Қоладан құйылған Қонаев

69

ТАРАЗДА ТҰЛҒА ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

Небір нәубетті, астаң-кестең замандарды бастан кешкен еліміздің тағдырлы тарихында ақтық демі қалғанша Алашқа қалтқысыз қызмет еткен, перзенттік парыз-парасатын адал ісімен абыройлы дәлелдеп кеткен таутұлғалар аз емес. Солардың бірегейі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Қадірі Қаратаудай, абыройы Алатаудай асқақ қайраткердің ғибратты ғұмыры, өсиетпен өрнектелген өмірі қашанда өміршең ұлт пен өскелең ұрпаққа өшпес өнеге болып қала бермек. Мерейтойға орай Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі алдында елі сүйген ерінің еңселі ескерткіші жаңадан бой көтерді.

 Айта-айта таусылмайтын қыруар ісінің арқасында Қонаевтың қазақ халқына сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Қайта уақыт өткен сайын еселене түсуде. Қаранар қайраткердің өзі айтпақшы, «мал бағып, қауға тартқан» әулиеаталық ел-жұрты ғасырынан асып туған перзентінің 110 жылдығына орай тұғырлы ескерткішін орнатты.

– Ұлт перзентіне еңселі ескерткіш орнату осы уақытқа дейін талай мәрте айтылып, қоғамның сұранысынан туындаған облыстың зиялы қауым өкілдері мен қор бөлімшесінің бастамасы еді. Тиісті құжаттарды рәсімдеп, Үкіметтен рұқсат алғаннан кейін «Егемен Қазақстан» газетіне байқау шарттары жарияланды. Еліміздің барлық өңірінен мүсіншілер қатысты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент және Жамбылдан 23 мүсін үлгісі қатысып, 17 адамнан құралған комиссия құрамы №00103 белгісі бар осы мүсінді жеңімпаз деп тапты. Оның авторлары алматылық жас шеберлер. Осылайша игілігі мол жауапты істі алматылық жігіттерге сеніп тапсырдық. Мүсін таза қоладан құйылды, астындағы тұғыр тасы мүсіншілердің ұсынысымен Құлжа ауданынан шығатын гранит тастан жасалды. Ерекше атап өтетін жайт, бұл ескерткіш – халықтық құрылыс болып саналады. Себебі оның құрылысына облыстағы әрбір тұрғын өзінің шама-шарқына қарай қаржы құйды. 3 мың теңгеден бастап, бір өзі 7 миллион теңгеге дейін қорға қаражат құйған кісілеріміз бар. Негізгі демеушіміз – «Altais Group» құрылыс компаниясының президенті Әлімбек Жұмабаев. Осы игі іске расымен бір үйдің баласындай белсенді атсалысқан облысымыздың барлық тұрғындарына алғыс айтамын. Дайын болғаннан кейін Алматыдан арнайы үш жүк көлігімен ескерткіш жеткізілді.

Қазір тек абаттандыру жұмыстары қалып отыр. Бұл жұмыстарға Тараз қалалық мәслихатының қолдауымен қосымша 34 миллион теңге бөлінді. Мүсіннің айналасын көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарын толығымен аяқтауды тамыз айының бесіне жоспарлап отырмыз. 12 тамызда мерейтойға арналған жұмыстар толығымен аяқталады. Мәселен, халықаралық қордың облыстық бөлімшесі бастамашы болып 3,5 миллион теңгеге арнайы кітап шығардық. Алматыдағы қордың көмегімен мерейтойда Қонаев атындағы орден, медальдарды тапсырамыз. Кітаптың тұсаукесері де сол мерекелік шара барысында кесіледі. Салтанатты шараның нақты күнін облыс әкімдігі бекітеді. Ал осы жерде тұрған қайраткердің бұрынғы ескерткіш-бюстін Талас ауданының әкімдігі сұрады.

Таяуда Қаратау қаласында Қонаев атындағы үлкен мұражай ашылды. Сол мұражайдың алдына қоямыз дегендіктен сол кісілерге жібердік, – дейді Д.А.Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры Қибат Асқарбеков.

Қала сәулетін арттырып қана қоймай, ел тарихындағы рухы биік қайраткердің азаматтық қырын айшықтап, таутұлғаны өскелең ұрпақпен қайта қауыштырған мүсіннің авторлары да Қонаевтың өнегесіне қанығып өскен жастар.

– Жұмыспен бес азамат айналыстық. Барлығымыз Т.Жүргенов атындағы академияның түлектеріміз. Арамызда ү ш скульптор және екі дизайнер бар. Жеті жылдан бері мүсін жасаумен айналысып келеміз. Алматы қаласында ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мүсін қойдық, Ыбырай Алтынсарин мен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштерін де сол Алматы қаласына орнаттық. Нұр-Сұлтанда әл-Фарабидің ескерткішін, Шымкентте «Болашаққа көзқарас» деген ескерткіш жасадық. Сол секілді Қазақстанның бірнеше қалаларында біздің авторлық мүсіндеріміз бар. Қонаев атамыздың ескерткіші бойынша байқауға үш эскиз ұсынған болатынбыз. Олар әртүрлі киіммен, әртүрлі іс- қимылда жасалды. Соның ішінде Қонаев атамыздың түрегеліп тұрған осы мүсіні үздік деп танылды. Ескерткішті толығымен аяқтап шығуға бір жыл уақыт жұмсадық. Жұмысты былтыр осы кезде бастадық. Алдымен эскизді құрастырып шығамыз. Одан кейін тиісті материалмен оригиналын жасаймыз. Біздің негізгі алға қойған мақсатымыз – еліміздегі ескерткіштердің деңгейін көтеру, көркейту. Сол үшін еңбек етеміз. Дінмұхамед Ахметұлы елімізге еңбегі сіңген, қалалар салған, аумалы-төкпелі, қиын-қыстау заманда еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын айтарлықтай жақсартқан үлкен тұлға. Ол кісінің артынан ешқашан жаман сөз ерген емес, жақсы сөз, өнегелі өсиет мұра болып қалды. Сондықтан еліміздің тарихындағы осындай тұлғаларды бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа көркемдеп жеткізу, мүсіндерін шынайы сомдау, сол арқылы болашаққа насихаттау біздің азаматтық борышымыз десек артық айтқандық болмас, – дейді мүсінші Дулат Үсенбаев.

Айта кету керек, мүсін қоладан құйылған, биіктігі – төрт метр. Халықтық құрылыстың құны – 49 миллион теңге. Астындағы тұғыры қоңыр қызыл гранит тасынан тұрғызылды. Тұғырдың биіктігі төрт метр, оның құны – 25 миллион теңге.

– Ескерткішті жасау барысында Дінмұхамед Қонаев атамыздың архивтегі видеоларын, суреттерін жіті зерделеп, көз көрген азаматтардың пікірлерін, мінездемелерін ескеріп, қайраткердің атындағы қорларда сақталған құнды жазбаларын ой елегінен өткіздік. Өз арамызда творчестволық талқыға салдық. Барлық образын ашуға тырыстық. Өте салмақты, сауатты, өресі биік, сан қырлы тұлға болғандықтан барымызды салдық. Комиссия мүшелері, көзкөрген азаматтар, Қонаев қорының басшылары келіп, соңына дейін жұмысымызды қадағалап, оң бағасын берді. Туындымыз көпшіліктің көңілінен шықты. Мен өзім мүсіншімін. Шығармашылық жұмыс барысында бесеуміздің де өз міндеттеріміз бар. Барлығымыздың ойымыз бір жерде тоғысып, мүсінді абыроймен жасап шықтық. Тұғыртасына қондырдық. Атамыздың рухы разы болсын, – дейді мүсінші Қанат Бегулиев.

Қалай десек те, Дінмұхамед Ахметұлының ұлт болашағы үшін жасалған ұшан-теңіз еңбегі ешқашан ел есінен кетпес, жұрт жадынан жоғалмас ерлік. Сондықтан қаранар қайраткер қандай құрметке де лайық. Себебі ғұмыры ғибрат, өмірі өнеге болған өр тұлғаның әрбір ісі, ел шежіресіндегі Қонаевтың жолы – ұмытылмайтын ұлы шындық!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.