Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмайды

Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмайды
ашық дереккөз
Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмайды
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы Байзақ ауданының Қостөбе, Бурыл, Сарыкемер ауылдарында өтті. Қабылдауда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхамбет Жұмабек, филиал қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, филиал заңгері Шора Кенжебеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, облыстық, аудандық мәслихаттардың бірнеше депутаттары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары қатысып, халық тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қостөбе ауылындағы қабылдауда ауыл тұрғындары Ерікжан Рапиков, Венера Жанысбаева, Рашида Данабаевалар мал жайылымының жетіспеуі, саябақ ашып, үлкендердің бір мезгіл спортпен айналысуларына жағдай жасау, жалғызбасты ананың 18 жастағы баласын әскерден алып қалу тәртібі туралы сұрады. Сондай-ақ Гүлбану Ракулова өзінің кішкентай қызының есімін өзгерту тәртібі туралы заңгер Ш.Кенжебековке жүгінді. Ал Талас ауылынан келген С.Мықтиева ауыратын 4 жасар баласын емдеудің жолдары туралы сұраса, Талас стансасының тұрғыны С.Іңкәрбаева балаларға ойын алаңын соғуды өтінді. Қостөбе иінінің Көктем көшесінде тұратын бірнеше жас аналар 4-5 жылдан бері көшелеріне газ тартылмай отырғанын алға тартып, осыған көмектесуді сұрады. Тұрғын Жадыра Кемелбекова көшеде 14-15 үй бар болса, тағы да соққан үйлеріне кіргелі жатқан бірнеше отбасы барын айтып қалды. Бурыл ауылында қабылдауға келгендердің қарасы көп болды. Онда алдымен ауылдағы Байзақ датқа көшесі тұрғындарының сұранысы бірден назар аудартты. – Біздің көшеміздің ұзындығы 2 шақырымға жуық. Асфальт жоқ. Көше жарығы да жартылай жанады. Атауы да ілінбеген. Соның кесірінен түнемеге шақырылған жедел жәрдем көлігі үйімізді таппай жүріп алады. Ауыз су мәселесі де өз дәрежесінде дей алмаймыз. Ертең балаларымыз мектепке қалай барады? Бізде интернет те өз дәрежесінде істемейді. Міне осындай мәселелерімізді айтып, соған көмектесуді сұрап келдік, – дейді аталған көшенің тұрғыны Ләззат Өмірәлиева. Ләззаттың сөзін осы көшенің тұрғындары Кенже Шайхисланова мен Гүлнұр Парманқұлова да қостап отыр. Ал Құмжота ауылының тұрғындары Арман Тілеуімбетов пен Ерғазы Сырымбетов көшені жөндеу, Даңғыл ата көшесінен Киров базарына қарай Өтеміс өзеніне көпір салу мәселесін көтерді. Бурыл ауылының тұрғындары Айгүл Кенышова, Ерғали Есенбеков көшелерді асфальттау, электр жарығы подстанциясын ауыстыру қажеттігін айтты. – Күз болса мал ұрлығы көбейеді. Ауылдағы ең үлкен Қонаев көшесінде 4 бейнебақылау камерасы бар, бұл жақсы. Енді осы көшенің Көктал ауылына шыға берісіне тағы бір камера қойылса, сондай-ақ, осы күре жолға жылдамдықты азайтатын кедергі орнатылса дұрыс болар еді. Тағы бір айтарым ауылдағы ауыз су құбырын жүргізу өз дәрежесінде орындалмады. Құбырлар дұрыс жалғанбағандықтан су қосылса көбі далаға кетіп жатады. Су құдықтары (кольцо) суға толып кетеді, ал олардың қақпақтары түгел емес. Ертеңгі күні оған бала-шаға түсіп кетсе кім жауап береді? Осы мәселелер өз шешімін тапса, – деді Бурыл ауылының тұрғыны Асан Рапишев. Осындай қабылдау Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде жалғасты. Бұл ауылда да көмек сұрауға келген азаматтар аз болған жоқ. Бұл жерде де жоғарыда аталған екі ауылдағыдай халықтың сұранысы мұқият тыңдалды. Тіпті оның кейбіріне мекеме, бөлім басшылары, заңгерді қатыстыра отырып бірден жауап та беріліп жатты. Шешілуі қиын мәселелерді зерделей келе тиісті орындар арқылы заң аясында шешім қабылданатыны айтылды. Ең бастысы – ауыл халқы тарапынан көтерілген мәселелердің ешқайсысы да назардан тыс қалмайтыны ескертілді.  

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар