Жамбылда не жаңалық?
Ирригация жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қайта қарқын алмақ
- author «Ақ жол»
- 8 тамыз, 2022
- 462
Ирригация жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қайта қарқын алмақ
Жамбыл жері әуелден табиғатын былай қойғанда, ауылшаруашылық саласы өркен жайған қуатты өңір саналды. Кеңес заманындағы шаруалардың ерлігі ел арасында әлі күнге аңыз болып айтылуы бекер емес. Ал бүгінде көрші елдің су беру саясатына қарап отырған аймақта ирригация жүйелерін реттеп, судың әр текшеметрін тиімді пайдалану маңызды болып қала бермек. Осы жайды басшылыққа алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жыл басынан вегетациялық маусымға дайындықты күшейтіп, сушыларға нақты тапсырмалар жүктеген-ді. Сәйкесінше, нақ қазір жоспарлы жұмыстардың өз деңгейінде іске асқаны байқалады. Әрине, биыл шаруаларға ауа райы да қарайласып, көктемде жауын-шашын жақсы түскен. Бірақ табиғаттан сый күтпей, суды тиімді пайдаланудың тетіктерін қарастыру әлі де өзекті. Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында халықаралық даму банктері арқылы құрылысы жүргізілетін каналдардың жайы айтылды. Жиында аймақ басшысы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша біршама тапсырма қолға алынғанын айтып, жауаптылардан сол толайым тірліктердің орындалу барысы туралы сұрады. Осы тұста «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндады.
– Қазір алқапқа су беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы жүзеге асуда. Халықаралық даму банктері арқылы бүгінде 6 мердігер жұмыс істеуде. Аудандардағы каналдар, ұңғымалар мен лотоктар, арналар жөнделуде. Бүгінде 2 су қоймасын күрделі жөндеу бойынша бюджетке өтінім бердік. ПУИД-2 бағдарламасы бойынша үш ауданда жұмыс жүргізіліп жатыр. Шу ауданында сапалы жұмыс атқарылуда. Қордайдағы шаруалар да аяқталды. «Ынталы» су қоймасын жаңарту жұмыстары басталды. Аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруа судың көлемін ұлғайтуға септігін тигізуде, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы.
– Вегетациялық кезеңде шаруаларға су жетіп, жұмыстар жақсы іске асты. Біз одан кейін халықаралық даму банктері арқылы атқарылатын шаруаларға кірісу туралы бұған дейін де айтқанбыз. Енді негізгі 183 каналдағы жұмыстарды барынша ертерек бастағанымыз дұрыс. Сондай-ақ Меркі ауданында ұңғымалар қазылғанын білеміз. Осы жүйені басқа аудандарға да барынша енгізу қажет, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы аясында жалпы өңірдегі 305 каналдың нақ қазір 183-і жобаға енсе нұр үстіне нұр болмақ. Себебі, соның есебінен облыстың 5 ауданында жалпы ұзындығы 1 240 шақырымды құрайтын суару жүйелері қалпына келтіріледі. 31,3 мың гектар суармалы жерлердің сумен қамтамасыз ету деңгейі артады және бұрын істен шыққан 32 мың гектар суармалы жерлер қайта айналымға енгізіледі деп күтілуде. Су шығыны 2 есе азайып, облыстағы шаруалардың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс сапасы жақсарады дегенге үміт мол. Себебі осы жоба толықтай орындалса, 6300-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі 2 есе ұлғайып, алынатын өнім көлемі жыл сайын 25,3 миллиард теңгеге артпақ.
Басқосуда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров шаруаның барлығы қаржыға келіп тірелетінін айтып, жобаны үйлесімді, сапалы ұйымдастыруға көңіл бөлу маңызды екенін еске салды. Бір сөзбен айтқанда, жұмысты кезең-кезеңімен іске асыру туралы ұсыныс тастады. Аймақ басшысы суды тиімді пайдалану мәселесі бойынша барлық аудандардың қамтылуы қажет екенін айтып, осыған орай облыстық бюджеттен қаржы қарауды ұсынды.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді