Басты міндет – халықтың өмір сүру сапасын арттыру

74

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев өңірімізге арнайы іссапармен келіп, бірқатар жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Сапар барысында Еркебұлан Әбілханұлы аудандарды аралап, Тараз қаласы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады. Сондай-ақ аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен бірге құрылыс, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық салаларының мәселелерін шешу жолдары талқыланған жиынға қатысты.

 – Бүгін Еркебұлан Әбілханұлы, сондай- ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқа да жауапты қызметкерлері өңірдегі құрылыс жағдайымен жеке танысып, бірқатар нысандарды аралады. Тұрғын үй құрылысы мәселелерін ашық форматта шешетініміз қуантады. Екі аптадан кейін министрлікте бірлескен жұмысты жалғастырамыз, пилоттық жобаны іске қосу мәселесі талқыланады. Біз бірлесе жұмыс істеу арқылы бұл салада туындаған мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеміз деп ойлаймын, – деп атап өтті Н.Нұржігітов.

Іссапар аясында вице-министр алдымен Жамбыл ауданы, Көлқайнар округіне қарасты Қостөбе ауылының маңында орналасқан сүзу алаңдарына атбасын бұрды.

Мұнда көне шаһардың шайынды-кәріз сулары жиналады. Алайда аталған гидротехникалық нысанның қуаты облыс орталығының барлық қалдық суларын қамту үшін жеткіліксіз. Оның үстіне, қолқаны қабатын жағымсыз иіс қостөбелік жұртшылықтың наразылығын тудырып отыр. Ал мамандардың сөзінше, мұндағы сүзу алаңдары тағы тоғыз жыл қызмет етуге қауқарлы. Сүзгі алқабының көлемі шамамен 200 гектарды құрайды. Бұған қосымша, қазіргі таңда тағы да арнайы шұңқырлар қазылу үстінде. Десе де, сүзгілеу алаңдарына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Жалпы, жоба бойынша кәріз қалдықтарын сүзу алаңы тәулігіне 43,1 мың текшеметр шайынды-кәріздік суды төгуге есептелген. Ал іс жүзінде мұнда тәулігіне 68-70 мың текшеметр шайынды-кәріздік су келеді. Мұнда жылына 24-25 миллион текшеметр қалдық су төгіледі. Демек, бұл жобалық қуаттылықтан бір жарым есе артық. Тараз қаласының сарқынды суларын биологиялық тазарту жүйесін салу қажеттілігі жөнінде мәселе бұған дейін де көтерілген. Тіпті жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Алайда жобаны іске асыруға қаражат бөлінген жоқ. Эколог мамандардың айтуынша, тек осылай ғана Жамбыл ауданының табиғи ахуалына түскен жүктемені азайтуға мүмкіндік тумақ.

Өз кезегінде бар жағдайға қаныққан Еркебұлан Дауылбаев мәселені шешу үшін қол ұшын созатынын жеткізді. Ол жауапты тұлғаларға жобаны заманауи талаптарды ескере отырып түзетуді және оған техникалық-экономикалық негіздеме дайындауды ұсынды.

– Тез арада жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаңыздар. Тиісінше, біздің тарапымыздан көмек көрсетілетін болады. Қажетті қаражат та қарастырылады. Құжаттардың барлығы дерлік заң аясында реттелген соң, 2024 жылы құрылысын бастауды жоспарлау қажет, – деді Е.Дауылбаев.

Бұдан кейін, вице-министр Тараз қаласының 14 және 15 ықшамаудандарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Шаһар басшысының орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, 14 ықшамауданның жалпы аумағы 100 гектарды құрайды және мұнда 13,7 мың адам тұрады.

– Бұл ықшам ауданда 65 көпқабатты, оның ішінде: жалпы ауданы 345 мың шаршыметрді құрайтын тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ мұнда екі орта мектеп, бес балабақша, онкологиялық және көпсалалық аурухана, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығы болады, – деген Н.Қалдыбаев аталған ауданда тұрғындар үшін демалыс орындары қарастырылғанын және олардың спортпен шұғылдануы үшін барынша жағдайлар жасалатынын атап өтті.

Ал 15-ықшамауданда бүгінгі таңда 967 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ мұнда жобаға сәйкес төрт орта мектеп, бес балабақша және екі медициналық орталық қарастырылған. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, пилоттық жобаға қатысу үшін үш нысан таңдалған.

Бұлар Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының «Арай» шағынауданында 300 орындық орта мектеп, Тараз қаласы Сүлейменов көшесіндегі 60 пәтерлі тұрғын үй және Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы бір ауысымда 40 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория. Жобаны іске асыру барысында рұқсат беру рәсімдерін қысқартуға ғана емес, сондай-ақ объектілердің жобалық құнын төмендетуге де қол жеткізілген. Пилоттық жобаның идеясын қолдаған вице-министр егер жоба нәтижелері оң болса, онда бұл тәжірибе республикалық ауқымда таралуы мүмкін екенін атап өтті. Е.Дауылбаев сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру қажеттігін ескертіп, мердігерлермен пікірлесті.

ИИДМ вице-министрінің сапары бұдан әрі Байзақ ауданында жалғасын тапты. Ол Сарыкемер ауылындағы бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхананың құрылысымен танысты. Нысанның құрылысын «Таразстрой-2004» ЖШС жүргізуде. Биылғы сәуір айында басталған жұмыстарды келер жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда мұндағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілу үстінде. Құрылысшылар жуық арада ғимараттың ішін әрлеуге кіріспек ниетте.

Еркебұлан Әбілханұлы сапар соңында Тараз қаласының «Талас» ықшамауданындағы №29 үйдің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде вице-министрге «Талас-29» меншік иелері бірлестігінің төрайымы Наталья Алферова тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге қатысты сұрақтарымен жүгінді. Ол өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін мұндағы пәтерлер айтарлықтай жылынып қалғанын айтты.

Өз кезегінде Еркебұлан Дауылбаев кері байланысты арттыру мақсатында министрлік тарапынан Telegram және WhatsApp әлеуметтік желілерінде арнайы чат ашылғанын жеткізіп, осылайша қарапайым халықтың мәселесін жылдам шешуге мүмкіндік бар екеніне тоқталды.

Сонымен қатар вице-министр осы күні азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

 

Comments are closed.