұйымдар мен тауарларға толы еді. «Біздерде анадай бар, мынадай бар» дегендей, өңірдегі іргелі кәсіпорындар өз өнімдерін көрмеге қойыпты.

АЛМАТЫ ӨҢІРІНІҢ ӨНІМДЕРІ

Олардың қатарында «Алматы желдеткіш зауыты», электро жарықтандыру құралдарын шығаратын «Тексан Қазақстан Инвест», гипсокартон бұйымдарын, құрылысқа қажетті қоспалар өндіретін «Кнауф Гипс Қапшағай», тігін ісімен айналысатын «Арлан 777», фармацевтикалық «Дольче Фарм», аккумулятор шығаратын «Қайнар АКБ» және тағы да басқа серіктестіктер жетерлік. Облыс басшылары сонымен қатар ғимараттың екінші қабатында қойылған жетісулық белгілі суретшілер мен мүсіншілердің, қолөнер шеберлерінің, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи өлкетану, «Ұста Дәркембай», Жамбыл Жабаевтың әдеби мемориалды музейлерінің, облыстық халық шығармашылығы мен мәдени мұраны қорғау орталықтары, «Тамғалы тас» пен «Есік» қорық музейлерінің көрмесін аралап көрді. Мұнан кейін сауда-экономикалық және мәдениет пен туризм салалары бойынша екі облыс арасында меморандумдарға қол қойылды.

ЖЕТІСУ – ЖҰМАҚ МЕКЕНІМ

Шаралар легі мұнымен шектелген жоқ. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Жетісу – жұмақ мекенім» атты гала концертінің шымылдығын Жамбыл және Алматы облыстарының әкімдері Кәрім Көкірекбаев пен Амандық Баталов құттықтау сөзбен ашты. – Осыдан бір ай бұрын жамбылдық өнерпаздар Алматы облысында өз өнерлерін көрсетіп қайтқан болатын. Жетісулықтар бізді зор қошеметпен қарсы алды. Көршімен ізгі қарым-қатынасты үзбеу, барыңды бөлісу, ықылас-пейілді арнау – қазақ үшін қашаннан қалыптасқан қадірлі қағида. Міне, бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Ғабасұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен өнерпаздар Әулиеата елінің құрметті қонағы болуда. Тамыры терең, өмірі өлең, қойнауы құтты, қызырлы мекен Жамбыл жеріне қош келдіңіздер демекпін. Алматы облысының мәдениет күндері кеше ғана аталып өткен Жамбыл облысының 75 жылдығымен орайлас келіп отыр. Сондықтан жауһар Жетісудан келген өнер керуені облыс жұртшылығы үшін үлкен тарту. Бүгін мәдениет күндері аясында кәсіпкерлік, ауылшаруашылық саласында меморандумға қол қойылды. Қос облыс арасында барыс-келіс, алыс-берісті нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның екі тарапқа да берері мол болмақ, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Ұйымдастырылған мәдениет күндері Жамбыл өңірі мен Жетісу жұртының бір-бірін терең тануына айқара есік ашпақ. Екі аймақтың әріптестігін жалғастыратын іскерлік байланыс нығайып, күшейе берсін. Әулиеата жерінде қалықтаған жетісулық өнерпаздардың ән мен күйі сіздерге үлкен рухани серпіліс сыйлайды деп ойлаймын. Ұлттық өнеріміздің қашанда талғамы биік, өрісі кең, бүгінгі мереке құтты болсын!» деген лебізін білдірді. Мұнан соң қос өңірдің басшысы естелік сыйлықтар алмасты.

САХНА САҢЛАҚТАРЫ

Бикен Римова атындағы облыстық театрдың әртістері облыстық қазақ драма театрында түрлі қойылымдарын ұсынып, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, екі күн бойы бастауыш сынып оқушыларына ұсынылған режиссер Мұрат Ахмановтың «Алдардың айласы» атты ертегі-спектаклі балаларды ерекше қуантты. Ауыз әдебиетіміздегі Алдар көсені кім білмейді?! Оның әлсіздердің жағында жүретін турашылдығы, алаяқтарды қалай алдап соғатындығы, өзіне ғана тән әуені, бәрі-бәрі еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін назарын өзіне аудартып тұратын құдіретке ие. «Ашкөздің ажалы – тамағы, әккінің ажалы – амалы» екенін елдің есіне салатын қойылым Алдардың бейнесі арқылы өте қызықты, әсерлі етіп керемет жеткізе білді. Жолдан тайдырушы Шайтанның, өзін ғана ойлайтын шық бермес Шығайбайдың Алдардың алдындағы шарасыздығы қойылымды тамашалап отырған балалардың күлкісімен көмкерілді. Бүгінгі нарық заманындағы тіршілікке бейімделу кезіндегі қиын-қыстау кезді бір жанұяның басынан өткен оқиға арқылы жеткізуге тырысқан «Тендерге түскен әйел» спектаклі кездейсоқ оқиғаға тап болған отбасының одан құтылудың амалымен адам сенгісіз қадамға барғанын көрсетті. Драманың авторы – белгілі қаламгер Медеу Сәрсеке, қоюшы режиссері – Серік Нұрхалық. Оқиға желісі қаншалықты қарапайым болса, соншалықты құнды. Күнделікті күйбеңнің боямасыз көшірмесі. Айрандай ұйыған отбасы Таубай мен Сағиланың балалары Талғат несиеге алған көлікпен зулап келе жатып, аялдамада тұрған жүргіншіні қағып кетеді. Жалғыз деп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірген шолжаң ұлдың басына қара бұлт үйіріліп, абақтыға қамалудың алдында ғана тұрады. Ата-анасы бұдан шығар жолды іздеп, шарқ ұрады. Осы жерде Таубайдың жақын інісі болып келетін адвокат Жорабек келіп, ұлды бостандыққа шығарудың жалғыз жолы – тергеушінің қолына 100 мың доллар ұстату ғана екенін естіртеді. Қомақты қаржыны қайдан табарын білмей аласұрған ата-анаға сол Жорабек тағы ақыл қосады. Ағасы мен жеңгесіне жас кезінде Сағилаға ғашық болған, Таубайдың құрдасы, бүгінде шалқыған бай Мырзабектен қарыз сұрау керектігін айтады. Құрдасының қатып қалған сараңдығын жақсы білетін Таубай Мырзабекке өзі барудан бас тартады. «Аты ғана мырза, заты сараң ол итке бара алмаймын. Бір кездері саған ғашық болып еді ғой. Сен барсаң, беріп қалады», – деген Таубай әйелі Сағиланы жібереді. Оқиға осы жерде шиеленіседі. Керемет мүмкіндікті шебер пайдаланған әлгі Мырзабек 100 мың долларды берген ақысына Сағилаға «Таубаймен ажырасып, маған тұрмысқа шығасың» деп шарт қояды. Мүлде басқа амалдары қалмай, тауы шағылған Таубай бұл ұсынысына амалсыз көнеді. Соңында бір кездері айрандай ұйыған отбасының отағасы, бір әулеттің алып бәйтерегі болған Таубай көше кезіп, қаңғыбасқа айналып кете барады. Қайырсыз, парақор қоғамымыздың, мейірімсіз қарым-қатынасымыздың сұп-суық бет-бейнесін осылай ашқан қойылым көрерменінің көкейіне көп ой салып берді. «Ғашықсыз ғасыр». Шығармаларында бүгінгі күннің әңгімесін, адам жанының өзекті мәселелерін шебер қиыстыра білетін керемет драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың бұл драмасын да біз асыға күттік. Үмітіміз алдамапты. Күлдіре отырып, жылатқан қойылымды да жамбылдық жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Қаламгердің бұл драмасын қазақ сахна өнері саңлақтарының бірі, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фарида Шәріповаға арнап жазғанын білеміз. Бас кейіпкердің аты да Фарида екен. Кезінде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған спектакльді талдықорғандық театр әртістері де өз қал-қадірлерінше алып шықты. Спектакль профессор Қайырбай мен Фариданың күміс тойымен басталады. Негізгі оқиға той өткен соң басталады. Ойында ештеңе жоқ, алаңсыз отырған Фариданың жас қонағы бүкіл өміріне өзгеріс әкеледі. «Қайырбайдың көңілдесімін» деп келген Нәзікеш аяғы ауыр екенін, егер Қайырбай үйленбеймін десе, жасанды түсік жасатуға дайын екендігін де айтып салады. Өзі қияли қыз ардың-гүрдің жүргенімен қоймай, шығарған өлеңдерін де оқып Фариданың есін шығарады. Нәзікеш кеткеннен кейін, ақылынан адасқандай күй кешкен Фариданың Қайырбай келгенше дегбірі қашады. «Бұл өтірік» деп, өзін-өзі алдарқатқанымен, күйеуі мұны растап қояды. Ақыры айрандай ұйыған отбасының тірегі – Қайырбай өз үйінен кетеді. Фарида екеуінің арасындағы төрт қызды аузына алып, бұл баланың бәлкім ұл болып қалуынан үміт күтеді. Жай кетпей, Фариданың өкінішін ұлғайтып, бір ұл туып бермегенін бетіне басқандай болып кеткен күйеуіне жасар амалы болмайды. Бәрібір Нәзікешпен қосылып, бақытты бола қоймаған Қайырбай тағы бір қызды болады. 25 жыл өмір сүрген Фаридаға жасаған опасыздығы жанын қинап, қайтып келген Қайырбайды Нәзікеш қуып келеді. Бәрібір өзінің отбасын аңсай берген соң, жас келіншек баласын Фаридаға әкеп тастап, өз жөнімен кетеді.

ЗАМАНА ЖӘНЕ ЗИЯЛЫЛАР ҮНІ

Осылайша, үш күн бойы театр сүйер қауымды қуантып, түрлі қойылымдарымен көрерменді сусындатқан өнерге бай өңірдің апталығы Алматы облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесумен жалғасты. Бұл топты жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақтың бейнесін сомдаған актер Әлімғазы Райымбеков, Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебекова, ақын Сағыныш Намазшамова, белгілі композитор Әли Алпысбаев, Алматы облыстық «Жетісу» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нүсіпбай Әбдірахым бастаған бір топ өнер иелері мен зиялы қауым өкілдері бастап келіпті. Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ахмет Кендірбекұлының тізгінге алуымен жүргізілген әдеби, мәдени, рухани азыққа толы жылы жүздесуде елімізге есімдері етене таныс ел ағалары тұшымды пікірлерін ортаға салды. Алматы мен Жамбыл облыстарын байланыстырып тұрған түрлі құндылықтарды тілге тиек еткен әсерлі кеш болды бұл. «Тақиялы періштеге» кереғар адам болсам, рөлді ойдағыдай алып шыға алмас па едім» дейтін Әлімғазы Райымбеков сахнаға көтерілгенде жұртшылық ерекше ықылас танытты. Тура Тайлақ сынды, аңғал болмысымен ақтарылған ақсақалдың әңгімесі, тіпті, әсерлі болды. «Аллаға шүкір, «Тақиялы періштенің» экраннан түспей келе жатқанына елу жылға жуық уақыт болды. Кейде өзім отырып «Қазақта осы кинодан басқа фильм жоқ па екен?» деп те ойлаймын» деп көпшілікті бір күлдіріп алды. Мұнан соң сахнаға ел арасында кеңінен танымал «Ақ көңіл досым» әнінің авторы Әли Алпысбаев шығып, өзінің бойтұмарындай болған осы бір әнін шырқап берді. Ал белгілі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы болса журналистік өмірде көрген қызықты оқиғаларымен бөліссе, актриса Алмахан Кенжебекова Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» спектаклінен үзінді орындап берді. Алматы облысының атынан Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапхананың қорына 200 кітап тарту етіліп, Алматы облысының мәдениеті мен өнері туралы кеңінен жазылған «Жерұйық мекені» кітабының тұсауын жазушы Жұмабай Шаштайұлы мен ақын Қуандық Шолақ кесті. Қарымта сөзді облысымыздың атынан белгілі қаламгер Несіпбек Дәутаев сөйлеп, кейінгі ұрпақ үшін өнегесі мол сабақ боларлық пікірін жеткізді. Кеш соңында Төлеужан Ғұмаровтың сөзіне жазылған Әли Алпыспаевтың сиясы кеппеген «Таразға сәлем» атты жаңа әнін жас әнші Медет Түзбаев шырқады. Айту керек, жетісулық өнерпаздардың гала концертке жан-жақты дайындалып келгендігі айқын аңғарылып тұрды. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ұлжан Айнақұлова «Той бастар» әнімен құлақ құрышын қандырса, Мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов «Қазақстан – байтақ елім» әнімен көпшілікті бір серпілтіп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер халық әндерінен поппури шырқағанда да жиылған жұртшылық дүркін-дүркін қол соғумен болды. «Алтынай» ансамблінің бишілері де өз өнерлерімен тәнті етті. «Дарын» жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерболат Құдайбергенов шырқаған «Мен – Қазақпын» әні де жүректі тулатып, патриоттық рухты жани түсті. Осылайша, бір аптаға созылған Алматы облысының мәдениет күндері өрлеу жағдайында өз мәресіне жетті.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар