Меркіден ән нөсері төгілгенде
Облыс орталығындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде өтіп жатқан «Әуенді Тараз кештері» жобасы аясында әр аптада бір аудан концерт ұсынуда. Жұма сайын осы амфитеатрда концерт болатынына қала тұрғындары да дағдыланып, көрермендер қатары көбейіп келеді. Бұл жолы Меркі ауданының өнерпаздары арнайы бағдарламаларымен келіп, өнер көрсетті. Бағдарлама Ш.Мамасерікова- ның сөзіне жазылған «Мерей» вокалды-инструментальді ансамблінің және «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілерінің «Жерұйығым – Меркім!» әнімен басталып, «Таразым», «Желкілдек», «Ақжайнақ», «Меркі», «Қара жорға» атты әсерлі шығармаларға ұласты. «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілері Ұлжан Қойлыбекова, Шәбден Омаралиевтың «Тараз», Қуаныш Алимов пен Мадина Оспаналиева халық әні «Жеңешемді» жоғары деңгейде орындап шықты. Осы орындаудағы «Көз қарасың» әні барша көпшіліктің жоғары көзқарасына ие болды. «Жүрек алдамайды» әнін Индира Хамзина, «Досым жазған» (Ғазизхан Шекербек) әнін Нұрғиса Ратаев шебер шырқай білді. «Айдай» тобы «Ностальгия», «Ләйлім», «Ағайын-дос» (Қайнар Алакөзов) әндерін тамаша орындап, елдің ыстық ықыласына бөленді. Нұрғиса Асанов пен Досжан Көктеубай орындаған «Іздеу» әні де талайдың іздеп жүріп тыңдайтын әуеніндей жақсы әсер қалдырды. «Мерей» вокалды-инструментальді ансамблі де керемет өнерлерімен елдің көңілін баурады. Дәурен Сахов пен Гүлнұр Нұрлыбаева дуэті, Сағыныш Аязбаева орындаған әндердің де тыңдаушылары өте көп болды.
– Мен бірнеше ауданның концертіне келдім. Көрерменнің жиналуы, әндердің сапалы орындалуы өте жоғары. Барлық қазына ауылда жатыр емес пе? Талай таланттар елдің ішінде жүргені белгілі. Сондықтан әр ауданның концерт беруі өте сәтті жоба. Тараздықтарға тамаша демалыс сыйлап жатыр. Тамаша сырлы әндер жүректі тербеп, жақсы әсерге, әдемі сағынышқа жетелейді, – дейді өңірімізге белгілі актер Анапия Ахметов.
Концерттің жоғары деңгейде өтуіне облыстық халық шығармашылығы орталығы үлкен үлес қосуда. Бұл шара алдағы апталарда да өзге аудандардың өнерпаздарының қатысуымен жалғасын табатын болады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының жаңа орынбасары тағайындалды
- 20 қыркүйек, 2024
АЭС – маңызды шешімдер кезеңі
- 20 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді