«Ана тілі» – руханият жанашыры

«Ана тілі» –  руханият жанашыры
ашық дереккөз
«Ана тілі» – руханият жанашыры

Ұлт басылымы «Ана тілі» газетінің бағыт-бағдарымен көзі қарақты оқырман жақсы таныс. Ең басты мақсат – қазақ тілінің мән-маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, оның ел өмірінде қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу. Тілге қатысты мақалалар газет бетінде «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры», «Тілі мықтының – елі мықты», «Тілге көзқарас – елге көзқарас», «Тілбұзарға – тосқауыл» секілді айдарлармен үзбей жарық көріп келеді. Осы айдарлармен берілген материалдарда тілімізді тұғырлы етудегі атқарылған істермен қатар орын алып отырған кемшіліктер, көңіл бөлер жайттар өзек болады. Ұмыт болған көне сөздерді, қолданысқа енген жаңа сөздерді танып-білуде ай сайын берілетін «Сөзтаным» арнаулы бетінің де орны ерекше. Газет жұмысына өзгеріс, жаңалық тән болуы тиіс. Бүгінгі оқырман осыны қалайды. Соңғы уақытта басылым бетінде жаңа айдарлар пайда болды. Олар: «Мұражай: жадының жаңғыруы», «Аймақ театры», «Сахара шаһарлары», «Безбен», «Сандықта сақталған сурет», «Төрт түлік атаулары» және басқалар. Бұл айдарлармен жарық көріп жатқан дүниелерде ұлт тарихының тылсым сырлары, әдеби шығармалардың қазіргі деңгейі, жергілікті театрлардың тыныс-тіршілігі, қазақы атаулардың жай-күйі қамтылып жүр. «Ана тілінің» ұлт басылымы екендігін сөзіміздің басында айттық. Газетте жарияланған мақалалар арқылы жер-жерде атқарылып жатқан жарқын істермен, өнегелі адамдардың өмірімен кеңірек танысуға болады. Қазақтың қасиетті жерлерінің бірі – Жамбыл өңірі. Биыл газетіміздегі «Ұлы дала атаулары» айдары бойынша «Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығын» негізге ала отырып, қалың оқырман қауымды Жамбыл облысының жер-су атауларымен таныстырдық. Жамбыл облысының Сарысу ауданына газет тілшісі арнайы іссапармен барып қайтты. Ауданның тыныс-тіршілігі жайлы «Ана тілі» газетінің №22 нөмірінде (5-11 маусым) «Саялы Сарысу» тақырыбымен мақала жарияланды. Сонымен қатар, бұл өңірдегі жаңалықтар, сан қырлы талант иелерінің шығармашылық жетістіктері газет назарынан тыс қалған емес. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 168 жыл толуына байланысты бірқатар мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымның төрағасы Кәдірхан Баққараевтың «Төл әріптерімізді дұрыс қолданайық», Тараз қаласындағы №1 гимназия аудармашысы Ләззат Құрманбаеваның «Аудармаға абай болайық» деген және басқа да мақалалар оқырмандар тарапынан жылы қабылданды. Жамбыл облысының рухани өмірі, ардақты азаматтары жайлы мақалалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Реті келіп тұрғанда редакциямен жиі хабарласып, алыс өңірден хат жолдап отыратын белсенді авторларымыздың да аты-жөндерін атай кетейік. Олар: Мақұлбек Рысдәулетов, Рамиз Азизов, Мөлдір Ахметова, Дариға Үмбетиярова, Нұргүл Қабдырейм және басқалар. Өңірдің адамдары, олардың игілікті істері туралы хат жолдап отыратын авторларымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі уақытта «Қазпошта» бойынша «Ана тілі» газетіне 2015 жылға жазылу жүріп жатыр. Атап айтсақ, жеке жазылушылар үшін: индекс 65367, қалалықтар – 2960 теңге 40 тиынға, ал аудан мен ауылдағы оқырмандар – 3113 теңге 28 тиынға жазыла алады. Кәсіпорын мен мекеме үшін: индекс 15367, қалалықтар – 5490 теңгеге, аудан мен ауылда тұратындар – 5642 теңге 88 тиынға жазыла алады. Ұлттық мүддеге, туған тіліміздің тұғыры биіктей түсуіне қызмет етіп келе жатқан «Ана тілінің» оқырмандары келесі жылы Жамбыл өңірінде көбірек болады деген сенім бар.

Самат ИБРАИМ, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы.

Ұқсас жаңалықтар