Қой еті – 900 теңгеден сатылды!

Қой еті – 900 теңгеден сатылды!
ашық дереккөз
Қой еті – 900 теңгеден сатылды!

Тараз қаласы «Достық» алаңында өткен жәрмеңкеде 35 миллион теңгенің өнімі өткерілді

Өткен сенбіде облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп, тауарлардың сапасы мен бағаларын көрді. Жәрмеңке облыс тұрғындарына азық-түлік тауарларын ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерден делдалсыз тікелей, төмендетілген бағамен сатып алуларына мүмкіндік береді. 

Бұл жолы көпшілікке Жамбыл, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандары және Тараз қаласы мен Тараз сауда-саттық компаниясы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылды. Олардың өнімдері шамамен 159,7 тоннадан астам болды. Атап айтсақ, 12 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой, шошқа, құс еті), 5 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 118,7 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері және басқа ауыл шаруашылық тауарлары өткерілді. Жалпы, ұсынылған тауарлардың құны 35 миллион теңге болды. Сүттің литрі – 120 теңгеден, айран да осы бағамен сатылды. Ірімшік – 1000, қаймақ – 750, сары май – 1100 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, ет өнімдері де бұл жолы молырақ әкелініпті. Сиыр еті – 1000 теңгеге өткізілсе, жылқы етіне 1150 теңге белгіленіпті, ал, қой еті – 900 теңгеден айналды. Тұрғындар әсіресе, картопқа ұзын-сонар кезекке тұрумен болды. Себебі, жалғыз-ақ жерде сатылған картоптың килограмы – 60 теңге. Сондықтан, базарда 80-90 теңгеге бағаланған бұл тауар қап-қабымен сатылып кетті. Облыс тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау мақсатында өткізіліп жатқан жәрмеңке келесі аптада да жалғасын табатын болады.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар