Таңдаулы тауарлардың өңірлік көрмесінде үздіктер марапатталды

398

Жамбыл жері сонау кеңес өкіметі тұсында жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы өркен жайған қуатты өңір саналатын. Кейін ел егемендігін алып, еңсе тіктеген тұстан бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерге зор сенім артқанымыз әмбеге аян. Қуантарлығы, облыста іс бастап, кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкерлердің қатары жылдан жылға артуда. Бұл дегеніңіз, өңірде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді деген сөз. Кәсіп ашамын дегендерге Үкімет те қарайласып, қажетінше қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткеніміз ләзім. Осы ретте облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме байқауының мақсаты – өз ісін үйлесімді жүргізіп, салада тұяқ серіппей еңбек етіп жүрген үздік кәсіпкерлерді анықтау болғаны рас. Бұл күні «Көне- Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 82 тауар өндіруші өз экспозицияларын ұсынды.

Олардың қатарында ірі компаниялармен қоса шағын және орта бизнес өкілдері де болды. Өңірде осымен сегізінші рет ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, кәсіпкерлерге табыс тіледі.

– Кәсіпкерлік – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Бүгінде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлердің өнім үлесін айтарлықтай арттырғаны байқалады. Жалпы, облыста 76 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Онда 124 мың адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілері 4 900 бірлікке артып, 76 мыңға жетті. Бұл Мемлекет басшысының қолдауы және сіздердің белсенді шаруаларыңыздың нәтижесі екені белгілі. Кәсіпкерлерге тек шикізат немесе тауар шығарып қана қоймай, оны өңдеу мәселесіне бет бұру аса маңызды. Биыл 2022 жылдың 6 айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 миллиард теңге грант бөлінді. Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жетілдіру әрі тиімділігін арттыру мақсатында облыста 3 арнайы алаң іске қосылған. Атап айтқанда, «Бизнеске арналған үкіметтегі» апта сайынғы инвесторларды қолдау, кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура жанындағы Сараптамалық кеңестердің жұмысы осыған бағытталған, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Өңір басшысы бастап, қала тұрғындары отандық өнімдер қаз-қатар тізілген көрмені аралады. Жиылғандар нарыққа жаңадан енген әрі сұраныс жоғары өнім өндіруді қолға алған кәсіпкерлердің еңбегіне тәнті болды. Шынтуайтында, байқауға іріктелген 82 отандық тауар өндірушілердің қай-қайсысы да бәсекеге қабілетті. Қала берді көрмеге алғаш қатысып отырған 30-дан астам кәсіпкер де тауардың бағасы мен сапасына барынша көңіл бөлгені байқалды. Содан болар көрмені тамашалауға келген тұрғындар отандық өндірушілердің тауарына сүйсініп, сатып алып жатты.

Байқауға тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастық және салалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия төрелік етті. Олар үш номинация бойынша үздіктерді анықтады. Қазылар алқасы кәсіпкер өнімдерінің сапасы мен сұранысына баса назар аударған. Сонымен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында үздік атанған «G Universal», «Novacom technology» серіктестігі мен жеке кәсіпкер «Алатау групп» иелерін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов марапаттап, арнайы сыйлықтар тарту етті. Сол секілді «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясы бойынша «Паритет 2014», «Izgi is Qordai» серіктестігі және жеке кәсіпкер «Повстянко» озық шықты. Оларды «Әулиеата Феникс» құс фабрикасының бас директоры Фарида Жүнісова марапаттады.

Бұдан өзге «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында кәсіпкер «Eco-chicken» және «ТПК Берсанукаев», «Мерке-ет комбинаты» серіктестігі үздіктер көшін бастады. Байқауда ісін енді бастаған «Муравенко», «Абзик Моторс», «Хожагаевич» серіктестігінің басшылары да марапаттан құр қалмады. Оларға облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Еркін Атымтаев Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстап, өңірдегі кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қорыта айтсақ, енді байқауда үздіктердің ішінен қара үзіп шыққан 9 жеңімпаз жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауында өңір намысын қорғайтын болады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.