«Барысхандықтардың» базынасы

«Барысхандықтардың» базынасы
ашық дереккөз
«Барысхандықтардың» базынасы
Тараз қаласындағы мыңға жуық үйі бар «Барысхан» алқабының тұрғындары бір аптадан бері ауыз сусыз отыр. Бұл бірінші рет емес. Су келген соңғы төрт жылда көрмегендері қалмапты. Су бір күн болса, үш күн болмайды. Бір апта болса, екі апта тоқтайды. Не керек, жұртшылықтың мынадай ми қайнатар ыстықта тіршілік нәрінен тарықтырған мердігерлерді «атарға оғы жоқ». Мәселенің мәніне үңілсек, бұл алқапқа су тарту ісін ең алғаш 2018 жылы «Сұңқар – 2002» ЖШС мойнына алады. Алайда «Жұмысты аяқтадық» деген мердігер компания көптеген шикіліктер жіберген. Неге екені белгісіз, бұл жұмысты сол кездегі жергілікті атқарушы билік дұрыс деп қабылдапты. Ал шындығында жобалау сметасында көрсетілуі тиіс 747 үйдің тек 402-сі ғана тізімде бар болып шыққан. Одан кейін жұмысқа жауапты «Құрылыс Инвест» ЖШС-де 345 үйге ауыз су құбырын тартпай кетеді. Араға жыл салып төбе көрсеткен мердігер «Қаз Құрылыс Сервис» ЖШС-де тағы 105 үйді назарынан тыс қалдырады. «Міне айналдырған 747 үйді бір сумен қамтамасыз ету мәселесі бақандай 4 жылға созылды. Ал оған бөлінген қаржының есебінде шек жоқ. Сонда олар желге ұшты ма? Мердігер өтірік, сапасыз жұмыс істеді дейік. Бірақ оны қабылдап алушы мемлекеттік орган, билік қой. Неге қара халықты қинап мұндай мәселелерге «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен қарайды? Біз осыны білгіміз келеді. Жауапсыз мердігерлерді енді ешқандай тендерге қатыса алмайтындай қылу керек», дейді қала тұрғыны Құралай Самиева. Қала әкімдігінің мәліметінше, дәл осы алқапқа су құбырларын тарту мәселесін шешуге 250 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бюджеттен бөлінген ақшаның да сұрауы бар. Тұрғындар мұны бұған жауапты мамандардың жұмыстарына салғырт қарауынан туындаған мәселе дейді. Қала билігін қолдан қуаңшылық жасап отыр деп айыптайды. Әкімі жиі ауысатын қаламызға жаңадан басшы келіп, жағдайға қаныққанша тағы жыл өтеді деп күйінеді. «Біз оған сенбейміз. Әкімдіктің айналасындағылар ауыз су құбырын ақша жасаудың амалына айналдырып алған. Келеді де «ертегілерін» айтып кетеді. Шаршадық. Жер құдығының суын не іше алмаймыз, не дұрыстап кірімізді жуа алмаймыз. Жолымыз және жоқ. Алдымен су құбырларын жөндеп алмасақ, жолды салу бос әурешілік дейді. Ол дұрыс та шығар. Сонда бұл мәселеге қашан нүкте қойылады? Не дұрыс су жоқ, не жол жоқ, не қоқыстарымызды алып кетпейді. Біз өзі қалада өмір сүріп жатырмыз ба?» деген тұрғын Тұрсынгүл Қасымова қалада тұрып даланың кебін киген көршілерін де, өзін де қатты аяйтынын айтып мұңын шақты. Ал «Барысхан» алқабына тек қаладан жалғыз ғана 29-шы автобус қатынайды. Оның өзі көктемде жауған қатты жаңбырдан соң көшеге кірмей қойған. Өйткені жолдың бәрі ойдым-ойдым, шұқыр тесік болыпты. «Үлкен кісілеріміз ауыздарының ораза болғанына қарамады. Балаларымыз ауыр-ауыр сөмкелерін арқалап жаяу жүрді. Шыдадық. Қала әкімдігінің пәрмені бір ғана автопарктің басшысына жүрмеді. Сөйтіп бізді осылай біраз қинады. Неге бұл аймаққа қарай бір ғана автобус жүреді? Неге 2-3 автобус бағыты келетіндей етпейді? Онда қаланың тізімінен алып тастап, Байзақ ауданына ма, басқа ауданға ма қосып қойсын», дейді көпбалалы ана Мадина Абсат. Тұрғындардың бұл талаптарына жауап берген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев: «Қазір бұл мәселелерді жақсылап зерттейміз. Балалар сабаққа барғанша мұның шешімін нақтылап айтамыз», - деді P.S: Қазір күнтізбе беті XXI ғасырды көрсетіп тұр. Өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз дейміз өзеуреп. Бірақ әлі таза су мен тегіс жолдың жоқтығын жарыса жазып отырмыз...

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар