Алайда түз тағысынан қорғанбаса болмайды
«Қыс шанаңды жаз сайла, қыстың қамын жаз ойла» дейді халық. Ондағысы қылышын сүйретіп келетін қыс қаһарына күні бұрын дайындық жаса дегенді аңғартса керек. Міне, қазан айында қар жауып, мал баққан қауымды ойландырып тастады: «Осы малшылар қыс мезгіліне дайын ба? Жемшөбі жеткілікті ме? Отын-суы дайын ба? Дәрі-дәрмегі бар ма?..».
Осы ой басшыларды да толғандырса керек. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оспан Бердияров бастаған құрамында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов, аудандық «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік мекемесінің басшысы Мейірхан Жаманқұлов және «Пионер» ӨК төрағасы Алпысбай Жұмаханов бар топ, Мойынқұм өңірінде болып қайтты. Қазанның басында Көделі көктеуінен Мойынқұмдағы қыстауларына көшіп келген малшылардың көңіл-күйлері көтеріңкі екен. Малы қоңды. Өлім-жітім жоқ. Шеті мен шегі жоқтай көрінген бұйра құмды өңірдің әр асуынан асқан сайын шопан үйіне кезігесің. – Мұнда аудандағы 10 ауылдық округтің малшылары 67 қыстауды мекен етіп отыр. Түн мезгілінде биік асуға шығып, төңірекке көз тастасаңыз, жарқырай жанған жарықты көріп, құм ішіне қала орныққан ба деуіңіз кәдік, – дейді Бақыт Алпысбайұлы. Оның сөзінің растығына көп ұзамай көзіміз жетті. Жиектегі «Мейіржан» шаруа қожалығының тайланып жиналған шөбін, жылы қорасын, қоңды малын көріп риза болдық. «Пионер» өндірістік кооперативі шопандарының қыстауында әр шопанның қорасының маңында маяланып жиналған шөп, берік қора-қопсы. Қажетті дәрі-дәрмек бар. Малдары сырғаланған. Дер кезінде дәрі егілген. Біз барған күні мұнда ауданның 14 мал дәрігері оспа ауруына қарсы ем жасауда екен. «Юнчи» өндірістік кооперативі мен «Шоқаев» шаруа қожалығында да жағдай жақсы. – Малымызға осы құм ішінен 60 тоннаға жуық шөп дайындалып, қыстау басына жеткізіліп берілді. Мол жемшөпсіз малды қыстан шығару қиын. Оның беті аулақ, егер қыс қысып берсе жемшөпке сүйенеміз. Шаруашылық басшысы Алпысбай Жұмаханов әркез осында. Дәрі-дәрмегіміз, отын-суымыз, азық-түлігіміз, не керек бәрі бар. Тіпті, моншамыз да. Құм өңірінде қыстайтын малшыларға түз тағысынан қорғану үшін мылтық керек. Мылтық кейбірімізде ғана бар. Әнебір жылдары «мылтықтарыңыздың құжаты жоқ» деп полиция инспекторлары жинап әкеткен болатын. Қу таяқпен аш қасқырды қалай қорқытпақпыз. Күн суытқалы бөрілер өрісті торып жүр. Сол үшін де, тиісті орындардан шара қолданылып, арнайы аңшылар тобы түз тағысын аулауға шықса, – деп уәжін айтқан пионерлік аға шопан Серік Есімбаевтың сөзін өзге шопандар да қоштады. Орынды уәж. Бұл малшылардың басшыларға жасаған құлаққағысы әрі өтініші.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді